19 Наурыз, 2010

СУПЕР ЛОТО ТУРАЛЫ БӘРІН ДЕ БІЛГІҢІЗ КЕЛСЕ!

897 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Супер лото Қазақстандағы он-лайн режімдегі алғашқы лотерея болып табылады. Бүгінгі таңда оның негізгі жүлде қоры 80 млн. теңгеден асып түсіп, 100 млн. теңгеге жақындады. Осы орайда сәттілік ханшайымымен қалай достасуға болатындығы жөнінде Kazakhstan Lottery Servіce компаниясының қоғаммен байланыс департаментінің директоры Садық ЕГІЗОВПЕН әңгімелескен болатынбыз. – Садық мырза, алдымен Kazakhstan Lottery Servіce компаниясының қызметі туралы айтып өтсеңіз. – Біздің компания өз жұмысын 2004 жылы бастаған болатын. Осы уақытқа дейін біз Қазақстанда он-лайн лотерея ашуға талпыныс жасап, үлкен дайындық жұмыстарын жүргіздік. Супер лото ойынын ойнау принципі төмендегіше болады. 38 сан ішінен кез келген 6 санды таңдау керек. “Он-лайн” термині билет сату терминалдарының әр біреуі орталық мәліметтер базасымен байланысты дегенді білдіреді. Билетті сатып алу кезінде орталық мәліметтер базасына оның қай жерде, қашан сатып алынғандығы, қандай сандардың белгіленгендігі туралы ақпарат келіп түседі. Мұндай жүйені қолдану билеттерді қолдан жасау немесе ауыстырып жіберуден сақтайды. Бүгінде Қазақстан аумағы бойынша 1000 терминал жұмыс істеуде және бұл жобаға салынған инвестиция құны 2,5 млрд.теңгені құрайды. – Осыншама мол қаржының құйылуына қарамастан көптеген адамдар лотереяға сене бермейтіні белгілі. Кейбіреулері мұндайды алаяқтық деп те атап жатады. – Иә, дұрыс айтасыз. Бір кездері лотереяның түр-түрі қаптап кеткен болатын. Қысқа уақыттан соң жоғалып кеткен сол лотереялар шындығында да адамдар сенімін жоғалтып алды. Дегенмен Супер лото ұзақ мерзімдік жоба болып табылады, оның үстіне жобаға аз ақша құйылған жоқ. 2,5 млрд. теңгенің қаржысын құя отырып, бизнесті тез арада жауып тастау ақылға сыйымсыз екеніне оқырмандар келіседі деген ойдамын. – Бізге белгілі болғанындай, Kazakhstan Lottery Servіce Қазақстанның басқа аймақтарына шығуды жоспарлауда екен. Супер лотоның қай қалаға қашан келетіні туралы нақты жоспар бар ма? – Дәл қазіргі күні біз Қазақстанның 7 өңірінде жұмыс істеудеміз. Бұлар – Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Семей және Тараз қалалары. Сәуір айынан бастап Супер лото қосымша 4 қалада, атап айтсақ, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Павлодар қалаларында сатылымға түспек. Аталмыш 4 қалада компанияның өңірлік өкілдіктері құрылды. Ал мамыр айының басында қалған 4 қала – Петропавл, Қостанай, Қызылорда және Талдықорғанда жұмыс бастамақ ниеттеміз. – Супер лотоның жүлде қоры 80 млн. теңгені құрайтындығы ойнаушылардың қызығушылығын арттыратын ақпарат екені сөзсіз. Бұл ақпарат сондай-ақ лотерея туралы алып-қашпа әңгімеге де тамызық болуда. Мысалы, мұндай көлемді жүлде қоры қайдан пайда болды деген заңды сұрақ туындайды. – Супер лотода билет неғұрлым көп сатылса, негізгі жүлде қоры соғұрлым көбейе түседі. Енді жаңа өңірлерде сатылатын болса, жүлде қоры одан сайын өсе түспек. Ал қазіргі жүлденің сомасы билет сатылымынан түскен ақшадан ғана тұрмайды. Оның құрамында компанияның 50 млн. теңгені құрайтын ең төменгі кепілдік сомасы да бар. – Ең төменгі кепілдік сомасы жөнінде кеңірек тоқталып өтсеңіз. – Жүлде қоры – Супер лотодағы барлық сатылған билеттердің 50 пайызын құрайды. 