19 Наурыз, 2010

ЧЕКИСТ

941 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Полковник Мұқаш Шопанұлы Омаров 1925 жылы Қорғалжын  ауданының Жосалы ауылында туған. Орта мектепті бітірген соң    аудандық тұтынушылар қоғамында қатардағы қызметші, содан соң мектепте мұғалім, аудандық оқу бөлімінде инспектор болып жұмыс істейді. 1943 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Мұнда парашютист, радиооператор, пе­ленгаторшы, байланысшы сияқты кәсіпті игеру үшін арнайы бір жылдық әскери дайындықтан өтеді. Бұдан соң осы мамандықтар бойынша 4-ші гвардиялық әуе-де­сант бригадасында әскери міндетін атқарады. Кейін бұл құрылым 9-шы гвар­дия­лық армия қарамағындағы 38-ші гвардиялық корпустың 147-ші атқыштар полкіне еніп, 1945 жылдың басында 3-ші Украин майданының құрамына тапсырылады. Мұқаш Омаров артиллериялық ди­ви­зия басқармасының байланыс взводы бөлімшесінің командирі қызметін ат­қара жүріп, Венгрия мен Австрия ел­де­рін неміс фашистерінен азат ету май­данына қатысады. Соғыста жүріп ауыр жараланады, контузияға ұшырайды. 1945 жылы елге оралған соң Қор­ғал­жын аудандық оқу бөлімінің әскери инс­пекторы болып істейді де содан 1946 жылы республи­ка­лық Ішкі істер ми­нис­тр­лігінің (ІІМ) Алма­тыдағы бір жылдық мектебін бітіріп, кейін КСРО ІІМ-нің Москвадағы арнаулы оқу орнын аяқтайды. Сөйтіп, ол бүкіл сана­лы өмірін зейнет дем­алы­сына шыққанға дейін әуелі ІІМ-де, сосын 1954 жылдан бастап қауіпсіздік ор­гандарында қызмет істеуге арнайды. Мұқаң Жезқазған облыстық Мемле­кет­тік қауіпсіздік комитетіндегі бас­шы­лық қызметіне терең білімімен, оперативті мәселелерді шешудегі іскерлігімен, ға­жап сауаттылығымен өзі басқаратын ме­ке­меде ғана емес, рес­публика көлемінде бас­тықпын деп жүрген талайлардан шоқ­тығы биік тұратын. Артық айтқан­дық емес. Мұны жұрттың бәрі білетін, мойын­дайтын. Ішкі шаруашылыққа келсек, бағынышты қызметкерлерге ке­ре­мет талап қоятын, тәртіпті қатаң ба­қы­лайтын. Алайда, тәжірибесі аздығы­нан жұмысты білмей жатқандарға, әсі­ре­се жастарға, түсіністікпен қарап, олар­ды оқытып, үйретуден жалықпайтын. Мұқаңның бір қасиеті оперативтік қызмет болсын немесе таза шаруашы­лық істер болсын, егер дұрыстығына көзі жетсе, оны кез келген деңгейде – Алматыда ғана емес, Москваның ал­дын­да дәлелдей алатын. Облыс бас­шы­ларымен тіл табысып, олармен тәп-тәуір қарым-қатынас орнатты. Соның нәтиже­сінде ұжымда шешілмей жатқан көп мәселелер ойдағыдай реттеліп отырды. 