19 Наурыз, 2010

АЛЫПТАР МЕН АЛЫМДЫЛАР

639 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Осы аптада Астана төрінде Бокс федерациясының ұйымдастыруымен екі күнге созылған байрақты бәсеке өтті.Бұған дейін елімізде өткен ха­лықаралық турнирлерге осыншама мән берілгенін көргеніміз жоқ десек, артық айтқандығымыз емес. Мұны алдымен Бокс фе­де­ра­ция­сының тізгінін Тимур Құ­лы­баевтың ұстағалы бері елімізде осындай бәсірелі бәсекелерді өткізуге, спорт­­тың осы түрін дамытуға ба­рын­ша назар аударылып жат­қандығымен байланыстыруға болады. Сонымен бірге, соңғы кездері елімізде бокс сындарының қы­зықты және тартысты өтуіне ұлттық құраманың жаңадан жа­сақ­талып, оның басшылығына келген Мырзағали Айтжановтың былғары қол­ғап шеберлерін түрлі бәсе­ке­лерге қа­тыстырып, олардың  жүл­денің неше түрлерін қанжығасына байлап әкеліп жатқандығының да өзіндік себебі бар десек қате­лес­пес­піз. Ал енді осы же­­тіде Астана тө­рінде екі күн бойы керілген шар­шы алаңда өт­кен ай­қас­тарға келер бол­­­сақ, бұл тур­нирге бұған дейін хабар­ла­ға­ны­мыз­дай, Қа­зақ­стан, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Украина құ­ра­ма­лары қатысып, АИБА ережесі бойынша 11 салмақ дәрежесінде қол­ғап түйістірді. Бұл бәсеке олимпиалық жүйе бойынша өтті. Онда екі жұпқа бөлінген төрт команда турнирдің алғашқы күні бір-бірімен кездесіп, содан кейін қарсыластарын ұпай саны бойынша жеңген құрамалар келесі күні өзара күш сынасты. Сөйтіп, бірінші күнгі айқаста Әзірбайжан мен Өзбекстан, Украи­на мен Қазақстан коман­да­ла­ры кездесті. Бұл сында ала тақиялы ағайындар Қап тауының етегінен келген қонақтарды 7:4 есебімен жеңсе, алаң иелері Украина бокс­шы­ларын 10:1 есебімен тізе бүктірді. Ал екінші күні  үшінші орын үшін өткен айқаста Украина ше­бер­лері қазақ боксшыларына жі­бер­ген есесін Әзірбайжан құра­ма­сы­нан қайтарды. Есеп – 6:5. Осы күні турнирдің жеңімпазын анық­тау үшін болған сын аса қызықты және тартысты өтті. Бұл жекпе-жектерде отандастарымыз бір ғана салмақ дәрежесін есептемегенде шаршы алаңға өзбек елінің үмітін арқалап шыққан боксшылардың бәрін ұтты. Қорытынды есеп –  9:2. Мұнда Біржан Жақып (48 кг.), Мирас Жақыпов (51 кг.), Данияр Төлегенов (54 кг.), Думан Әлімов (57 кг.), Айдар Әмірзақов (60 кг.), Бақытжан Қожабеков (69 кг.),  Алмат Серімов (81 кг.), Василий Левит (91 кг.) өз салмақ дәре­же­ле­рінде айқын басымдылық танытса, аса ауыр салмақта айқасқан Руслан Мыр­са­таев қарсыласын но­каутпен жеңді. Сөйтіп, екі күнге созылған турнирдің қорытындысы бойынша Думан Әлімов бәсекенің ең үздік боксшысы атағына ие болды. Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.
Соңғы жаңалықтар