4 және 5 санатты жүлдені қоспағандағы жалпы жүлде қорының 65 пайызы 1 санатты жүлде, яғни бас жүлдені құрайды. Басында сатылған билет саны аз болғандықтан, жүлде қоры да соған сәйкес аз болды. Сондықтан сатылған билеттен бөлек компания тарапынан 1 санатты жүлдеге қосымша қаржы бөлдік. Міне, осы қаржы ең төменгі кепілдік сомасы деп аталады. – Бұл соманы қай уақытқа дейін қаржыландырмақ ойларыңыз бар? – Супер лотоның 20 ойынына дейін қаржы­ландырып отырамыз. Яғни, үстіміздегі жылдың 17 сәуіріне дейін болады. Егер осы ойында жеңімпаз анықталып, бас жүлдені алатын болса, келесі ойынның джек-поты тағы да кепілді 50 млн. теңгені, оған қоса сатылымнан түскен қаржыдан құралады. Сөйтіп жаңа жеңімпаз анықталмайынша өсе беретін болады. Супер лотоның ерекшелігі әрі ұтымды жағы осы. – Сонда Супер лотоны дәл қазір сатып алу тиімді демексіз ғой. – Солай деп айтуға да болады. Өйткені, 20 ойынға дейін сатылған билет қаржысына кепілді 50 млн. теңге қосылады. Лотерея Қазақстанның барлық өңірлерінде сатылған жағдайда бас жүлде қоры көбейе түспек. Америка немесе Еуропада адамдардың жүздеген миллион доллар ұтысқа ие болып жатқанын естіген боларсыз. Бұл да сол ойындардың бір түрі. Жуырда Қазақстанда да сондай жаңалықты еститіндіктеріңізге сенімім кәміл. – Қаңтар айында бас жүлдені иеленген екі жеңімпаз анықталғаны белгілі. Біреуі – Астана, екіншісі – Шымкент қаласынан. – Бізде 10 млн. теңгеден жоғары жүлдеге ие болғандар саны – 10. 3 ойында 2 санат бойынша 4 жеңімпазымыздың әрқайсысы 10 405 733 теңге ұтысқа ие болды. Сондай-ақ 6 ойында 2 адам 1 санатты ұтысқа ие болды. Олардың әрқайсысы ұтқан сома көлемі 34 705 331 теңге. Жақында біз миллионерлеріміз қалай тұратындығы жөнінде қызығушылық танытқанбыз. Астаналық жеңімпазымыз жаңа пәтер сатып алса, шымкенттік миллионер ұлына автокөлік, қызына үй сатып алып беріпті. Отбасымен саяхатқа шығып, дема­лып қайтыпты. Олардың бақытты жүзіне қарап оты­рып, үлкен әсер алдым. Тағы да қайталап айтқым келе­ді. Супер лотода әрбір адамның миллионер болуға мүм­кіндігі бар. Адам билеттегі сандарды өзі таңдайды, бұл біздің лотереямыздың әділеттілігін тағы да бір рет дәлелдейді. – Садық мырза, әңгімемізді қорытындыласақ. – Лотереяда санды өзіңіз ғана таңдайсыз, және сіз олармен ойнайсыз. Бір деңіз. Екіншіден, сатудың он-лайн басқару жүйесі Супер лотоға сенуге болатын­ды­ғын білдіреді. Үшінші ерекшелік, бұл үлкен көлемдегі қаржылық салымдар. Мұнда Samsung, Kcell, Қазақ­телеком сияқты жоғары деңгейлі компаниялар қатысуының өзі көптеген нәрсені білдіреді. Супер лотоның ұстанып отырған басты саясаты – “Бақыт сыйлау!” Супер лото билетін сатып ала оты­рып, сіз бақытты сәттерді көз алдыңызға әкеле аласыз. Егер жеңіп жатсаңыз құба-құп, осының барлығы да сізді шындығында да бақытқа бөлейтін болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.
Соңғы жаңалықтар