70-жылдардың орта кезінде авто­но­мия құрылмайтындығына көзі жеткен неміс ағайын­дар бұған наразылық есе­бін­де көптеген жер­лерде кеңестік төл­құжат­тардан бас тартып, та­ри­хи Отаны – Германияға жаппай қоныс ауда­ру науқанын өрістетті. Кеңес өкіметі үшін мұ­ның өзі қай жағынан болса да тиімсіз еді. Жер-жерлерде осындай ниет байқатқан неміс азамат­тарын қудалау басталды. Жамбылда, Ақтөбеде, Қара­ғандыда, Алматыда бір топ не­містер сот­талып, кейбіреулерін психиатриялық ауру­ха­наға күштеп орналастыру фактілері орын алды. Жезқазғанда тұра­тын неміс қауымы да қол қусырып отыр­ма­ды. Олар Қарағанды, Тоқ­мақ, Алматымен байланыс жасады. Ресми орындарда тіркелмеген жеті адамнан комитет құрды. Оны ұйым­дастырған дінбасылары Фризен мен Классен Қазақ­станға келген шетелдіктер арқылы Германия елшілі­гі­не тарихи Отанына көшкісі келетіндердің тізімін жа­сы­рын түрде жеткізді. Мұны­мен бірге комитет басшы­ла­ры тұрғындарға неміс ко­ло­ниясының тарихы туралы ақпар берді, Кеңес өкіметі та­рапынан жасалып отыр­ған қиянат туралы лақап таратады. Би­лік­ке қисынға келе қоймайтын, орын­дау­ға болмайтын талаптар қояды. Сөй­тіп, шет елге жаппай қоныс аудару пи­ғы­лын қоздырып, өкіметке қарсы өш­пен­ділікті арттыра түсуге әрекет жасай­ды. Фор­мальді түрде осының бәрі, сайып кел­генде, қылмыстық істің негі­зін құрайды. Ал республикалық МҚК сөз болып отырған оқиғаға қатысты адамдарды соттап, қамауға алуды талап етеді. “Оларды түрмеге қамағанмен мәселе шешілмейді, сондықтан заңға сәйкес алдын алу шараларын жүргізу керек”, деген Мұқаңның сөзіне алматылық басшылар көнгісі келмейді. Бұдан соң ол обкомның бірінші хатшысы К.С.Лосевке барып, мән-жайды жайлап түсіндіреді. Жазалау саясаты проблеманы түпкі­лі­кті реттей алмайды. Өйткені, ең алды­мен немістер көтерген мәселені жөнге келтіріп алғанымыз жөн. Кезінде “жап­пай жер аудару қателік бол­ды, сон­дық­тан кінәларың жоқ, ақталдыңдар” деген жарлық бар. Олай болса, бұрынғы авто­но­мия неге қалпына келтірілмейді? Сон­да олар ұлт есебінде жойылып кет­пес үшін тілін, дінін, әдет-ғұрпын сақ­тау мақсатымен не істеуі керек? Сол үшін тарихи Отанына кетуге рұқсат бе­рің­дер деген талап қажеттіліктен туындаған жоқ па? Әрине, мұндай жағдайды кейбір экстремис­тер өз пайдасына шешкісі ке­леді. Оны ушықтырып, ұжымдық сипат, саяси астар беріп жүргендер де жоқ емес. Бірақ қалай болған күнде де көпшілігін соттап, түрмеге қамау нәти­же бермейді. Одан да тыныш отырған жұртты теріс жолға итеріп, оларға жан­ашырлық жасаған болып заңсыз жолға итермелеп, арандатып жүрген бір-екі адам­ға ғана ескерту жасаған дұрыс емес пе? Белгіленген тәртіп бойынша қоныс аударғысы келгендерге Германияда ең жақын туыстары болса және олар “бізге келіңдер” деген шақыру қағазын жібер­се ғана рұқсат еті­летін. Мемлекетаралық шарт бойынша өтініш тек жеке тұлға­лар­дан алынады, ал ұжымдық түрде бе­рілген арыз-шағым қаралмайды. Алайда, Фризен мен Классен неміс елшілігінен осындай мазмұнда хат алса да, оны қан­дас­тарынан жасырады, ұжымдық қоз­ғалысқа, топ болып наразылық білдіруге шақырады. Неміс комитетіне басшы болып жүргендерді түрмеге жапқаннан гөрі олар­дың екіжүзді қылы­ғын қан­дастарына паш еткен тиімді еді. Ал сот арқылы жауапқа тартылса, өкімет “жа­зықсыз жанды репрес­сияға ұшыратып жатыр” деп сыбай­лас­тары арқылы бүкіл әлемге жар салады, сөйтіп оп-оңай арзан абырой-беделге ие болады. Болып жатқан осындай жағдайдың бәрін обкомның бірінші хатшысы К.