19 Наурыз, 2010

ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТАТЫН ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА

566 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
“Арай” әлеуметтік әріптестік бағдар­ла­масы 2008 жылдың үздік әлеуметтік жобасы ретінде Елбасының “Парыз”, ал 2009 жылы ІV Азаматтық форумда бизнес тарапынан жүзеге асырылған үздік әл­еуметтік жоба ретінде “Таным” сыйлық­тарымен марапатталған. *** Қазақстандағы табиғи байлықтың молдығы мен саяси-әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығы шетел инвесторларының қызығушылығын тудырып отырғаны шындық. Сондықтан да олар ел экономикасына қаржы салуға, екі жақты мүдделілік тұрғысынан жұмыс істеуге ықыласты бола түсуде. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне баса назар аударуы да себепші болып отыр. Бұл бағытта елімізде мұнай өндіру саласында жұмыс істеп жатқан Ресейдің “Лукойл” компаниясының бастамасы өзгелерге үлгі боларлық. Әлемнің отыздан астам елінде осы салада үйлесімді жұмыс істеп, тәжірибе жинаған ресейлік ірі инвестор – “Лукойл” компаниясының Қазақстанның мұнай кеніштерін игеруге араласқанына да біраз бол­ды. Осы кезеңде өзін жақсы жағынан танытқан компания жүзеге асырып жатқан “Арай” әл­еуметтік әріптестік бағдарламасы бүгінде танымал әлеуметтік жо­балардың бірінен саналады. Бұл бағдарламаның ең бір ерекшелігі бірыңғай ауыл тұрғындарын әл­еу­меттік қолдауға арналған­дығында болса керек. Жобаға әлеуметтік аз қамтылған ауыл тұрғындары, көп балалы отбасылары, жұмыссыздар мүгедектер, оралмандар қатыса алады. Аталмыш жобаның қолынан іс келетін, бірақ банктерден несие алуға мүмкіндігі жоқ, қаржылай қолдауға зәру жандарға тигізетін көмегі көп. Компания 2007-2009 жылдары осы бағдар­ла­маны Маңғыстау облысында жүзеге асырыпты. Оған қатысушылар өз істерін ашып, кәсіпкерлікке қадам жасап, өз қабілетінің игіліктерін көріп жатқан көрінеді. Осы кезеңде 130-дан астам шағын кә­сіпорын ашылып, өз ісін жолға қойып, кәсіп­кер­лігін да­мытқан грант иелері 200-ден астам ауылдас­тарының жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасапты. “Арай” әлеуметтік әріптестік бағдарламасының қанатқақты жобасының облыстағы өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған халқы көп Мұғалжар ауданында басталуы да тегін емес. Себебі бұл ауданның аумағында “Лукойл” компаниясының еншілес кәсіпорыны – “Қазақ Ойл Ақтөбе” жұмыс істейді. Олар Әлібек мола, Қожасай кен орындарынан мұнай өндіреді. Бұл жайлы Ақтөбе қаласындағы “Капитал Плаза” бизнес орталығында өткен “Арай” әлеу­меттік әріптестік бағдарламасының Ақтөбе облы­сындағы тұсаукесерінде сөз алған “Лукойл” компаниясының Қазақстандағы аумақтық филиалы бас директорының орынбасары Владислав Михайлов кеңінен баяндады. “Арай” әлеуметтік бағдарламасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ықпал етіп, елді мекендерде олардың іскерлік және шығармашылық құлшыныстарына дем береді, шағын бизнесті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мұрындық болады. Оның айтуынша, бұл әлеуметтік жоба компания тарапынан ерікті түрде, келісім-шарт міндеттемелерінен тыс жүзеге асырылып отырған кө­­рінеді. “Арай” әлеуметтік әріптестік бағдарла­ма­сы 2008 жылдың үздік әлеуметтік жобасы ретінде Елбасының “Парыз”, ал 2009 жылы ІV Азаматтық форумда бизнес тарапынан жүзеге асырылған үздік әлеуметтік жоба ретінде “Таным” сыйлықтарымен марапатталған. Бағдарлама аясында Мұғалжар ауданында өз ісін ашуға ынталы