19 Наурыз, 2010

АЛАЯҚТАР АЛДАУЫНЫҢ АҚЫРЫ БОЛАР МА ЕКЕН?

549 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елімізде өмір сүретін әр адам­ның жағдайы талапқа сай дәре­жеде болуы үшін мемлекет қол­дан келген мүмкіндікті жасап отыр. Әсіресе, ауыл шаруа­шы­лы­ғын дамыту мен кәсіпкерлікті қол­дауға ерекше назар аудары­лу­да. Соған орай мемлекет қомақты қаржы бөлуде. Алайда осы көп­ші­ліктің игілігіне арналған іске қиянат жасап, аяқтан шалушылар не­сие­лер мен субсидияларды за­ң­­сыз алып, мақсатсыз пайдаланып жатқаны көңілге кірбің түсіреді. Мәселен, Экономикалық қыл­мысқа және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес агентті­гінің хабарлауынша, ауыл ша­руа­шылығы саласындағы несиелер мен субсидияларды заңсыз алған көптеген АҚ және ЖШС басшы­лары мемлекетке 1 млрд. 302 млн. теңге зиян келтірген. Бұл мақ­сат­сыз пайдаланылған (5 млрд. 850 млн. теңге) несие қаражатының 22 пайызын ғана құрайды. Демек, ауыл шаруашылығы өркендесін, дамысын деп мемлекет бөліп жатқан ақшалар тиісті мақсатқа толықтай жетіп жатқан жоқ. Бұған қаржы полициясының дәлелі деп көп. Ақмола облы­сын­дағы “Дәулет” өндірістік коопе­ративі көкөніс өсіруге арналған арнайы техника сатып алам деген сылтауымен “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-тан алған 118 млн.теңге несиені мақсатсыз пайдаланған. Құқық қорғаушылар артына шам алып түскенін білген соң кооператив директоры із жасырып үлгеріпті. Қазір оған іздеу жарияланған. Сол сияқты Жамбыл облысында да жергілікті әкімдікті айналып өткен кәсіпкер аты да, заты да жоқ мүлікті ке­пілзат ретінде ұсыну арқылы тау­арлы сүт фермасын ұйымдастыру мақсатында кәсіпкерлікті дамыту қорынан 32 млн.теңгеден астам мемлекеттік несие алған. Болар іс болып, бояуы сіңген соң ғана же­ке кәсіпкердің қылмысы әш­кере­ленген. Ақшалай қаражаттың мақ­сатсыз жұмсалғандығын тер­геу ашып берді. Ал Алматы об­лы­сында “Кокан” ЖШС-нің ди­рек­торы балық өнімдерін өсіру және өңдеу мақсатында 10 млн.теңге көлемінде жеңілдетілген қарыз алып, оны мүлде басқа мақсатқа пайдаланған. Қаржы полициясы органда­ры­ның жедел-тергеу тәжірибесі көр­сеткендей, аталмыш санаттағы қылмыстардың басым бөлігін мем­лекеттік несиелер мен субси­дия­ларды жалған құжаттар тап­сы­ру арқылы заңсыз алу фактілері құрайтындығы да дәлелденіп от­ыр. Мұндай қылмыстарды жасау­дың кең тараған әдісі кепілзат ретінде шын мәнінде жоқ мүлік құжаттарын тапсыру болып табы­лады, дейді Қаржы полиция­сы­ның ресми өкілі М.Жұманбай. Мәселен, Солтүстік Қазақстан об­лысында “Турайа” ЖШС ди­рек­торы өзге кәсіпорындармен бірлескен қызмет атқару туралы жал­ған келісім-шарттарды ұсы­нып, көктемгі және жинау жұ­мыс­тарын өткізу үшін Азық-түлік корпорациясынан 17,5 млн. тең­геден астам жеңілдікпен қарыз ал­ған. Ал Батыс Қазақстан облы­сын­да шаруа қожалығының бас­шы­сы Козлов жалған құжаттар арқылы Азық-түлік корпорация­сынан көктемгі дала жұмыстарын өткізу мақсатында 6,4 млн.теңге көлемінде несие алады. Алайда оның егу жұмыстарын жүргізетін жер телімінің өзі болмаған. Сол сияқты Солтүстік Қазақстан об­лы­сында “Жагипаров и К” ЖШС директоры жалған құжаттар тапсыру арқылы Азық-түлік корпорациясынан көктемгі егу және күзгі жиын-терін өткізуге 9,5 млн. теңге несие алған. Қаржы полициясы келтірген мұндай қылмыстардың саны өте көп. Оның ішінде кепілзат ретін­де мүлде жоқ мүліктің саны мен сапасы туралы жалған ақпарат беру несиені заңсыз алудың кең тараған тағы бір жолы болып табылады. Осы санаттағы қыл­мыс­тар екінші деңгейлі банктерге де айтарлықтай зиян келтірген. Александр ТАСБОЛАТОВ.