19 Наурыз, 2010

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРАДЫ

857 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жаңаның бәрі бұрынғы. “Ба­тыс Еуропа - Батыс Қытай” ав­тобаны туралы да осылай деуге болады. Өйткені, еліміздің алыс-берісі мен барыс-келісін жан­дандыру үшін салынып жатқан күрежолдың сілемі бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойымен өтеді. Сондықтан бұл игілікті істі жаңа ғасырдағы жаңа елдің жаңа Жібек жолы, жаңа сауда арнасы деп бағалауға әбден болады. Ел­басы Н. Назарбаевтың “Жаңа он­жылдық –жаңа эко­но­микалық өрлеу –Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп атала­тын биылғы Жолдауында “Біз салуға кірісетін “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолы – тау­арлар тасымалы үшін маңызды магистраль” деп атап көрсетуі де осы ойымызды растай түссе керек. Бүгінде осы батыс-шығыс күрежолының 495,3 шақырымға созылатын жамбылдық бөлігін белгіленген мерзімде іске қосу үшін үлкен дайындық жүргізі­луде. Жұмыс ауқымы өте үлкен. Өйткені, автобан бойында үл­кен­­ді-кішілі 22 көпір, 15 жол өт­кізгіш, 643 су ағар құрылыстары қатар жүргізіледі. Жол жамыл­ғысының қатты мәндегі серпім­ділік қуаты 13 тонна салмаққа есептелгендіктен бұл да техника мен адам күштерін қосқанда қомақты қаржыны және матери­алдық ресурстарды қажет етеді. Мысалы, мамандардың есеп­теуінше облыс аумағынан өтетін батыс-шығыс жолының құры­лысы үшін 17 млн. тонна құм, 3 млн. тонна цемент, 34 мың тон­на битум және ірі көлемде темір-бетон бұйымдары қажет екен. Дәтке қуаты бүгінде Жамбыл өңірінде 25 тас және 35 құмша­ғал және шағал карьерлері мен 15 асфальт-бетон зауыты және ұсақтағыш-сұрыптағыш қондыр­ғылар бар. “Құрылыс құрастыр­малы зауыты серіктестігі”, “Им­сталькон” АҚ, “Жамбыл металл құрастыру зауыты” филиалы және “Таркон” серіктестіктері ме­талл құрастырмаларына деген сұранысты өтей алады. Бетон бұйымдарын әзірлейтін “Жам­былхимстрой”, “Керамик ин­вест” және “Ғимарат-Тараз” се­рік­тестіктері сияқты 20 шақты кә­сіпорын да “ғасыр жолына” ат­салысуға дайын. Бүгінде батыс-шығыс авто­жо­лы 11 бөлімшеге бөлініп, төр­теуіне тендер өтіп, мердігер компаниялар анықталды. Оларға тиісінше алдын-ала төлемдер жасалды. Жамбыл облысында да жол салуда тәжірибе жинақтаған ірі компаниялар бар. Олар да бағын сынап көрмекші. Өйткені, жол цементті бетонмен салынып, неміс технологиясы қолданыла­тын­дықтан мұндай күрделі жұ­мысқа тәжірибесі мол, техно­логиясы дамыған әлеуетті компа­ниялар ғана тәуекел етеді. Өңірде құрылыс индустрия­сын дамыту жобасы бойынша бұған дейін бірнеше ірі цемент зауыттары іске қосылған бола­тын. Оның биылғы жылы пайда­лануға берілетіндері де бар. Де­мек, жол құрылысы үшін це­мент­ті де “алыстан арбалаудың” қажеті жоқ. Бүгінде ірі жобаны жүзеге асыру жолындағы жұмыс­тар басталып та кетті. Қазір облыста жол салатын аймақтарға техникалар жеткізіліп, құрылыс материалдары әзірленуде. Мер­дігер компаниялар 143 мың текше метр шағал дайындап, 122 бірлік техника әкелді. Жұмысқа әзірге 375 адам күші тартылып отыр. Алматы мен Тараздың ара­сындағы ойылып кеткен асфальт жолдан зәрезап болған жүргізу­шілер бізден “Жаңа жол қашан бітеді екен?” деп сұрайды. Біз бұл сау­алды еліміздің көлік инфра­құрлымын дамыту комитеті об­лыстық басқармасының бастығы Е. Жүнісовке жеткізгенбіз. “Ба­тыс Еуропа-Батыс Қытай” авто­банының Жамбыл облысынан өтетін бөлігі 2012 жылдың жел­тоқсан айында пайдалануға беріледі” деді ол сенімді түрде. Ендеше, жолаушыға жол болсын тілеген жолшы ағайын­дар­дың жұ­мы­сына тек қана сәт­ті­лік ті­ле­й­ік, ағайын. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.