19 Наурыз, 2010

ОРТАҚ МҮДДЕ

678 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Аймақ әлеуметтік саласының салмақты бө­лігі іргелі өндіріс ошақтарына түсіп отыр­ғандығы, оны олар абыроймен көтеріп келе жатқандығына Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқаш төңірегінде шо­ғыр­ланған кәсіпорындарда жұмыс істейтін еңбеккер қауым біраз жылдан бері жақ­сы қанық. Қос алып – “Арселор Миттал Теміртау” компаниясы және “Қазақмыс” корпорациясының 100 мың­нан астам адам тыныс-тіршілігіне дем беріп, тұрмысы көркеюі үшін өз еріктерімен барынша қолдаушылығы жұрт ризашылығына бөленген үрдіс. Осынау маңызды мәселенің мәнді үйлестіріліп, бизнестің әлеуметтік жау­ап­кершілігі күшейтілуіне боса-бол­ма­сын жергілікті мемлекеттік буындар ық­палы бір бөлек. Бұрнағы күні об­лыс­тық әкімдік пен “Қазақмыс кор­по­рациясы” ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум ортақ мүддені көздеген жаңа шуақты шаралардың өрістілігімен көпшілікке қуаныш әкелді. Мұның алдында биыл Жезқазғанда салынуы басталған, жөнделетін нысандарды аралап көріп, іс барысымен тікелей танысқан облыс әкімі Серік Ахметов атап өткеніндей, бұлардың барлығы “Қазақмыстың” көмегі арқасында бой көтеріп, әсемденеді. Осы орайда құлақ түрдірген жағымды жаңалық ретінде атал­ған корпорацияның әлеуметтік бағдарла­­маны қаржыландыруды былтырғымен салыс­тыр­ғанда бірден 3 млрд.теңгеге ұлғайтып, 4,2 млрд. теңгеге көтеруі ерекше жылы қабылдан­ды. Шындығын айтқанда, осынау салаға осын­ша көлемде қаржы бөлу бұған дейін болып көр­ген емес. Мұның сыртында жаһандық эко­номикалық дағдарыс қыспағы әлі босаңсымай тұрған шақтағы мұндай зор қолдаудың мәні қандайлық екені түсінікті. Қашанда еңбек­керлері мүддесін басты назарда ұстанатын, сол мақ­сатта аянып қалмауға ұмтылатын кор­по­рация бұл жолы да буындас өндіріс орындары арасынан еліміз бойынша әлеуметтік ең ірі бағ­дарламаны іске асырушы болып танылып отыр. Биылғы меморандумның тағы бір ерекше­лігі, онда белгіленген іс-шаралар облыстың тұрғыны көп төрт қаласы мен біраз аудандарын қамтиды. Солардың ішінде Қарағандыда Н.Нұрмақов атындағы мектеп-интернатты, Ака­демиялық музыкалық театрды, онко­ло­гиялық диспансерді, Балқаштағы балалар ау­руханасын, Абай атындағы лицейді, Саяқ учас­келік емханасын, Жезқазғанда С.Қожамқұлов ат­ындағы қазақ драма театрын, әйелдер бо­са­натын үйді, политехникалық колледжді, Сәт­баевта отбасылық үлгідегі балалар үйін, бала­лар­дың “Бөбек” емделу орталығын, Абай ауданында көлік жолдарын, жылу жүйелерін, су құбырларын, Осакаров ауданында жетім балалар үйін, стадионды, Бұқар жырау ау­да­нында Байқадам, Белағаш, Ақбел ауылдарына тартылған ауыз су жүйелерін жөндеу мойынға жүктелген. Ал мұнымен қоса жаңадан тұрғы­зы­­латын мәдени-тұрмыстық, спорттық ны­сандар қатары да жетерлік. Мәселен, Жез­қазғанда бүгінде құрылысы қызу жүргізілу үс­тіндегі “Металлург” саябағы қала тұрғын­да­рының сүйсіне дем алатын орнына айналмақ. Қазір Қарағандыда іргетасы қаланып, қа­быр­ғасы көтерілген екі тұрғын үй де “Қазақмыс” тарапынан тарту етіледі. Қысқасы, мемо­ран­дум бойынша жұртты қуантар­лық, өскелең өмір талабына сай өзгерістер аз емес. Оған қол қойылу кезінде корпорация басқармасының төрағасы Эдуард Огай “Биыл біз өзіміздің стратегиялық әл­еуметтік бағдарла­ма­мызды – Қазақ­стан­дағы бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі жөніндегі ең ірі деген бағ­дарламаны толық іске асыруға ниет­теміз. Облыстық әкім­дікпен бірлесіп жасалған жобаларда әлеуметтік ма­ңыз­ды нысандарды салу, жаңартумен қатар орта және шағын бизнесті қолдау, жастардың шет­елдерде сапалы білім алуына, ең­беккерлердің денсаулығын түзеуге жағдайды кеңейту, қоршаған ортаны қорғауды жақсарту сияқты шараларды қоса атқаруды артып отырмыз” деп ортаға салуынан байқалғандай алда қат-қабат істер тұр. Солардың орын­да­лу мерзімі, оған жауаптылар белгі­ле­ніп, қатаң бақылауға алынатындығы жыл­дағыға қарағанда, осы шараларға талаптың күштілігін сездіреді. Әлеуметтік саланы әлеуеттендіруге осы­лайша ынталы “Қазақмыс” сияқты алыптың қам­қорлы­ғы­на сүйенген облыс мүмкіндікті ор­ын­ды пай­да­ланып келеді. Бір жағынан мем­лекеттік, екінші жа­ғынан көмек-қолдаудың жемісі түрленген қа­ла­лар мен елді мекендер бейнесінен, тұрғын­дар­дың түрленген тұрмы­сынан байқалып жатыр. Ортақ мүдде бекіткен ынтымақтастық шапағаты биыл да біраз жерді, біраз адамды шарпымақ. Айқын НЕСІПБАЙ, Жезқазған.