С.Лосевке баян­дағанда бұл пікірді облыс басшысы қолдады. Мұқаң бел­гілеген іс-шаралардың жүзеге асырылуы толық мақұлданды. Фризен мен Клас­сенді немістердің өзі діни басшылықтан қуды, олар үшін жазаның ең үлкені де осы еді. Өйткені жұрт алдында өтірікшілігі әшкереленіп, абыройы айрандай төгіледі, масқара болады. Комитет таратылады, ал ежелгі Отаны – Германияға біржола көшуге құқығы бар азаматтарға заң шеңберінде рұқсат етіледі. Сөйтіп, мәселенің бәрі сол кездегі қалыптасқан тәртіп бойынша у-шусыз, құқықтық арнаға түсіп, бірде-бір адам түрмеге жабылмайды. * * * Әділдік туын көтеріп, шындықты жақтай­тын, қажетті жерде “ақты ақ, қараны қара” деп принциптік көрсете алатындардың жолы оңай болып көрген емес. Оны өмірден көріп жүрміз. Мұқаң сондай адамдардың қатарына жатады. Оның ар тазалығын қадірлегені, адам­гершілік қасиетті жоғары ұстағаны үшін талай қиын жағдайларға ұшырағаны да бар. Бастыққа жағынамыз деп жарам­сақ­тану, тәуір көрсеткіш, атақ-дәреже алу үшін заңды белінен басу, шын­дық­ты бұрмалау деген Мұқаңа мүлде жат. Адам тағдырына Мұқаңның қандай жанашырлықпен қарайтындығын сезу үшін өзі айтқан бір оқиғаны баяндай кет­кен жөн болар. Оның қысқаша маз­мұны мынандай. Бірде өзімен үзеңгілес жүрген қыз­мет­кердің ұзақ іссапарға кетуіне бай­ла­ныс­ты соның қа­рауындағы Шилов деген инженердің қылмыс­тық ісімен ай­налысқаны бар. Істі тапсырып жатып сол жолдасы: “Сен оны аяма. Үйінен еш­кімді жолатпа, сәлемдеме бергізбе. Қайда барады дейсің, мойнына алады”, – дейді. Сол кездегі (1948) заң бойынша айыпкерден “қылмыс жасадым” деген сөз аузынан шықса-ақ, басқа пәлендей дәлел болмаса да оны соттап жіберуге болатын. Сондықтан да тергеушілер көп жағдайда дәлел, деректерді іздеуден гөрі бар күшті айыпкерді мойын­датуға жұмсайтын. Қор­қытып, үркі­ту­ден, жан азабынан, басқа көрген қор­лықтан әбден шаршап, қажыған адам ақырында жасамаған қылмысын мойындап, сотталып кете баратын. Ісін соттан өткізген тергеуші керемет бір шаруа тындырғандай көңілі көншитін. Мұның ешбір қызық-қуанышы болмаса да, өкінішке қарай, осындай жағдайдың сол уақытта елімізде етек алғаны ащы да болса шындық еді. Ал жаңағы сөз болған істі қыс­қар­тып айтсақ, былай екен. Шилов 20-жыл­дардың аяғында Қиыр Шығыста Қызыл әскер қатарында жүрген кезінде контрреволюциялық үгіт-насихат жа­сағаны үшін РСФСР Қылмыстық ко­дексі­нің 58-бабының 10-тармағы бой­ын­ша он жылға сотталыпты-мыс. Түр­ме­де жазасын өтеп жүрген кезде, 1930 жылы, лагерьден қашқан сияқты. Ресей­дегі туысына барып, институт бітір­ген­нен кейін Семейдегі бір кеніште бас ин­женер болып