Аймақтар • 08 Сәуір, 2019

Еліміздің үздік джиу-джитсу шеберлері Алматыда бақ сынасты

909 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы төрінде бразилиялық джиу-джитсудан Arlan Grip Championship «Koktem Open – 2019» xалықаралық турнирі өтті. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген 1000-ға жуық спортшы екі күн бойы әр салмақ әрі жас айырмашылығы бойынша өзара мықтыны анықтады. Жарыстың алғашқы күнінде 4 пен 17 жас аралығындағы, ал екінші күнінде 18-ден жоғары жастағы спортшылар өнер көрсетті.

Еліміздің үздік джиу-джитсу шеберлері Алматыда бақ сынасты

«Бұл рейтингті турнир жақын әрі алыс  шетелдерден келген қатысушыларға жақсы таныс. Кеше біз балалар арасында 640 адам жинап рекорд орнаттық, ал, бүгін ересектер арасында 250-ден астам спортшы жинадық. Осындай көрсеткіш бізді өте қуантады. Біздің Қазақстан құрамасы қазір Абу-Даби қаласында бразилиялық джиу-джитсудан болатын әлем чемпионатына дайындық үстінде. Жарыс сәуірдің 21-26 аралығында өтеді, ал артынша олар мамырдың 10-14 күндері әуесқойлар арасындағы грэплингтен (АИГА) өтетін турнирге Жапонияға аттанады», - дейді Қазақстандық бразилиялық джиу-джитсу және грэпплинг федерациясының халықаралық қатынастар вице-президенті Ақмарал Қанатбаева.   


Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл жарыстың қатысушылары алдағы уақытта өтетін халықаралық жарыстарға дайындалып жатыр.  


Екі күнге жалғасқан  айтулы турнир кез келген қатысушылар арасында ABB Arena-да IBJJF халықаралық федерация ережесіне сәйкес өткізілді. Оның басты мақсаты елімізде джиу-джитсуды дамытып, елге таныту, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау.    


Тартысты бәсекеде табысты өнер көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен дипломдар табысталды. Жарыстың толық нәтижелерін smoothcomp.com сайтынан көруге болады.  


АЛМАТЫ