16 Наурыз, 2010

УНИВЕРСИАДА

596 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ол қысқы Азия ойындарына әзірліктің  қандай деңгейде екенін көрсетті Қысқы спорт түрлерінен кенжелеп қал­ғанымызды күні кеше Ванкуверде өткен ақ Олимпиада ойындары тайға таңба басқандай айқындап берді. Атақты шаңғышы В.Смир­новтың бұдан бұрынғы олимпиадалардағы бір алтын, екі күміс, бір қоласы мен конькиші Л. Прокашеваның бір қоласына Канададағы дүбірлі жарыста ғайыптан Е. Хрусталеваның жеңіп алған бір күмісін қосқанда командалық жалпы есепте 26-шы орында тұр екенбіз. Алда – Сочи Олимпиадасы. Оның алдында Алматы мен Астанада жалауын көтеретін VІІ қысқы Азия ойындары өтпек. Оған небәрі 11 ай қалыпты. Аз уақытта не тындырамыз? Жақында Кенді Алтайда еліміздегі жоғары оқу орындары арасында ІІІ қысқы универсиада  болып өтті. Ол он күнге созылып, еліміздің отыздан астам жоғары оқу орындарынан келген студенттер шаңғы, биатлон, шайбалы хоккей, шағын футбол, қысқы спорттық бағдарлау, гір спорты, қысқы президенттік көпсайыс, армрестлинг, пауэрлифтинг сияқты спорттың 16 түрі бойынша медальдарды сарапқа салды. Универсиаданың салтанатты ашылуы Риддер қаласында өтті. Бұл жолғы универ­сиа­даның ерекшелігі, барлық жоғары оқу орындарының саңлақтары бір жерге топталып, өнер көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков спортшылар алдында сөйлеген сөзінде:  “Универсиада – Олим­пиа­­далық резерв үшін жаңа таланттардың есім­дерін анықтаудың тамаша мүмкіндігі. Рид­дердің талантты ұл-қыздары А.Полторанин, С.Черепанов, С.Малахова-Шишкина, Ю.Ро­дио­нова, Я.Савицкий, тағы басқалар Ван­куверде намысты қолдан берген жоқ. Егер оқыста құлап қалмағанда Алексей Полторанин кем дегенде бір қоланы алатын еді. Несі бар, Сочиде жерлестеріміз жерге қаратпайды деген ойдамыз”, десе, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраев өз баяндамасында бұл жолғы қысқы универсиаданың жеңім­паздары Қазақстанның намысын алғаш рет ТМД аумағында – Астана мен Алматыда өтетін 2011 жылғы Азия ойындарында қорғайтынын тілге тиек етті. Хош, сонымен спорттың 16 түрі бойынша медальдарды сарапқа салу Риддер мен Өске­меннің спорт сарайларында дүбірлеп өтті. Шай­балы хоккейде Шығыс Қазақстан мем­лекеттік университеті 12 ұпаймен топ жарды. Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті – екінші, ал Қазақ-американ еркін университеті  үшінші орындарды бөлісті. Футзалда да профессор Б. Мамраев жетекшілік ететін уни­вер­ситет алдарына жан салмады. Футзалдан қыз­дар арасында КазАСТ бірінші, ШҚМУ, ҚарМУ  университеттері одан кейінгі жүлделі орындарға табан тіреді. Пауэрлифтингте ерлер мен әйелдер арасындағы жарыста ШҚМТУ  алдарына жан салмады. Гір спортында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті топ бастаса, қол күресінде өскемендіктер  алдан көрінді. Оның жөні бар. Себебі, аталмыш жоғары оқу орнының қол күресінің шеберлерін ұзақ жылдар бойы есімі елге жақсы таныс Сатыпалды Қыдырханов баптап келеді. Бұл сайыста төрелік еткен Сатыпалдыға жарысты өткізушілер алғыстарын айтты. Айгүл Қыдырбаева, Назерке Егінбаева, Айнұр Қонысбаева, Азамат Манабаев, Ернат Қизамитдинов қол күресінде ешкімге дес бермей алтыннан алқа тақты. Риддердегі биатлон жарысында Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраев басқаратын команда (еркектер мен әйелдер) қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңді. Осы оқу орнының түлегі Ольга Полторанина спринт, пасьют және эстафеталық жарыста үш бірдей алтынды қор­жын­ға салды. Шаңғы жарысында да Б. Мам­ра­ев­тың сайыпқырандары кілең бірінші орын­дарды иеленді. Қысқы бағдарламада техника ғылымдарының докторы Ғалым Мүтәнов басқаратын Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті қыздар және еркектер арасында ешкімге дес бермеді. ШҚМУ – екінші, солтүстікқазақстандықтар үшінші орындарға тұрақтады. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.