Қоғам • 18 Сәуір, 2019

ҚазҰУ магистранттары Оксфорд университетінде тағылымдамада жүр

993 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранттары әлемнің жетекші жоғары оқу орындарыынң бірі – Оксфорд университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуде. Былтыр ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановтың Оксфорд университетіне сапары кезінде университеттер арасындағы әріптестікті дамыту туралы келісімге қол жеткізген болатын.

ҚазҰУ магистранттары Оксфорд университетінде тағылымдамада жүр

Биыл ұлттық университеттің магистранттары арнайы әзірленген «Ғылымға кіріспе» курсы бойынша география және қоршаған орта мектебіне (School of Geography and the Environment) тәжірибеден өтуге аттанды. Теория мен тәжірибені ұштастырған бұл мектептің ерекшелігі – дәрістер жетекші профессорлардың зерттеулерінің тұсаукесерлерімен сүйемелденеді. Нақты мысалдармен ғылыми жобалардың әдіснамасы мен жоспарлануы зерттеледі.

Өз кезегінде ҚазҰУ магистранттары да ғылыми зерттеулерін ұсынып отыр. Сахара шөлі құмының көшуін, Моңғолия табиғаты, Оман дәруіштерінің өмірі мен Гималай тау жыныстарын зерттеу жұмыстарымен танысты.

Магистранттар Оксфорд университетінің ішкі құрылымымен танысуға ерекше көңіл бөліп, география, биология, химия, физика, археология сияқты әртүрлі салалардағы зерттеушілерді біріктіретін зертханаларға барды.

Жас ізденушілеріміз атақты профессорлардың дәрістерін тыңдап қана қоймай, тәжірибелік тұрғыда машықтанып, ғылыми ізденістерге деген құлшыныстарына қуат алып отыр.

Жыл сайын әлем университеттерінің рейтингісін жариялайтын QS халықаралық агенттігінің мәліметтері бойынша, ҚазҰУ осы бағыттағы көрсеткіштердің тұрақты өсу ырғағын көрсетеді. Университет Эразмус+, Мевлана, «Абай-Верн», IAESTE сияқты халықаралық жобаларға белсенді қатысады. Осы оқу жылында ҚазҰУ-дың мыңнан аса магистранты және докторанты әлемдегі білім беру мен ғылымда көш бастап тұрған шетелдік жетекші университеттерде ғылыми тағылымдамадан өтеді. 



АЛМАТЫ