13 Наурыз, 2010

КҮН ТӘРТІБІНДЕ – АДАМ КАПИТАЛЫ

628 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астанада “Нұр Отан” ХДП, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, “Шетел инвестор­ларының қазақстандық кеңесі” қауымдастығы мен “Атамекен” одағы” ҰЭП-тің ұйым­дастыруымен “Қазақстан Республикасындағы адам ресурстарын дамыту: талаптар мен шешімдер” атты халықаралық конференция өтті. Жиында еліміздің адам капиталын дамыту институтының мәселелері, еңбек рыногы мен білім саласының арасындағы тепе-теңдікті түзуге арналған Ұлттық квалификациялық жүйенің құрылуы, кәсіби стандарттарды дайындау тетіктері, адамның құзыреттілігін бағалау, біліктілігін арттыру, техникалық және кәсіби біліктілікті дамыту жолдарын іздеу, ол үшін осы салалардағы білім беру жүйесін реформалау арқылы оларды дамыту, мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру аясында үйлесімді тұлғаны қалыптастыру мәселелері талқыланды. Конференцияның алғашқы күні болған оты­рыстарда осы мәселелер бойынша “Нұр Отан” ХДП-ның хатшысы С.Громов, Президент жанын­дағы Шетел инвесторларының қазақстандық кеңесі қауымдастығының басқарма төрайымы З.Қана­пиянова, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің жауапты хат­шылары Ф.Қуанғанов пен Б.Садықов, “Атамекен” одағы” ҰЭП-тің төрағасы А.Перуашев сөз сөйлеп, өз пікірлерін білдірді. Олардың айтқандарының то­қе­тері адам дегеніміз қаншалықты қызметіне кө­бірек жүгінсең, соншалықты қайрала түсетін капи­тал. Оның білімі, жұмыс істеу қабілеті, құзыреттілігі уақыт өткен сайын арта түседі. Сондықтан қай кезде болсын біз адамның мүмкіндіктеріне баса мән беріп, олардың қызметін еліміздің әрі қарайғы дамуына пайдалануы үшін ең бастысы адамның өзіне қолынан келетін істі дәлелдеттіріп, бойына отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруымыз қа­жет. Жиында білдірген пікірлерінде осындай тоқ­тамға келген шешендер адамның мүмкіндіктеріне бай­ланысты Елбасының жыл сайынғы жолдаула­рын­да айтылып келе жатқанын, оның сондай-ақ, елі­міздің 2020 жылға дейінгі дамуының стратегия­лық жоспарында көрініс тапқанын көлденең тартты. Осы орайда сөз сөйлеушілер қазіргі экономикалық жағдайда адамның мүмкіндіктерін пайдаланған кезде оның жұмыс істеуі, өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігі сияқты факторларды басшылыққа алуымыз керек деген пікірлерін білдірді. Дастан КЕНЖАЛИН.