19 Наурыз, 2010

НАЗАРДА – ОҢТҮСТІК ӨҢІР ЭКОЛОГИЯСЫ

969 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Балқаш-Алакөл экологиялық департаментінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жол­дауын жүзеге асыру аясында “Инно­ва­циялық жобаларды экологиялық-эконо­микалық бағыттау” атты кеңейтілген өңір­лік кеңес болып өтті. Кеңеске Қор­ша­ған ортаны қорғау министрлігі Эко­ло­гиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы С.Мұташев, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары экология департаменттерінің басшылары, Ұлттық банк және екінші деңгейдегі банктер филиалдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен ірі табиғат пайдаланушылар өкілдері қатысты. Аталмыш кеңесте ірі табиғат пайда­ланушылардың табиғат қорғау іс-шара­ларын және өндірістік экологиялық бақылау бағдарламаларын орындауы, индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен іске асырылатын мемлекеттік экологиялық сараптамаларға мониторинг жүргізу, өндірістік қалдықтар және оларды тұтыну жөніндегі мәселе­лерге ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары экономикалық дағ­дарысқа қарамастан, табиғат пайдалану­шылардың өз есебінен табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыру көрсеткіші артып келеді. Балқаш-Алакөл экология департаментінде 2008 жылы 1-ші санат­тағы 18 ірі кәсіпорынның жұмсаған қар­жылық көрсеткіші 1 миллиард 795 мил­лион теңге болса, 2009 жылы эконо­ми­калық дағдарысқа қарамастан, 185 таби­ғат қорғау іс-шарасына 2 миллиард 85 миллион теңге бөлінді. “Алматы электр стансалары” акцио­нерлік қоғамына қарасты жылу-электр орталықтары ТЭЦ-1, ТЭЦ-2, ТЭЦ-3 және батыс жылу кешенінде 2005-2009 жылдар аралығындағы жоспарланған табиғат қорғау іс-шаралары толықтай орындалды. Сонымен бірге, министрлік өз назарын табиғат қорғау іс-шараларының сомал­а­рына емес, олардың орындалуы мен қол жеткізген экологиялық тиімділігіне аудармақ. Алматы облысында өңірлік маңызды инновациялық жоба – 13, облыстық – 5, Алматы қаласында 1 жоба іске қо­сыл­мақ. Осы күнге дейін 12 нысан эколо­гиялық сараптаудан өтті. Іле ауданындағы Фармацевтика зауыты, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізі, Алматы қаласы мен Алматы об­лысындағы трансформаторлық кіші стансалар, “Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ” газ құбыры, Жамбыл ауданы Қопа ауылын­дағы тас өңдеу зауыты, Ес­келді ауданын­дағы ГЭС-4, Жетіген-Қорғас темір жолы, Мойнақ ГЭС-і сияқты ірі жобалар бар. Кеңесте Экологиялық кодекстің 51-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу міндетті болатын шаруашылық жә­не өзге де қызмет жобаларын мем­лекеттік экология­лық сараптаманың оң қорытындысыз қаржыландыруға және іске асыруына тыйым салынатыны атап өтілді. Елбасымыздың тапсырмасына орай, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі табиғат қорғау іс-шараларын іске асыруға, экологиялық инновацияларды енгізуге, технологиялық кешендер мен эколо­гиялық жабдықтың өндірісі бойынша зауыттарды құруға бағытталған “2010-2010 жылдарға Жасыл даму” мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірледі. Бүгінде өндірістік және тұтынған қалдықтарды есепке алу, өңдеу және залалсыздандыруға қатысты кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарының, автокөлік құралдарының пайдаланған қалдықтарын көметін аймақаралық полигонның жоқтығы үлкен мәселе болып отыр. Алматы облысында қатты қалдық кө­мілетін 513 полигон бар, оларда жылына 562,5 мың тонна қалдық жинақталады. Бүгінде оның жалпы көлемі 8 млн. тоннаға жеткен көрінеді. Кеңес барысында атқарушы орган­дарға істегі полигондарды экологиялық талап­тарға қатаң сәйкес келтіру үшін, комму­налдық қалдықтардың сұрыпталу­ын, шы­ғарылуын, сақталуы мен залал­сыз­дан­ды­руын ұйымдастыру, оларды өндеуге қа­тысты жауапкершілікті арттыру ұсынылды. Қорғанбек АМАНЖОЛ.