19 Наурыз, 2010

БАРАР ЖЕРІҢ БАЛҚАН ТАУ

1365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ондағы елдер де Қазақстан  басымдықтарына қолдау білдіруде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнаулы өкілі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигаловтың Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдеріне сапары одан әрі жалғасуда. Бұдан бұрын оның Албанияға барған сапары туралы айтқан едік. Тиранадан кейін оның сапары Черногория астанасы Подгорицеде жалғасты. Мұнда Константин Жигалов осы ел Премьер-министрінің орынбасары Светозар Марович, Сыртқы істер министрі Милан Рочен және Парламент спикерінің орынбасары Рифат Растодермен кездесті. Өзінің тәуелсіздігін жариялағанына төрт-ақ жыл болған жас мемлекет бұл күндері Еуропамен интеграциялануға бағытталған реформаларды қызу жүргізуде. Осы мақсатта оған ЕҚЫҰ-ның қолдауы ауадай қажет. Қазір елдің астанасында Ұйымның далалық өкілдігі орналасқан. Енді Іс басындағы төрағаның арнайы өкілінің келуі елдің демократиялық реформаларды дамыта түсуіне елеулі ықпал етер деген сенім бар. Кездесулер барысында Ұйым мен Черногория және Қазақстан мен Черногория арасындағы қарым-қатынастардың кейбір перспективалары талқыланды. К.Жигалов Ұйым шеңберінде өткізілетін болашақ шаралар туралы баяндап, оларға Черногория өкілінің қатысуын қалайтынын жеткізді. Бұрынғы Югославияның белгілі қалаларының бірі, кезінде Қысқы олимпиадалардың бірі өткен Сараево қаласы – қазір тәуелсіз Босния мен Герцеговинаның астанасы. Іс басындағы төраға арнаулы өкілінің сапары Балқан түбегіндегі осы қалада жалғасты. Босния мен Герцеговина соңғы жылдарға дейін осы түбектегі ғана емес, Еуропа құрлығына аты шығып тұрған тұрақсыздық пен қауіптің ошағы болып келді. Тәуелсіздікке ұмтылған елдің ішінде тұрақсыздық отын тұтатуға талпынған ішкі-сыртқы күштер аз емес еді. Сондықтан да, ЕҚЫҰ бұл елдегі бейбіт құрылыстың тезірек аяқталуына белсенді түрде кірісіп келеді. Іс басындағы төрағаның өкілін жылы қарсы алудың себебі де сол болатын. Қазақстандық дипломат мұнда Босния мен Герцеговина Парламенті төралқасының төрағасы  Харис Силаджичпен, Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Тришич-Бабичпен және Еуроодақтың Жоғарғы және арнаулы өкілі Валентин Инцкомен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. К.Жигаловтың сөзіне қарағанда конституциялық реформаларды табысты жүргізу үшін елдегі барлық саяси күштердің үнқатысу барысында қабылданған консенсустық шешімдеріне қол жеткізу керек. Мұндай өркениетті үнқатысу осы жылдың қазан айында елде болатын сайлаудың қарсаңында әсіресе өзекті. Осы қатарда ЕҚЫҰ-ның 56 мүшесі де бірауыздан Босния мен Герцеговинаның өкілі Дунья Миятовичті Ұйымның БАҚ мәселелері жөніндегі жаңа өкілі етіп сайлағанын айта кету керек. Осының өзінен-ақ ЕҚЫҰ-ның барлық мүшелерге тең қатынас жасайтынын көруге болады. Жалпы алғанда, қазақстандық делегацияның Балқан түбегі елдеріне жасаған сапары табысты болды. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ  – Сараеводан.