Аймақтар • 18 Сәуір, 2019

Түркістан облысында «Қызғалдақ фестивалі» өтуде

1939 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түлкібас ауданы, Шұбайқызыл шоқысында қазақ даласының жауһары - қызғалдақты дәріптеу, қорғау мақсатында "Қызғалдақ фестивалі" жыл сайын өткізіліп келеді.

Түркістан облысында «Қызғалдақ фестивалі» өтуде

Шұбайқызыл шоқысы – еліміздің Қызыл кітабына енгізілген «грейг» қызғалдағы ең көп өсетін аумақ. Бұл қызғалдақтар сондай-ақ Қазығұрт, Төле би, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда да кездеседі. Көктемнің, жаңа өмірдің, тіршіліктің жаршысы болып есептелетін қызғалдақтар жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейді. Сол күндері осы шоқыдағы20 гектаралқап қызыл кілемге оранғандай әсем түрге енеді. Айта кетелік, бір кездері «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» деп аталған жерге жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілген болатын.

Фестивальдің бір мақсаты жоғарыда айтқанымыздай қызғалдақтарды, жалпы қоршаған ортаны қорғау екені мәлім. Осы орайда өңірде Қызыл кітапқа енгізілген «Грейг» және «Кауфман» қызғалдақтарын заңсыз жұлу, автожолдар бойында, басқа да орындарда сату жайттарын анықтау, алдын алу жолын кесу мақсатында тиісті орындар рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау тобының аға инспекторы Нұрлан Тұманбаевтың мәлімдеуінше, «Грейг» және «Кауфман» қызғалдағын жұлушылардың әрекеті ҚР қылмыстық кодексінің 339 бабында  көзделген қылмыстық жауапкершілікпен қаралады. Құқықбұзушының әрекеті дәлелденген жағдайда оған сот шешімімен 3 мың айлық есептік көрсеткішпен айыппұл салынып немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Фестиваль аясында "Шырайлым - Шұбайқызылым" байқауының жеңімпаздары марапатталып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.


Түркістан облысы