жүрген жерінен Ұлы Отан соғысына қатысады. Көптеген орден, медальдарға ие болып, капитан шенінде елге оралады. Содан Алматыға келіп, Ішкі істер министрлігіне қарасты бір ме­кемеге өз мамандығы бойынша орна­ласпақшы екен. Бірақ арнайы тексеріс жүргізілген кезде оның қылмыскер есебінде Бүкілодақтық ізденісте жүр­гендігі белгілі болады. Осыған орай қай­та­дан қамауға алынып, бұрынғы айы­бына лагерьден қашты деген сылтаумен бұған контррево­люциялық бүлік деген пәле (58-баптың 14-тармағы – саботаж) және қосылады. Алайда, тергеушілер жан-жаққа қан­ша сұрау салса да айыпталушыға қатыс­ты бұрынғы қылмыстық істі таба алмай­ды. Аты-жөнін, өмірбаяндық деректерін ешқандай өзгеріске ұшыратпаған Шилов болса “мен сотталған емеспін, сондықтан ешқандай лагерьден қашқан жоқпын” дегеннен бір таймайды. Бірақ Шиловтың пайдасына шеші­ле­тін тағы бір жайлар бар еді. Ол Ресей­дің батыс облы­сында туып-өскен, демек, түрмеден қашып кет­кендігі және оны іздестіру жөніндегі мате­риалдар, егер бар болса, сол туған жерінде сақ­талуы тиіс. Алайда, соғыс кезінде неміс­тердің басып алу қаупі туған кезде құ­қық қорғау органдары ондай материал­дарды жау қолына түспесін деген оймен өртеп жіберуі де ық­тимал. Қалай болған күнде де тиісті дәлел болмағандықтан тергеу тұйыққа тіреледі. Ал Шилов болса контрреволюцияға қа­тысы бар аса қауіпті қылмыскер есеп­тел­гендіктен оны босатуға жатпайтын. Тәртіп солай. Мұқаң соңғы қозғалған қылмыстық істі тағы да мұқият оқып шықты. Айып­кер жасады деген қылмысқа дәлел жоқ. Соған қарамастан бұрынғы тергеуші оның өмірбаянына қатысты сауалды жаудыра берген. Жобасы сұрақ кезінде бірдеңеден шатасып қалса соны дерек есебінде пайдаланбақ болғанға ұқсайды. Ал Шилов “көргем жоқ, білгем жоқтан” басқа ештеңе айтпайды. Жоқ жерден барды табу қиын. Екіншіден, Шилов лагерьден қашып кетті дегеннің өзіне 17 жыл өтті. Инсти­тут бітірді, жұмысын адал өтеді. Ұлы Отан соғысына қатысты, елін, жерін қорғады. Көптеген орден, медальдармен наградталды. Яғни, оны тап қазір қо­ғам­ға қауіп төндіретін адам деп айтуға бол­­майды. Олай болса, бас бостан­дығынан айырып, түрмеге отырғызудың қажеті бар ма? Және не үшін? Міне, осы жағдайларды ескере ке­ліп, Мұқаң Шиловты қамауға алуға не­гіз жоқ, оны босату керек деген шешім шығарады. Жас тергеушінің мұндай батыл қимылына тәжірибелі қызмет­кер­лер, оны заңмен қабыстырып, дәлелін қалай табар екен дегендей таңдана қара­ғаны рас. Бірақ Мұ­қаңның бұл орынды пікірі басшылық тарапынан қолдау тауып, іс тоқтатылады, ал тоғыз ай абақ­тыға негізсіз қамалған Шиловты үйіне жібереді. Проблема тұтқынға түскен бір адамда емес қой. Тергеушінің қателесуге құ­қығы жоқ. Өйткені, әр шешімнің артында тірі адам, оның қилы тағдыры болатындығын әрдайым есте ұстаған жөн. Мәселе принципте. Шиловты ақтауға байланысты оқиға сонау 40-жылдардың аяғында