13 Наурыз, 2010

“Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі көрсететін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы №932 Жарлығына ТҮСІНІКТЕМЕ

590 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2010 жылғы 4 наурызда Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі көрсететін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы” Жарлыққа қол қойды. Аталған Жарлықпен заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) көрсететін мемлекеттік қызметтердің мынадай бес стандарты бектілді: 1) “Заңды тұлғаларды – Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қатысушыларын мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу)”; 2) “Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қатысушыларын аккредиттеу”; 3) “Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығында қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағына келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға визалар беру туралы өтінішхат беру”; 4) “Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының арнайы сауда алаңына жіберілген қаржы құралдары эмитенттерінің аудитіне жұмсалған шығындарды өтеу”; 5) “Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы қатысушыларының құжаттамасын қаржы орталығының органдарын қоспағанда, мемлекеттік органдарға беру үшін ағылшын тілінен мемлекеттік және орыс тілдеріне аудару”. Бекітілген стандарттармен Агенттіктің заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсету (бұдан әрі – қызмет көрсету) тәртібі белгіленеді. Қызмет көрсету үдерісінің, нысанының, мазмұны мен нәтижесінің сипаттамаларын қамтитын талаптар айқындалған. Осылайша, стандарттармен қызметтерді алу үшін заңды тұлғалар ұсынатын қажетті құжаттардың тізімі, қызметтер көрсетудің мерзімі, қызметтерді ресімдеу кезіндегі Агенттіктің ішкі қызметін ұйымдастыру мен оның тәртібі айқындалған. Қызмет көрсетулерді тоқтата тұру не одан бас тарту үшін негіздемелер белгіленген. Стандарттарда Агенттіктің қызметті ресімдейтін қызметкерлері басшылыққа алатын жұмыс қағидаттары, олардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымданудың тәртібі көрсетілген. Әрбір қызмет стандартына сапа мен қолжетімділік көрсеткіштері және нормативтік мәнді көрсеткіштер қоса берілген. Осы Жарлық Агенттік көрсететін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді және Алматы қаласының әлемдік стандарттарға сай бәсекеге қабілетті қаржы орталығы ретінде қалыптасуына септігін тигізетін болады. Жарлықтың толық мәтіні “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттерінің 2010 жыл­ғы 12 наурыздағы нөмірлерінде жарияланып, Агент­тіктің www.rfca.gov.kz интернет-ресурсында ор­наластырылған және Қазақстан Республи­касының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағында жарық көретін болады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі.