Қоғам • 27 Қараша, 2019

Қайткенде жол қауіпсіздігі жақсарады?

610 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көшелерге «Сергек» бейне-тіркеу камералары ілінгелі бері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің заңды сақтауға деген сер­гектіктері оянғаны рас. Өйткені әрбір ереже бұзу реті қалтадағы қаржыға тіреледі емес пе. Бірақ «Сергек» бейне-тіркеу камераларын жаппай қолданысқа енгізудегі басты мақ­сат ақша ғана жинау емес еді.

Қайткенде жол қауіпсіздігі жақсарады?

Мұндағы басты мақсат – жол жүрісі тәртібін нығайту болатын. Сөйтіп жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережесіне деген мәдениетін қалыптастырып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру еді. Бірақ, өкі­нішке қарай, аталған  жүйе негізгі талап дең­гейінен шығар емес. Неліктен? Оның бас­ты себе­бін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті. Мемлекет басшысы жол-көлік апаттарының саны көбейгенін, қоғамда қызу талқыланған «Сергек» бейне камераларының қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін емес, көлік жүргізушілерден айыппұл өндіріп алу үшін ғана қолданылып отырғанын айтты.

Президент мұндай жайға тектен-текке алаңдаушылық білдірмегені белгілі. Өйткені жол-көлік апатының саны соңғы кезде 15,5 пайызға, олардан зардап шеккендер 42 пайызға көбейген. Заманауи техникалық мүмкіндіктер артып, экономикалық ахуал жақсарып, жол қауіпсіздігін бақылаудың соңы жетістіктері қолданылып жатса да жол-көлік апатынан кісі өлімі көп. Бұл бейбіт күндегі еш қисынға келмейтін өрескел жағдай. Демек осы кезге дейін елдегі жол-көлік апатын төмендету үшін деп жасалған шаралардың еш нәтижесі болмағаны байқалады. Өйткені о баста «Сергек» бейне-тіркеу камераларын орнатқанда көшеде жол-жүрісі ережелерінің сақталуын бақылап тұратын полицейлер санын азайту мақсат еді. Сөйтіп заң бұзушылық кезінде жүргізуші мен полицияның тікелей қарым-қатынасын жою-тұғын. Әлбетте «Сергек» бейне-тіркеу камераларын орнатқаннан кейін бұл үрдіс іске асты. Бірақ ел күткен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру көлеңкеде қалды.

Оның үстіне «Сергек» бейне-тіркеу каме­­ра­ларын орнатқан соң бейне-тіркеу каме­расының заң бұзушылықты түсіргеніне адам ықпалы жүрмейді дегенімізбен, оның дұрыс, бұрыстығын бәрібір полиция инспекторы тексереді. Ол инспектор заңдылықтың сақ­талуын әділ қадағалайды десек, бейне-тіркеу камералары көліктердің жол жүрісі ережесін бұзу сәттерін толыққанды шынайы тіркей қоюы неғайбыл демеске шара жоқ. Демек, қан­ша жерден жол жүрісін тек автоматты түрде қада­ғалаймыз және қауіпсіздік деңгейін арттырамыз деудің қисыны келер емес. Ондай кезеңнің ауылы әлі алыс секілді. Себебі тек ағымдағы жылдың 9 айында ғана мас жүргізушілер тарапынан 342 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 64 адам қаза тауып және 493 адам жарақат алған.

Бұл орайда жол қозғалысының қауіпсізді­гін тұрақты қадағалауды және жолдарда күн­делікті патрульдеуді нақты қолға алмай, жиілеп кеткен заң бұзушылықты жою мүм­кін емес. Мұны сақшылардың өздері де жасырмай, жол қозғалысы қауіпсіздігін тұрақ­ты қадағалау және жолдарда күнделікті па­­труль­деу нәтижесінде ғана жол-көлік оқи­­ғаларына жол берілмеді дейді. Сөйтіп жыл басынан бері полиция қызметкерлері мас күйде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүр­гізушіні анықтады. Олардың 17 мыңнан астамы автокөлікті басқару құқығынан айыру тү­ріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, ал жүргізушілік құқығынан айырылған, әрі мас күйде болған 1 878 адам қылмыстық жауап­кершілікке тартылған. «Бейбіт өмірде мас күйінде көлік басқарған жауапсыз жүр­гізушілер кінәсінен жолдарда адамдар қаза тауып жатыр. Оларды ақтауға болмайды. Сондықтан осындай заң бұзушылықтар мен қылмыстар үшін олардың салдарларының ауырлығына теңбе-тең жаза болуы тиіс», – дейді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Әрине, «Сергектің» пайдасы зор. Мәселен, бұрын «осы жүрісім дұрыс» деп жол ережесін бұза жүруге дағдыланып қалған жүргізушілер қазір даралана бастады. Олар бәрінен бұ­рын «Сергектің» көзіне жиі түсе бастады. Сөй­тіп әрбір жүргізуші өзінің қаншалықты көлік жүргізуге дайын екендігін нақты сезі­нетін болды. Алайда статистика көрсетіп отыр­ғандай, қолданыстағы әкімшілік жазалар жүр­гізушілердің тәртібіне қажетті деңгейде әсер етпейтінін және жол-көлік оқиғалар са­ны­ның төмендемей отырғанын байқатады. Ен­ді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігі осындай құ­қық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкім­шілік жауапкершілікті күшейтуді қолға ал­ғаны жөн. Жол жүрісі ережесін бұзғандарды және мас күйде көлік жүргізгендерді дереу анықтау мен қатаң жаза қолдану бар­лық жол қозғалысына қатысушылардың, жүр­гізушілердің де, жолаушылардың да, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндік береді