болса да, оның ұмытылмай Мұқаңның көз алдында бүгінгідей елестеп тұратындығы содан болса керек. Бұл жағдай оның өміріне өшпестей із қалдырды. * * * МҚК тарапынан елдің бірлігін сақтап, іші-сыртымыздың тыныш болуы мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес. Алайда, белгілі себептерге байланысты біраз уақыт құпия сақтау қажет болғандықтан жұрт оны кезінде ести бермейді. Осыған орай бір оқиғаны еске түсіріп көрейік. Осыдан қырық жылдан астам бұрын ұлы көршіміз Қытай жерінде мәдени революцияның кең көлемде өріс алған кезеңінде Абдрашитов (аты өзгертіліп алынды – А.К.) деген біреу саяси сах­на­ға шығуға тырысып бақты. Ол түбі шың­жаңдық жерлес азаматтардың ба­сын біріктіріп, қандастарын ұлыхандық езгіден соғыс жолымен азат ету керек деген желеумен бұрынғы КСРО аума­ғын­да әскер құруға әрекет жасапты. Осы мақсатпен ертеректе Шыңжаң өл­ке­сінде өмір сүрген Шығыс Түркістан­ның Халықтық Рево­люциялық партия­сын (ШТХРП) тірілтпекші болады. Ынталы топтың атынан коммунистік және жұмысшы партияларының халық­аралық кеңестерін өткізумен айналы­сып, Будапештегі консультативтік Комитетке хат жазып, одан ШТХРП-ны тануды, оның өкілдерін өткізілейін деп отырған әлемдік форумға шақыруын өтінеді. Сонымен бірге ол ұйғырлар арасында кеңес басшылығы Шыңжаң хал­қына екі рет – 30-жылдары гомин­дан­дық Шэн-Шицай басшылық жаса­ған уақытта және 1950 жылы халықтық өкімет құрылған кезде сатқындық жа­са­ды деген хабар таратты. КСРО Шың­жаң есебінен осы жолы да қытайлармен сөз байласып, келісім жасауда деп қандастарын сендірмек болды. Сол кезде Шыңжаңдағы саны аз халық­тардың кейбір проблемалары шын мәнінде бар еді. Содан болар, Абдра­ши­тов­тың бұл ісі КСРО-да тұратын кейбір ұйғырлар тарапынан қолдау тапқаны да рас. Абдрашитов өзімен сыбайлас, пі­кірлес Ташкентте тұратын Фай­золламен (аты өзгертілген – А.К.) Алматыда кез­десті. Бұл жүздесу барысында Қазақстан мен Өзбекстанды мекендейтін шыңжаң­дық ұйғырлардың Мао Цзе Дун қол­шоқпарларына қарсы күрес жүргізудегі ортақ бағытын ай­қын­дау көзделген еді. Алайда, қозғалыс басшылығы жөнінде пікір алшақтығы болғандықтан бұлар бірлескен тұжырымға келе алмады. Абдрашитовтың бұл қимылы Мао Цзе Дун өкіметіне бағышталған күреске ешқандай қатысы жоқ болатын. Мұның өзі тек КСРО мен Қытай арасындағы он­сыз да оңып тұрмаған қарым-қаты­нас­ты одан әрі шиеленістіре түсуге ық­пал жасауы мүмкін еді. Сонымен бірге Қытай басшыларын Шыңжаң халық­тарына қарсы қуғын-сүргінді күшейтуге итермелейтін нағыз арандатушылық әрекет деп бағалауға болады. Жоғары бас­шылық солай деп есептеді де. Сон­дық­тан МҚК ұйғыр “көсемінің” осы қауіпті іс-әрекетіне тойтарыс беруі қа­жет еді. Ал осы жауапты іс-шараны дайындап, жүзеге асыру Мұқаңа тапсырылды. Ең алдымен Абдрашитов жөніндегі қандай деректің бар-жоғы зерттелді. Жалпы осы оқиғаға байланысты