12 Наурыз, 2010

АРЫЗДЫҢ СЕЙІЛГЕНІ – ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІ

709 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ, Қаржыгерлер қауымдастығы басшыларының қатысуымен Мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуын бақылау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Аталған комиссия төрайымы, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова өткен жылы комиссия 12 отырыс өткізгендігінен хабардар етті. Төрайымның сөзіне қара­ғанда, комиссия жұмыс істей бас­таған былтырғы қаңтар мен мамыр айлары аралығында 3 мыңнан астам арыз хаттар келіп түссе, олардың біртіндеп сейіле баста­ғаны жұмыс нәтижесін көрсетеді. Өйткені, аталған комис­сия келіп түскен әрбір хатпен жеке-жеке айналысыпты. Соның арқасында ипотекалық несие алушылар мен тұрғын үй салуға қатысушы үлескерлердің жағдайы біршама тұрақтандырылған. Ендігі мәселе мемлекет екінші деңгейлі банктерге көмек қолын созса, енді олар өздерін реформалауға көшу­лері тиіс, деп санайды комиссия төрайымы. Осы ретте ипотекалық несие­лерін қайта қаржыландыруға қол жеткізгендердің саны 31 мың 304 адам болса, бұл санатқа қосыла алмағандардың саны 14 мыңға жетіп отыр екен. Солардың 70 пайызында жалғыз ғана баспанасы барлығы анықталыпты. Комиссия өз кезегінде уақтылы несиелерін төлеп келіп, артынан әр түрлі жағ­дай­ларға байланысты төлей ал­маған клиенттерге қатысты банк­тер­мен кездесулер өткізгені де бел­гілі болды. Ең бастысы – бір бас­па­насы ғана бар азаматтардың бас­панасын банктер тарапынан тар­тып алу оқиғаларына шектеу қойылған. “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-тың басқарушы басқарма дирек­торы Қайрат Айтекенов Ұлттық қордан ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға бөлінген 120 миллиард теңгенің тиімді жұмсалғандығын тілге тиек ете келіп, заң бұзушылық тек 40,6 миллион теңгеге қатысты болған­дығынан хабардар етті. Онда да бұл сомалар несиелік ставка­лар­дың ауысып кетуімен байланысты шығындар. Еліміздегі 11 екінші деңгейлі банк негізгі порт­фель­дерге ие болыпты. Тапсырыс 169 миллиард теңгеге берілсе, артынан 20 жылға дейінгі жеңілдікпен тек 120 миллиард теңге бөлінген. Онда да бұл жеңілдікті несие бір баспанасы бар, онда да 120 шаршы метрден аспайтындарға берілген. Жалпы, банктердің ипотекалық портфелі 600 миллиард теңге көлемінде деген мәлімет бар екен. Екінші деңгейлі банктерде ипотекалық кредиті бары қарыз алушылар ісінің жай-күйін тексеру мақсатында “Нұр Отан” партиясы Орталық аппаратында ағымдағы жылдың 17-24 ақпаны аралығында банк басшыларының азаматтарды қабылдауы болып өткен-ді. Кешегі отырыс барысында екінші деңгейлі банктермен осы бағыттағы ынты­мақ­тастықты дамыту туралы пікірлер айтылып қалып жатты. Сондай-ақ комиссия отыры­сында “Даму КДҚ” АҚ-пен бірлесе Мемлекет басшысының тапсырған “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасын орындау бойынша өзара іс-әрекет ету ба­ры­сы пысықталды. Отырыс қо­ры­тындысы бойынша ұсыныс­тар қа­был­данып, Үкіметке жол­данды. Комиссия ендігі жұ­мы­сын мем­ле­кет бөлген қар­жы­лардың тиім­ділігін бақылауға арнамақ ойда. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.