
Осы күндері облыстық «Орал өңірі» газетінің фототілшісі Темірболат Тоқмамбетов іссапармен ауданымызға келген болатын. Темірболат екеуміз де киіктердің төлдеу науқанынан қамсыз, хабарсыз қалмайық деп жануарлар дүниесін қорғап жүрген «Охотзоопром» мекемесінің Батыс Қазақстан облысы филиалы басшысының уақытша міндетін атқарушы Қуаныш Әлімқұловпен хабарласып, кездестік. Қуаныш Алпысбайұлы Қазталов ауданы аумағында жұмыс сапарымен жүр екен. Оның айтуынша, ақбөкендер төлдеуді бастап жатыр. Жануарлардың тыныштығын қорғау үшін 24 инспектордан құралған 4 топ жұмыс атқарып жатқанын жеткізді. Ол рация арқылы инспектор Сырым Орынғалиевтің тобымен байланысқа шығып, бізді киік төлдеп жатқан жерге апаруды тапсырды. Айтқандай, жол талғамайтын арнайы көліктері бар жігіттер бізді киіктердің жаппай төлдеп жатқан тұсына еш қиындықсыз жеткізді. Алдымыздан көк бояуға малынған даланың әдемі суреттері шыға келмесі бар ма. Әттең, көзің тоймайды ғой. Сол көк шалғынның ортасында ақбөкендер теңіздің толқынында жүзгендей жайылып жүр...
Фотоаппаратымызды даланың еркесіне бағыттап, түсіруді бастап та кеттік. Алдымызда сансыз киік жайылып жүргенімен көлігіміз жақындаған сайын олар жеткізер емес.Тек арнайы алысты жақындататын фотоаппарат объективі арқылы сұлу мүсінін түсірдік. Көліктің рөлінде отырған топ жетекшісі, жануарлар дүниесін қоғау инспекторы Сырым Орынғалиевті әңгімеге тарттық.
– Ақбөкендердің төлдеу науқаны басталып жатыр. Биыл киіктер Қазталов ауданына қарасты Мешеркөл мен Алтайсай аумағында төлдеп, құралайларын өргізіп жатыр. Бұл аумақта шамамен 50 мыңдай киік аналығы төлдеуде. Жақында біздің Орал популяциясына жататын киіктердің санағы алынған болатын. Былтыр киік саны 135 мыңға жетсе, санақ жұмыстары аяқталғаннан кейін биылғы өсімді анықтайтын боламыз. Ақбөкендердің ерекшелігі, төлдері анасын еміп, екі сағаттан кейін шауып кете береді. Тағы бір қызығы, аналары бір-бірінің төлін емізе береді. Бұл көп жануарларда кездеспейтін жағдай. Киіктер төлдейтін уақытта түз тағыларының тістері босап, қарақұстар жұмыртқа басады. Яғни төлдеріне жыртқыштар тарапынан қауіп болмайды. Әзірге қаскөйлердің де қимылдары байқалып жатқан жоқ. Науқан қалыпты өтіп жатқанына толық негіз бар деуге болады, – деді инспектор.
Осы кезде әңгімемізді рация үні бөліп жіберді. Топ құрамындағы инспекторлар далада киіктің бір сағат шамасында туған төлдерін тапқанын хабарлады. Көлігімізді сол бағытқа бұрдық. Межелі жерімізге жеткенімізде көк шөптің үстінде жатқан, көздері мөлдіреген, әлсіз талпынған қос лақты көрдік. Құралайдың көзіне қарасаң адам баласын баурап алар сұлулық байқалатындай... Өз басым құралайды бірінші рет көруім. Мұндай сәт бола бермейді ғой. Ал кеп суретке түстік. Осы кезде көз алдыма табиғатты қорғау инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің құралайды аспандата ұстаған суреті келді. Амал қанша, осы бір дала еркесін қорғаймын деп жүріп атпалдай азаматтың өмірі қиылды ғой. Иә, осында азаматтардың ақбөкендерді қорғаудағы еңбегі өлшеусіз-ақ.