Қоғам • 09 Сәуір, 2019

Мың болғыр Мыңжылқы

4083 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 60 жыл бұрын, 1959 жылы отандық нейрохирургияның негізі Алматы мемлекеттік медицина институтында курс түрінде, 1964 жылы Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында кафедра ретінде қаланса, қазір медицинаның бұл саласы елімізде айтарлықтай дамып келеді.

Мың болғыр Мыңжылқы

Бүгінгі озық технологиялар: компьютерлік, магнитті-резо­нанс­ты томография мен ангиогра­фия, микрохирургия секілді тәсіл­дер, операциялық микроскоптар бассүйек, мидың зақым­дану дәрежесін анықтап, бұрын қол жетпеген ми ісіктерін алып тас­тауға мүмкіндік береді. Дер кезін­де көмек берілсе, науқас­тар инсульт­тан кейін бұрынғыдай мүге­дек болып қалмайды. Сол сияқты қазір Қазақстанда эпилепсия, яғни талма ауруына да ота жасалады. Ал мұның барлығын да отандық медицинаның майтал­мандары атқарып отыр. Олар­дың арасында мыңдаған мықты дәрігерлер ішінен дара шығып, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атан­ған ней­рохирург Мыңжылқы Бердіқожаев та бар.

«Ақыл – жастан» деген осы, Мың­жылқы Сайлауұлы 34 жасында халық аузында «СовМинка» атанып кеткен Алматыдағы Орталық клиникалық ауруха­на­сының нейрохирургия бөлімі­нің меңгерушісі болып таға­йын­далды.

Жоғары санаттағы нейрохи­рург, рентгенхирургті «Қазақ­станның 100 жаңа есімі» мәр­тебе­сіне жеткізген жетістік – энде­вас­­куляр­лы әдіспен ми аневриз­мін емдеуде еліміздің ең үздік дәрі­гер­лерінің бірі болуы деуге болады.

Мыңжылқы Қызылорда қала­сында дүниеге келген. Қараған­ды мемлекеттік медицина акаде­миясының түлегі кәсіби деңгейін көтеру мақсатында «Болашақ» бағдар­ламасымен Санкт-Петер­бург­тегі С.Киров атындағы Ресей әскери-медициналық акаде­мия­сындағы клиникада тәжірибеден өтеді. Осыдан кейін 2008 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлт­тық нейрохирургия орта­лы­ғында ми қан тамырлары бөлі­мінде жұмыс істейді. Сонымен қатар 2014 жылы Алматыдағы №7 қалалық ауруханада интер­вен­циялық хирургия бөлімін ашуға мұрындық болды. Мұнда алғашқы 2 жылда-ақ оңтүстік облыстардағы науқастардың ми тамырларына 330 ота жасалды.

Біртіндеп отандық эндоваскулярлы нейрохирургияның негізін қалаған Мыңжылқы Бердіқожаев 2016 жылдың 1 қаңтарынан «Ор­талық клиникалық ауруханасы» АҚ нейрохирургия орта­лығына шақырылып, жетек­шілік қызметті бастады.

Жас болса да бас болған нейрохирург 2004 жылдан бері өзінің тікелей қатысуымен 3200-ден астам ота жасады. Оның ішінде ми тамырларына жасалатын ең күр­делі оталар Қазақстанда 2008 жылы енгізіле бастаса, алды­мен елордадағы Ұлттық нейро­хирургия орталығында қолға алынды. Ал басты ашпай жасалатын тамырішілік оталарға келсек, Мылжылқының тәжірибесінде мұндай 2700-ге жуық ота бар.

Ең бастысы, қазір басқа елдерден Қазақстанға емделуге келетін, біздің нейрохиругтерге сенетін адамдар, тәжірибе алмасатын мамандар пайда болуда.

Айтқандай, жуырда ғана «Орта­лық клиникалық ауруханасы» АҚ нейрохиругтері халық­аралық симпозиум кезінде тама­ша дәрістер жүргізіп, «Эндо­васкулярлы әдіспен ми тамыр­лары аневризмі мен мойын тамыр­­лары­ның тарылуын емдеу» шебер­лік сағаты кезінде Мың­жыл­қы Бердіқожаевтың қатысуы­мен отаның бірнеше жаңа түрі жасал­ған болатын.

Сауап жинайтын мамандық иесі Мыңжылқы үшін медицина қалай басталды?

– Қандай істі алғаш бастаған кезде кез келген адам жүрексінеді, қобалжиды. Ал мұны науқасқа білдіруге болмайды. Ең алғашқы ота сәтті аяқталғанда қалай қуан­ға­нымды көрсеңіз ғой. Құдды кішкентай бала сияқты мәз бо­лып, жеңіске жеткен марафон­шы сияқты күй кештім. Тіпті сол кез­дегі сезімді сөзбен айтып жет­кізу мүмкін емес. Бұл – жұмысымды әрі қарай нық сеніммен жалғастыруға құлшындырды, күш-қуат берді, – дейді ол.

Уақыт талабына ілескен алтын қолды дәрігердің тағы бір ұт­қаны – Санкт-Петербургте оқып, күрделі оталарға қатыса жү­ріп, ағылшын тілін өз бетінше меңгеруі.

– Тіл үйрену жаңа білімді игерудің қайнар көзі болатынын түсіндім. Елордаға оралған соң, тіл үйрену курсын жалғастырдым. Көп ұзамай ағылшын тілінде еркін сөйлеуді ғана емес, күрделі кәсіби терминдерді меңгеріп алдым. Бұл менің өз саламда ізденуге көп мүмкіндік берді. Адам ден­сау­лығын жақсартуда техно­логия­ның жаңа жетістіктерін пайдалану үшін тіл білудің пайдасы орасан зор, – дейді үздік нейрохирург.

– Біздің орталыққа Израильден профессор Шимон Маймон тәжірибе бөлісуге тұрақты түрде келіп тұрды. Әлемдік деңгейдегі маман бізге невроваскулярлық бұзылуды емдеудің жаңа әдісі – тамырішілік хирургияны үйретті. Профессор Шимон бірнеше күнде 16-18 ота жасады. Бастапқыда біз оған жәрдемдесіп, кейін оның басшылығымен өзіміз жасай бастадық. 2010 жылға дейін шамамен эндоваскулярлы 150 ота жасасам, қазір жылына күрделілігі әртүрлі 400-ге жуық ота жасаймын, – дейді ол.

Осылайша нейрохирург Мың­жылқы Бердіқожаев отандық медиц­инаға ота жасаудың жаңа әдіс­терін енгізу мақсатында 2011 жылы Ганновердегі Халықаралық нейроғылымдар институтында, 2012 жылы «Адаса Эйн-Карем» израильдік емханасында профессор Хосе Коэннің жетекшілігімен, сон­дай-ақ Германияның Эссен қаласындағы «Alfried-Krupp Krankenhaus» емханасында про­фессор Рене Шапоның жетек­шілігімен мықты мектептерден өтеді. Сол сияқты Еуропа, Амери­када халықаралық семинарларға да тұрақты түрде қатысып, тәжі­рибесін байытып отыр.

Бұл күнде өзі де тамырішілік нейрохирургия саласы бойынша шеберлік дәрістерін өткізіп, еліміздің басқа өңірлерінде осы әдісті жолға қоюға ерен үлес қосып жүрген медицина майталманы: «Алдыма келген науқастың жағдайын толықтай өз мойныма алсам, оның өмірі үшін соңына дейін күресемін», - дейді.


АЛМАТЫ