26 Наурыз, 2010

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ КЕПІЛІ

567 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазір елімізде жүргізіліп отырған са­ли­қалы тіл саясатының нәтижесінде төзімді, толеранттық тілдік орта қалып­тас­қаны – айқын ақиқат қана емес, ма­ңызды саяси-әлеуметтік құндылық­тар­дың бірі де. Сала проблемаларын жүйелі түрде шешу үшін Елбасы Тілдерді қол­дану мен дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге тапсырма берді. Он жыл мерзімге арналатын бұл бағдарламаны жасау кезінде мемлекет­тік тілдің өрісін бұдан да кеңейтіп, оның конс­титуция­лық мәртебесін бұдан да көтере түсуге мүм­кіндік беретін бірнеше басым бағыттар ерекше назарда ұсталуы керек. Бірінші бағыт – мектепке дейінгі мекемелерде, яғни балабақшалардағы бүлдіршіндерге арналған осы заманғы кешенді әдістемелік жүйе жасау және соған орай қажетті оқу құралдарын шығару. Осы бағыттағы жұмыстар Елбасының Жолдауында бе­ріл­ген тапсырмаға сәйкес арнайы әзірленіп жатқан “Ба­лапан” бағдарламасымен ұштастырылып іске асырылады. Екінші бағыт – орыс және өзге ұлт тілдеріндегі мек­тептерде қазақ тілін оқытудың жүктемесін арттырып, қазақ тілі пәнін бірыңғай ұлттық тест тапсырудағы міндетті пәндердің қатарына қосу. Осы саладағы кадрлар біліктілігі мен оқулық сапасын арттыру. Бұл бағыт ел азаматтарының қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі функциясына орай туындайтын қажеттіліктеріне және олардың мемлекеттік тілді өмірлік қажеттіліктердің бірі ретінде білуге деген ұмтылысына негізделгені жөн. Үшінші бағыт – жоғары оқу орындарында қазақ тілін пән ретінде оқытудың жүйесін жетілдіру. Осы мақсатта тиісті салалар бойынша және мамандықтарға қарай бейімделген тиімді оқу бағдарламалары,  оқулық­тар мен оқу құралдары, басқа да көмекші құралдарға деген қажеттіліктер толық өтелуі тиіс. Ең бастысы, ер­теңгі мамандардың тіл үйренуі бос схолостикаға айнал­май, жоғарғы оқу орнын бітірген әрбір жастың мем­ле­кет­тік тілді еркін біліп шығуына толық мүмкіндік туғызу. Төртінші бағыт – қазақ тілінің мемлекеттік қызмет жүйесіндегі өрісін кеңейту. Қазір осыдан он, тіпті бес жыл бұрынғымен салыстырғанда, әлдеқайда зор өзгерістерге қол жеткізілгені – өмір шындығы. Бесінші бағыт – жоғарыдағы төртінші бағытпен еншілес десе де болады. Яғни, мемлекеттік қызмет­ші­лердің тіл білуі жөніндегі жауапкершілігін арттыру және соған қажетті заңна­малық негіздерді жетілдіру. Алтыншы бағыт – республика азаматтарының өз бетінше тіл үйренуіне қо­лайлы жағдай туғызу. Жетінші бағыт – мем­лекет­тік тілді осы заманғы ақпараттандыру жүйесінің тіліне айналдыру. Ол үшін интернет желісіндегі қазақ тілді сайттардың көбірек ашы­луын барынша қол­дауы­­мыз қажет. Байланыс және ақпарат министрлігі, басқа да мүдделі мемле­кет­тік органдардың күш қоса қызмет етуі өте маңызды. Сегізінші бағыт – ағылшын тілін тереңдетіп оқытудың әдістемесін жетілдіру. Елбасының “Жаңа қазақстандық ұрпақтардың үш тілді меңгергенін қалар едім” деген идеясының өміршеңдік қуатын ұдайы назарда ұстай отырып, бұл бағытта да маңызды істер атқарылатын болады. Тоғызыншы бағыт – республи­камыздағы өзге ұлт өкілдерінің ана тілдерін оқып-үйренуге қолайлы жағдай туғызу. Оныншы бағыт – бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдің ықпалын күшейту. Он бірінші бағыт – қазақ тілінің терминдік базасын тұрақтандыру, біріздендіру және жетілдіру, ономастикалық жұмыстарды жүргізу жүйесін дамыту. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жасалып жатқан жаңа тіл бағдарламасын әзірлеу иықтағы ірі шаралардың бірі. Жоғарыдағы он бір бағыт сонда қамтылатын болады. Министрлік бұл бағытта ашық, жариялылықпен жұмыс атқаруда. Аталған жұмыс тобының құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, тілші-ғалымдар, саясаттанушылар, лингвистер, педагогика мамандары, қоғамдық ұйымдар мен баспасөз, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тартылды. Конференцияда ортаға салынған ойлар мен нақты ұсыныстардың бәрі де маңызды құжатты әзірлеуде ерекше назарда ұсталатын болады. Мұхтар Құл-МҰХАММЕД, Мәдениет министрі.