19 Наурыз, 2010

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛЕСТІ АРТТЫРУ ҮШІН

496 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазіргі кезде Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақ­стан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру мақсатында еліміздің жер-жерінде отандық үлесті арттыру, өндіріс орындарын көбейту, банк саласында отандық өнімді жеткізушілер мен қызмет көрсетушілерге қолдау көрсету жұмыстарының атқарылып жатқаны белгілі. Осы күндері бұл шаралардың негізгі үйлес­тірушісі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі болса, “Самұрық-Қазына” қоры мен оның құрамына кіретін “Қазақстанның Даму банкі” АҚ Үкіметке отандық үлесті арттыруда және оның басқа да бағдарламаларын іске асыруда барынша қолдау көрсетіп жатқан құрылымдардың бірі болып отырғаны мәлім. Таяуда Астанада осы мәселеге байланысты “Қазақстанның Даму банкі” АҚ-тың ұйымдас­тыруымен “Қазақстандық үлес. Қазақстан­ның Даму банкінің заем алушыларды қолдау шаралары” атты тақырыпта жиын өтіп, онда аталмыш министрлік пен құрылымдар басшылары тарапынан отандық үлесті арттыруда Үкіметтің ұстанған саясаты мен жүзеге асырып жатқан шаралары туралы кеңірек мәлімет берілді. Онда “Қазақстанның Даму банкі” АҚ-тың басқарма төрағасы Ғали Есқалиев банктің заем алушыларды қолдау шаралары, “Самұрық-Қазына-Контракт” ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлан Нұрғалиев отандық тауар өндірушілерді қолдау қазақстандық үлесті дамытудың бір тәсілі екендігі жөнінде өз пікірлерін білдірсе, “Қазақстандық келісім-шарт агенттігі” АҚ-тың басқарма төрағасының орынбасары Құрманғазы Нұғыманов, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Ерхат Есқалиев, “Қазақстанның Даму банкі” АҚ-тың басқарма төрағасының орынбасары Мүсілім Бектеп, министрліктің Сыртқы сауда саясаты департаментінің өкілі Жанел Көшкі­нова мен басқа да мамандар сатып алуда отандық үлесті қамтамасыз ету, бірлескен кәсіпорындар құру мен Кедендік одақ аясында қазақстандық үлесті арттыру мәселелері бойынша ойларымен бөлісті. Сонымен бірге, мұнда отандық шикізатты қайта өңдеу үшін жаңа кәсіпорындар құру, тиімді жобаларды іске асыру мен жаңа өнімдерді өткізу мақсатында банктің заем алушыларды және оның құрамындағы “Қазақстанның Даму банкі-Лизинг” АҚ-тың лизинг алушыларын қолдау мәселелері қаралды. Жиында осы мәселені талқылау барысында “Қазақстанның Даму банкі” АҚ-тың заем алушылары мен тауар жеткізуші компаниялар арасында ынтымақтастық және келісім туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі күні ҚДБ капитал сыйымды және ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі мол, Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағ­­дарламаларын іске асырушылар арасында белсенді құрылым ретінде еліміздің индустриялық страте­гиясының негізгі операторларының бірі болып отыр­ғаны белгілі. Осы күндері банктің негізгі көрсеткіштерінің өсуі, несиелік портфельдің көлемі, жоғары рейтингтер, акционерлер және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауы мен менеджменті алға қойылған стратегиялық мақсаттарды ұтымды шешуге мүмкіндік беруде. Аталған жиында оған қатысқан “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС, “Арселор Миттал Теміртау” АҚ, “Өскемен титан-магний комбинаты” АҚ, “Теңізшевройл”  ЖШС, ENRC, North Caspіan Operatіng Company компанияларының өкілдері “Қазақстанның Даму банкі” АҚ-тың осы бағыттағы жұмысына назар аударып, оның отандық үлесті арттырудағы шараларына қолдау білдіретіндерін мәлімдеді. Дастан КЕНЖАЛИН.