Қоғам • 03 Сәуір, 2019

Көктемгі ҰБТ қорытындысы жарияланды

494 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Көктемгі ҰБТ қорытындысы жарияланды

Еліміз бойынша 27-29 наурыз аралығында «көктемгі» ҰБТ өткені белгілі. Тестілеуге қатысқан 78 133 талапкердің 61 367 (78,5 пайыз) қазақ тілінде, 16 515 (21,1 пайыз) орыс тілінде және 251 ағылшын тілінде тапсырды. Шектік деңгейден өткендер  – 58 317 (74,6 пайыз), шектік деңгейден өте алмағандар - 19 816 (25,4 пайыз). «Көктемгі» ҰБТ-ның ең жоғары балы – 138. ҰБТ нәтижелеріне сәйкес бес пән бойынша орташа балл 70,5 балды құрады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша, талапкерлер ҰБТ-ны қаңтар, наурыз, тамыз айларында тапсыру мүмкіндігі бар. Жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне баратын талапкерге жылына 4 рет өткізілетін ҰБТ-дан шекті балл жинау жеткілікті. Ал, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде маусым айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу қажет.

Тестілеуге қатысқан 14 мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мемлекеттік комиссия шешімімен жеке аудиториялар және арнайы көмекшілер бөлінді.

ҰБТ қатысушыларының 30,3 пайызы, яғни 23 691 талапкер «Математика-Физика» бейіндік пәндер бағытын таңдаса, 15 596-і (20,0 пайызы) «Химия-Биологияны» таңдаған. Ал, ең аз таңдалған пәндер қатарында «Химия-Физика» - 225.

ҰБТ қорытындысы бойынша республикалық апелляциялық комиссияға тестілеудің мазмұны бойынша келіп түскен өтініштердің бірде-бірі қанағаттандырылған жоқ.

2019 жылғы ҰБТ форматы еш өзгеріссіз қалады. Оқуға түсуші талапкерлер дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді.


АЛМАТЫ