Аймақтар • 23 Шілде, 2019

Қарасу халқы құлшылық үйін салып жатыр

789 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысы Амангелді ауданы Қарасу ауылының азаматтары бірігіп, біраз шаруа тыңдырып жүр. Мұндағы істің көп ұйытқысы жергілікті тұрғындар мен сыртта жүрген кәсіпкерлер. Олар Нұр-Сұлтан қаласының туған күні қарсаңында ауылда заманауи шағын футбол алаңын салып алған болатын. Таяуда ауылда мешіттің іргетасы қаланды.

Қарасу халқы құлшылық үйін салып жатыр

Берекелі істің басы-қасында жүрген азаматтың бірі – Бақытбек Абатов. Игілікті істі елордада отырып атқару қиын болғандықтан, ол арнайы ауылға келіпті. Бұған дейінгі футбол алаңын салу жұмыстары жеңілдеу болса, құры­лыс нысанын салу әлдеқайда күрделі және шаруасы көп. Бақытбек мешітке қажетті құрылыс заттарын сатып алу мен жеткізу секілді түрлі шаруаларды тың­дырып жүр.

Мешіттің құрылысы 16 маусымда басталған. Қазір қабырғалары тұрғызылып, төбесі жабылған. 168 шаршы метрді алып жатқан ғимарат барлық талаптарға сай салынады. Бұл үшін ауылдың жанашыр азаматтары 9 млн теңге ақша жинап үлгерген. Құрылыс материалдарын Нұр-Сұлтан және Қостанай қалаларынан алдырту кезінде транспорттық мәселелер туындаған. Бірақ сауапты іске қаржылай және басқа да үлес қосып жатқан адамдардың көмегінің арқасында жағдай тез ретке келуде. Ендігі жұмыс мешіттің күмбезін көтеріп, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын бітіру.

– Ауылда шамамен мыңға жуық адам тұрады. Жыл сайын халық саны көбейіп келеді. Жастардың да дінге деген көзқарасы көңіл қуантады. Сондықтан жұртшылыққа арнап құлшылық үйін салудың мәні зор. Жанында тұрған ескі намазхананы жөндеп, мешіттің қажетіне пайдалану ойда бар. Оның бәрі алдағы уақыттың еншісінде. Ең бастысы, келесі айда мешітті салып бітіреміз, – дейді Бақытбек Абатов.

Қарасулықтар осы қарқынын жоғалт­паса, қыркүйекке дейін 200 адам сыятын жаңа мешіт халықтың қолданысына беріледі.


Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»