тұрғындарға 850 мың теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі. Олар бұған осы аймақтың дәстүрлі бизнесін дамыта алады. Қаржылай көмек ұлттық кәсіпті, тұрмыстық заттарды, саз аспаптарын жасауға, киім, сөмке, аяқ киім, ұлттық киімдерді тігуге, азық-түлік өндіруге, мал өсіруге, жүн өндеуге, халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін шаштараз, наубайхана, ауылдық спорт клубтарын, фитнес орталықтарын ашуға, ұлт­тық қолөнерді дамытуға беріледі. Мұғалжар ау­да­­нының аз қамтылған тұрғындарынан қазірдің өзінде “Арай” әлеуметтік әріптестік бағдар­ламасының гранттарын алуға жүзден астам ұсыныс түскен, оның жиырмасы құжаттарын толық тапсырып та үлгеріпті. Құжаттар тапсыру үстіміздегі жылғы 10 сәуірге дейін жалғасады. Бағдарламаның қайтарымсыз грант­та­рынан үміткерлердің техникалық-экономикалық негіздемелерін “Лукойл” компаниясы өкілдері мен облыстың беделді қоғам қайраткерлерінен құралған сарапшылар сұрыптап, жеңімпаздарды анықтайды. Одан кейін Астана қаласында тәуелсіз мамандар бизнес жобалардың сапасы туралы қорытынды жа­сай­ды, соңғы шешімді Мәскеу қаласындағы “Лу­койл” компаниясының мамандары шығарады. Содан кейін барып, жеңімпаздарға 850 мың теңгеге дейін гранттар тапсырылады. Бұл қаржының өз мақ­са­тында жұмсалуына бақылау жасалып, бизнестің даму барысына мониторинг жүргізілетін болады. Әзірге компаниядан гранттар алған маңғыс­таулықтардың 85 пайызының ісі оңға басқан көрінеді. Бұл үлкен қайтарым. Бағдарлама құрылтайшылары Ақтөбе облысында бұдан да жоғары көрсеткішке жетуден үмітті. Олай болған жағдайда бұл облыстың басқа аудандарында жалғасатын болады. Бұл әрине, алдағы күндердің еншісіндегі шаруа. Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов бастаған он екі ауылдық және үш қалалық әкімдер қатысқан “Арай” әлеуметтік әріптестік бағдарламасының тұсаукесерінде облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова бұл жобаның игілігін ауылдықтардың көретініне сенімді екенін айтты, бағдарлама құрылтайшысы “Лукойл” компаниясының бағалы бастамасына сәттілік тіледі. Біз тұсаукесерге қатысқан әкімдердің жаңа жоба туралы пікірлерін сұрағанбыз. Айболат Мәнепов, Қандығаш қаласының әкімі: –Бұл жоба өз ісін ашуға талаптанушыларға таптырмайтын көмек әрі тиімді. Әсіресе, несие алуға мүмкіндігі шектеулі аз қамтылғандардың тұрмысын түзеуіне айқын жол ашады. Қазірдің өзінде он бес қандыағаштық осы жобаға қатысуға ұсыныс түсірді. Олардың арасында көрпе тігуге, қыз жасауын жасауға, наубайхана, әсемдік салонын ашуға, көкөніс өсіруге ұмтылушылар бар. Іляш Ниязова, Қайыңды ауылдық округінің әкімі: –Біздің ауылда жұмыссыздық жоққа тән. Дегенмен жобаға қатысуға он адам тілек білдіріп отыр. Олардың арасында жастар да, жасамыстар да бар. Бұл жобаның артықшылықтары көп. Біріншіден, тек қана ауылдықтарға, соның ішінде аз қам­тыл­ғандарға қайтарымсыз қаржылай қолдау көрсетіледі. Екіншіден, халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін шаруалармен айналысуға, ата кәсібіміз – мал өсіру­ге, мал тұқымын асылдандыруға, ұлттық қолөнерді жан­­дандыруға, ауылдық жерлерде спорт пен мә­де­ниетті дамытуға ықпал етеді. Шетелдік компа­ния­лардың бәрі осы “Лукойл” сияқты әлеуметтік әріптестікті қалыптастырса құба-құп болар еді. Міне, ауылдың ажарын ашатын, аз қамтыл­ған­дардың қанатын қатайтып, буынын бекітетін “Арай” әлеуметтік әріптестік бағдарламасының баянды бастамасы Ақтөбе өңірінде осылай қанат қақты. Сатыбалды СӘУІРБАЙ,   Ақтөбе облысы.