Қазақстан • 14 Қазан, 2019

Күрмеуі күрделі кооперативтердің күні бітті ме?

217 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алғаш құралғаннан бергі жиырма жыл­­дан астам уақытта «жауырды жаба тоқымдап» келген ПИК-тердің (пәтер иелері кооперативтері) күні бітіп, соңғы тұяқ серпер сәті туған сияқты.

Күрмеуі күрделі кооперативтердің күні бітті ме?

Бұрнағы күні өт­кен Парламент Сенаты­ның жалпы отырысында «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл заң жобасының негізгі түйіні – күрмеуі күрделі ПИК-тердің орнына «бір үй – мүліктің меншік иелерінің бір бірлестігі» қағидаты бо­йынша «мүліктің меншік иелерінің бірлестігі» (МИБ) коммерциялық емес ұйымын құру арқылы кондоминиум объектісін басқарудың жаңа үлгісін жасау.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тұр­ғындардың қалыпты өмірін қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызы зор, мемлекет үшін өте жауапты салалардың бірі болып са­­на­лады. Үкіметтің осы бір күрделі салада соңғы жылдары жүргізген реформалары еш­­бір тиімділік бермеді. Оған көпқабатты үйлер­дің тағдыры тапсырылған пәтер иелері коо­перативтерінің (ПИК) жұмысындағы бе­лең алған берекесіздік кесірін тиігізіп кел­ді. Кеңес дәуірінде көпқабатты тұрғын үй қорын иелігінде ұстап, бүкіл инженерлік-ком­­муналдық қызметін қатамасыз ететін «үй басқармалары» (домо­управление) бо­латын. Мәселен, бүгінде мыңнан астам ПИК дұрыс қызмет көрсете алмай отыр­ған Алматының бүкіл тұрғын үй қорын 56 үй басқармасы тап-тұйнақтай ұстайтын. Кеңестік кезеңнің үй басқармаларында бі­лікті мамандар, мықты материалдық база болатын. Соның бәрі құрдымға кетті.

Сөйтіп жекешелендіруді желеу еткен заманда жүз мыңдаған қазақстандық Қажыгелдин үкіметінің тұрғын үй қоры са­ласында жасаған реформаларының нәти­жесінде бір сәтте меншік иелері болып шы­ға келді. Көпқабатты тұрғын үйлердің ор­тақ инженерлік-коммуналдық жүйелеріне тәуел­ді бұл жекеменшік пәтерлерді қа­лыпты жағдайда ұстаудың проблемалары туындады. Шаңырағы ортасына түс­кен үй басқармаларының орнын басатын құрылым қажет болды. Ақыры өткен ға­сырдың 90-жылдарының ортасында қалаларда көп­қабатты үйлерге коммуналдық инженерлік қызмет көрсететін кооперативтер – ПИК-тер құрылды. Бұл кооперативтерді пайда табудың көзі деп түсінген пысықайлар балға үймелеген шыбындарша ПИК-терді төңіректеді. ПИК-тердің жаңадан сайланған төрағаларының жоғары инженерлік білімі, тым болмағанда коммуналдық инженерлік жүйені жетік білетін мамандар болуы керек еді. Өйткені сол кезеңнің өзінде Кеңес өкіметінен мұраға қалған көпқабатты тұрғын үйлердің бүкіл инженерлік-коммуналдық жүйесі жөндеуге сұранып-ақ тұрған болатын. Өкінішке қарай, іс жүзінде бәрі керісін­ше болып шықты.

Мәселен, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 2500-ден астам көпқабатты тұрғын үй қоры бар. Міне, осы тұрғын үй кешендеріне 430-дан астам ПИК қызмет көрсетеді. Қазақ­стан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес ПИК – кондоминиум нысанының ортақ мен­шігін бірлесіп басқару үшін құрылған пәтер иелерінің коммер­ция­лық емес ұйымы болатын. Өкінішке қарай, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша 1993-1996 жылдары елімізде жүргізілген тұрғын үй қорын жекешелендіру реформасы жартыкеш күйде іс жүзіне асырылды. Реформа бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің тек пәтерлері ғана жекеменшікке берілген. Ал­ көпқабатты үйлердің шатырлары, жер­тө­лелері, кіреберістері және жалпы үй маңын­дағы аумағы, коммуникациялар жүйесі, биік үйлердің лифтілері ортақ мен­шік күйінде қалған. Ортақ игіліктің қалай талан-таражға салынғанын көзімен көрген біз­дің тұрғындар үшін «ортақ меншік ұғы­мы» иесіз, сұраусыз мүлік ұғымымен астасады.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиы­ры» демекші, 20 жылдан бері бір бәтуаға келмеген тұрғындар мен ПИК-тердің ара­сындағы бітіспес даудың басы да осы иесіз қалған «ортақ меншік» мүлкінен туындап келді. Себебі заң жүзінде ПИК-тер ештеңеге жауап бермейді. Тұрғындардан төленетін қаржыдан құралатын миллиондаған ақша айналымын басқаратын ПИК-тер «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес арнайы мөрі, банкте есепшоты бар қоғамдық ұйым ғана болып саналады. Оның тұрғындар алдында, тексеру органдары алдында да, коммуналдық қызметтің табиғи монополистері алдында да жауап беретін ешқандай жарғылық капиталы, жарғылық мүлкі жоқ.

Міне, кеш те болса, осы келеңсіздіктерді түзету мақсатында жаңа заң қабылданғалы отыр.