19 Наурыз, 2010

ӨНІМ ӨНІКТІ БОЛУЫ ҮШІН

618 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Көптен күткен Әз Наурыз да  есік қағып, аяздың соңы ақ жаңбырға ұласты. Осындайда дана халқымыз “Қысың қарлы болса – жер семіз, Көктемің жаңбырлы болса – дән егіз” деген. Диқан қауымы жердің бабын табу мақсатындағы күзгі дала жұмыстарына дайындықты ерте бастап, жан-жақты әзірлікке кіріскен. Өйткені, оның қырық бұрау қиындығы алда. Осы жауапкершілікті сезінген облыс басшылығы да көктемгі егіске байланысты ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жиі жиын өткізіп, “бір күні жылға азық” маусымда атқарылатын жұмыстарды жүйелеуде. Ағымдағы жылы өңірдегі егіс көлемі 906,9 мың гектарды құраса, оның 416,3 мың гектарына  дәнді дақыл, 14,2 мың гектарына “тәтті түбір”, 61,2 мың гектарына дәндік жүгері, 13,9 мың гектарына күріш, 109,4 мың гектарына майлы дақыл, 29,8 мың гектарына бақша мен көкөніс, 34,8 мың гектарына картоп егу жоспарланған. Науқанға бай­ланысты жасалған жоспарға сәйкес мәшине-трактор жөндеу шеберха­наларындағы трактордың, тұқым сепкіштің, қопсытқыштар­дың жөн­деліп, сапқа қойылғаны да әзір­ліктің жан-жақтылығының дәлелі. Көктемгі егіске 26950 тонна жа­нармай, 66 тонна бензин, 1293 тон­на жағармай қажеттігі есептеліп, он­ың қорын жасау жұмыстары жал­ғасуда. Егіннен мол өнім алу ке­пілі  сапалы тұқым екені даусыз. Же­тісулықтар қолдағы бар тұқым мөлшерін жеткілікті әзірлеп, оны агротехникалық талаптарға сай сараптамадан өткізуде. Жаздық дәнді дақыл тұқымының 50773 тон­насы зертханадан өткізіліп, қамбаға құйылған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тұқымды толық тексеруден өткізуге жұмылып, гектар берекелілігін арттыруға ден қойғаны осыдан аңғарылады. Мемлекет басшысының биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа эконо­ми­калық өрлеу – Қазақстанның жа­ңа мүмкіндіктері” атты Жолдау­ында “Индустриалық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкін­шілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүм­кін­діктер. Әртараптандырудың бас­қа бір маңызды сегменті агроөнер­кәсіптік кешенді дамыту болып т­абылады”, деп оның негізгі бағыт­та­рын нақтылап, салаға тың тә­жіри­бені пайдалану, жаңа құрал-жаб­дықтар, шикізатты қайта өң­деу­ді шұғыл арттыру мәселелері қам­тылды. Өңірдегі ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне мемлекет тарапынан субсидия беру мәсе­лелері де кеңінен қарастырылған. Дақыл шығымды­лы­ғы мен сапасын арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштарды ішінара арзан­да­туға республикалық бюджет­тен 177,233 млн. теңге қаржы қарас­ты­рыл­ғаны саланы өркендетудің ке­пі­лі екені даусыз. Осылайша тың­айт­қыштарды “Қазфосфат”, “Қа­зазот”, “НПО АнаЖер”, “Хазрат-Али- Акбар” және “Arcelor Mіttal” жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тік­тері өн­діретін болып белгіле­ніпті. Мұндай жеңілдік еліміздегі қолданысқа рұқсат берілген отан­дық лицензиясы бар жеткізу­ші­лер­ден ғана алынатын гербицидтерге төленетіні де тауар өндірушілерге түсіндірілуде. Биылғы көктемнің әр сағатын ти­імді пайдаланған егістіктің дег­дуін күткендер табысы ерекше бо­латынын атап айтқан жөн. Салаға берілетін жеңілдіктерді пайдалану арқылы суперэлиталы тұқымды са­ту­шылар мен оны сатып алушы­лар­ға да едәуір жеңілдік бар. Өңірде “тәтті түбір” өсірушілердің биылғы жылы өз өнімдерін қант зау­ыт­тарына қалыпты бағада өткізуіне де жағдай жасалатын тәрізді. Облыс әкімінің түрік бизнесмендер қоға­мының өкілдерімен жүргізген келіссөзі нәтижесінде Ақсу қант зауытының жұмысы жанданатын болса, инвес­тиция тарту арқылы қант зауытының тамырына қан жүгіретінін де диқан қауымы қуана қабылдауда. Қазіргі кезде көктемгі егіске қажетті тұқым өндірумен 6 бірегей, 26 элиталық, 38 өнімділігі жоғары тұқым шаруашылықтары айналы­су­да. Олар өткен жылы 3768 тонна эли­талық, 2139 тонна өнімділігі жо­ғары тұқым өндіріп, гектар бе­ре­келілігінің артуына өзіндік үлес­те­рін қосқан еді. Биылғы жұмыс қарқыны бойынша көктемгі егістің тиянақты жүргізілуіне барынша назар ауда­рыл­­ғаны аңғарылады. Егіс­тікті там­шы­ла­та суарудың тиім­ді­лігі жоғары екендігінен отыр­ғызылатын бақтар мен жүзімдік алқаптары осы әдісті пайдалану арқылы күтіледі деп жоспарлануда. Осыған байланысты шаруа қо­жалықтарындағы түйінді мәселелер мүмкіндігінше шешімін табатын болады. Дала жұмыстары басталысымен 224,6 мың гектар жаздық дәнді дақыл себіліп, 410,3 мың гектарға ылғал жабылып, 304,9 мың гектар жер жыртылып, науқанды қысқа мерзімде аяқтау мәселесі қарас­ты­­рылуда. Көктемгі егіс кезінде кез­десетін кейбір оралымсыз­дықтар­дың орнын толтыру мақсатындағы жұмыстар да зерттеліп, оның алдын алу шаралары қолға алынған. Жетісудың құнарлы алқаптарын игеру мен одан алынатын өнімді молайту диқанның бүгінгі әзірлігіне тікелей байланысты десек, жауап­кер­шілік жүгін жете сезінгендердің бүгінгі қимылдары ширақ. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.