19 Наурыз, 2010

ТРАНСФЕРТТІК БАҒА ЗАҢМЕН РЕТТЕЛЕДІ

735 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысы да  Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылында апат  салдарынан қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Мәжіліс депутаттары бір күндік еңбекақыларын арнайы қайырымдылық есеп-шотына аудару туралы бірауыздан шешім қабылдады. Күн тәртібінде бірінші кезекте 1995 жылдың 23 желтоқсанында қол қойылып бекітілген Байқоңыр қаласының мәртебесі, ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өз­ге­ріс­тер мен толықтыруларды қарас­ты­ра­тын хаттаманы ратификация­лау­ға қатысты заң жобасы қаралып, ай­налымға алынды. “Ғылым ту­ралы” және соған ілеспе заң жоба­ларын да депутаттар қорытынды әзірлеуге алуға келісімдерін берді. Ал құқық бұзушылық профилак­тикасы және соған жапсарлас, сон­дай-ақ тұтынушылар құқын қорғау­ға қатысты заңнамалық құжаттарға Сенат пен Мәжіліс енгізген өз­ге­рістер бойынша келісім комис­сия­сының шешімдеріне тиісті баға берілді. Сондай-ақ, талқыға салынған  “Трансферттік баға белгілеу ту­ралы” заң жобасы депутаттар қызы­ғушылығын тудырды. Аталған заң жобасын екінші оқылымда депутаттарға Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов таныстырды. Заңдық құжатты қарау барысында ұзақ мерзімді мәмілелер  кезеңінің мерзімдерін өзгерту, салық салу нысандарына және салық салуға байланысты түзетулер енгізу жайы пысықталды. Сонымен қатар, Салық кодексінің мүлікті қай­та­лама лизингке беру мерзімдерін нақтылау бөлігіне түзетулер енгізілді. Осы заң жобасының негізі мақсаты трансферттік баға белгілеуді бақылау тетігін одан әрі жетілдіруді көздейді. Депутат Ирак Елекеев транс­ферттік баға белгілеуді Салық ко­дексіне енгізуді, Серік Темірболатов заңдық құжатты үшінші оқылымға қалдыруды ұсынды. Алайда, олар­дың ұсыныстары көпшілік тара­пынан қолдау тапқан жоқ. Осы рет­те сөз алған Рауан Шаекин мем­лекеттен ақша алып жұмыс істейтін акцио­нерлік қоғамдар атына біраз сын айт­ты. Депутат олардың жоғары став­камен лизингке ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өндірушілерге тех­никаларды сатқанымен, артынан алып қойып өзгелерге беріп жат­қа­нына қынжылыс білдірді. Депутат еш­қандай несие ставкасын төмен­дет­пей отырған оларға ақша бер­генше, сол қаржыға техникаларды сатып алып, шаруаларға таратып берген дұрыс деген ойын ортаға салды. Заң жобасын қолдай сөйлеген Зейнолла Алшынбаев 90-шы жыл­дарды еске ала отырып, қазақ­стан­дық тауарлар қалай болса солай са­тылғандығын мысал ретінде келтірді және әріптестерін де заң жобасын қолдауға шақырды.  Осылайша біраз талқыдан өткен трасферттік бағаны белгілеуге қатысты заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Сонымен қатар,  жалпы оты­рыс­та Ақмола облысына әкім болып тағайындалуына орай Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Дья­чен­коның өкілеттігін мерзімінен бұ­рын тоқтату туралы  Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің мәліметі тыңдалды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
Соңғы жаңалықтар