13 Наурыз, 2010

КЕЛЕШЕКТЕ ЕСКЕРІЛЕДІ ДЕП ЕСЕПТЕЙМІЗ

632 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мәжіліс депутаты Гүлнар Сейітмағанбетова сырттан көшіп келетін отандастарымыздың пробле­масын көтеріп, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке сауал жолдаған болатын. Онда былай делінеді: “Маңғыстау облысы – шетел­дерден қандас бауырларымыздың келуі жөнінен республикамыздағы алдыңғы орында тұрған аумақтар­дың бірі. Мұнда 1991 жылдан бері 100 000-ға жуық қандасымыз қоныс аударды. Мәселен, өткен жыл­дың 9 айында 1672 отбасы, немесе 6652 адам көшіп келіп, квотаға енгізілді. Оларға мемлекет тарапынан берілетін көмектерден басқа, жергілікті бюджеттен әлеуметтік мәселелерін шешу үшін қосымша қара­жаттар бөлініп, тиісті жұмыс­тар атқарылуда. Алайда, бүгінгі таңда ең өзекті мәселе – тұрғын үй мәселесін шешуге жергілікті бюд­жеттің мүмкіншілігі шектеулі бо-лып отыр. Өңірде болып, халықпен кездесулерімізде олар көбінесе тұрғын үй мәселесімен жиі келеді. Осы ретте ел Үкіметі қабылда­ған “Нұрлы көш” бағдарламасына зор үміт артылған болатын. Аталған бағдарламаны іске асыруға жергі­лікті бюджеттен 17,5 млн. теңге қаражат бөлініп, инженерлік инфрақұрылымдардың техникалық-экономикалық негіздемелері жа­салып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жобалық-сметалық құ­жаттама түзуге облыстық бюджет­тен қосымша 150 млн. теңге бөлініп, игерілуде. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 17.11.2008 жылғы “Оралмандардың 2009-2011 жылдарға арналған көшіп келу квотасы туралы” №690 Жарлығына сәйкес, Маңғыстау облысына 2009 жылға 2500 оралман отбасына квота белгіленді. Облыс бойынша “Нұрлы көш” бағдарла­ма­сына сәйкес 2010-2011 жылдары 5400 отбасын, яғни әр жылда 2700 оралман отбасын қабылдау жос-парланды. Шетелдердегі, әсіресе Өзбек­станның Қарақалпақстанындағы және Түркіменстандағы қазақ диаспораларының белсенді өкілдері жыл сайын Маңғыстау облысына отандастарымыздың 3000-3500 отбасы көшіп келуіне толық мүмкіндік барын мәлімдеп отыр. Өкінішке қарай, облыстағы тұрғын үй мәселесінің күрделілігі шетел­дердегі қандастарымыздың көшіп келуіне бірден-бір кедергі болып табылады. “Нұрлы көш” бағдарламасына сәйкес, көшіп келушілер тұрғын үймен қамтылмақ. Алайда, Маң­ғыстау облысына көшіп келетін отандастарымыз осы мүмкіндікті пайдалана алмайды, себебі, 2010 жылы жүзеге асырылатын қанат­қақ­ты жобалардың тізіміне облыс енбей қалып отыр. Сондықтан, “Нұрлы көш” бағ­дарламасының 2010 жылы жүзеге асырылатын қанатқақты бағдар­ламасы тізбесіне Маңғыстау облысын енгізуді сұраймын”. Премьер-Министр К.Мәсімов депутаттың сауалына төмендегіше жауап қайтарды: “Сіздің Қазақстан Республи­касы Үкіметінің 2008 жылғы 2 жел­тоқсандағы қаулысымен бекітілген “Нұрлы көш” бағдарламасының қанатқақты жобасына 2010 жылы Маңғыстау облысын қатыстыру жөніндегі депутаттық сауалыңыз бойынша төмендегіні хабарлаймыз. Бағдарламаға қатысушылардың санын айқындау және оларды даму аймақтары бойынша қоныстан­дыру, өндірістік күштердің аумақ­тық орналасуы және экономика­ның еңбек ресурстарына қажеттілігі елдің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиялық жоспарына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Солтүстік өңірлердегі білікті еңбек ресурстарының жетіспеуші-лігіне қарамастан, оралмандардың көбі еңбек күші көп шоғырланған Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыста­рын­да тұрып жатыр. Сонымен қатар, этностық көшіп келушілерді өңірлер бойынша қоныстандыру үдерісі өндірістік күштердің аумақ­тық орналасуы ескерілмей жүргі­зі­ліп, қайта көшіп-қону орын алуда. Сондықтан, бағдарламаның негізгі мақсаты оралмандарды еңбек ресурстарының экономикаға сұранысы бойынша екпінді эконо­микалық және инновациялық жобалар іске асырылып жатқан аймақтарда орналастыру болып табылады. Оралмандарды еңбек ресурс­тарының қажетті аумақтарында тұрақтандыру үшін бағдарламада оларды жеңілдетілген несие беру арқылы баспанамен және алған несиені уақытында қайтара алуға мүмкіндік туғызатын тұрақты жұ­мыспен қамтамасыз ету көзделген. Экономикалық мүмкіндіктерді ескере отырып, “Нұрлы көш” бағдарламасының қанатқақты жобасына 2010 жылы Солтүстік даму осі бойынша Ақмола облысы Степногор қаласының Қарабұлақ ауылын, Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Көктау ауылын, Шы­ғыс Қазақстан облысының Өске­мен қаласын, Қостанай облысы Қостанай ауданы Заречный кентін, Солтүстік Қазақстан облысы Қы­зылжар ауданы Пеньково селосын қатыстыру жоспарланып отыр. Осыған орай, бағдарламадағы міндеттердің басымдылығы негі­зінде Маңғыстау облысын қанат­қақты жобаға қосу мәселесін бо-лашақта қарау жөн деп есептейміз”.