мате­риалдардың бәрі сұрыпталып, талдау жасалды. Сөйтсек, біраз дүние бар екен. Абдрашитов Шыңжаңда тұрған кезінде Дүрбілжінде астыртын жұмыс жүргізген өзінің бауырлас патриоттарын бірнеше жыл бойына гоминданның қарсы барлау органына ұстап беріп отырған. Кейін халықтық өкімет орнағанда да қоғамдық қауіпсіздік органдарымен байланыста болып, оның құпия хабары бойынша Қытайға қарсы бүлікшіл іспен айна­лысты деген айып тағылып, Құлжада бір топ ұйғыр жастары қуғын-сүргінге ұшыраған. Абдрашитов 1944 жылы халық азат­тық соғысында қаза болған Шыңжаң­ның халық Батыры, өзімен бірге туған Ризвангүлдің атақ-даңқын қарақан ба­сының пайдасы үшін шеше білген. Өкіметтің сеніміне кіріп, провинциялық комсомол комитетінің хатшылығына сайланады. Ал 60-жылдардары оның би­лікке жағынып, қандастарына жасаған әрекеттері белгілі бола бастаған кезде ұйғыр халқының қаһарынан қорыққан ол, Қазақстанға қашып, бас сауғалайды. Олай болса, мұндай принципсіз, сы­нап­тай құбылмалы адамнан не үміт, не қайыр. Бірақ оңайлықпен тоқтайтын ол жоқ. Халық сеніміне кіріп, тағы да ұйғырлар мен қытайлар арасына от жаққалы тұр. Үлкен сахнаға қайтадан шыққысы келген Абдрашитовтың саяси келбеті осылай болатын. Ендігі міндет жұрт біле бермейтін осынау шындықты ұйғырдың зиялы қауымына жеткізу керек еді. Солай жасалды да. Ғалымдар мен жазушылар, өнер қай­раткерлері, ұйғыр зиялыларының көрнекті өкілдері Абдрашитов жөніндегі сұмдық шындықты естігенде бомба жарылғандай әсер етті. Оған жұрт лағ­нет айтып, ал онымен сыбайлас, жақын жүргендердің өзінен теріс айналып, кез­десе қалса, жиіркеніш сезімін білдіріп, маңайларына жолатпайтын болды. Абдра­шитов пен Файзолла арасындағы ұрыс-керіс, өсек-аяң молайып, бітіспес күреске ұласты. Ақыры екеуі де бедел­ден жұрдай болды. Сөйтіп, Абдрашитов қоздырған саяси зиянды ниет біртіндеп басылып, ең соңында мүлдем тынышталды. * * * Үлкен өмір өткелінен өткен Мұқаш ағамыздың еңбек жолы, шығармашы­лық қызметі жөнінде әңгіме болса, сөз жоқ, көз алдымызға Зейнеп жеңгеміз елестейді. Қадірлі ағамыздың Ұлы Отан соғысына қатысып ауыр жарақат алуы, сосын қауіпсіздік саласындағы ұзақ жылғы үзіліссіз қызметі үй ішіне жайлы болды деп айта алмаймыз. Таңның аты­сынан түн ортасына дейін жұмысбасты болған оған сенбі, жексенбі дегеннің қатысы шамалы болатын. Түннің бір уағында шырт ұйқыда жатқанда телефон безілдеп, қызметке кететін кездер аз бол­ған жоқ. Міне, осының бәріне түсі­ністік көрсетіп, Мұқаң ағамыздың қас-қабағына қарап, оның Отан, ел алдын­да­ғы міндетін абыроймен атқаруға Зей­неп жеңгеміздің үлесі мол екендігін ерекше атап айтқымыз келеді. Амантай КӘКЕН, отставкадағы полковник, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, республикалық “Жалын” журналының Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлығының лауреаты. Астана.
Соңғы жаңалықтар