Қоғам • 02 Сәуір, 2019

Бір науқасқа екі донордың бауыры салынды

614 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл наурыз айында Қазақстанда ғана емес, ТМД аумағында бірінші рет А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы Оңтүстік Кореядағы «Асан» медициналық орталығымен бірігіп, бір мезетте екі тірі донордың бауырын бір науқасқа салды.

Бір науқасқа екі донордың бауыры салынды
Бүгінде Dual graft технологиясымен әлемде 6 мемлекетте, яғни Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Тайвань, Франция елдерінде бауыр алмастырылады.


Осы күнге дейін Қазақстанда донор­лық бауырдан 282 науқас қалыпты өмірге қайта оралса, оның ішінде донорлық ағзаның 47-сі мәйіт­тен алынған. Бауыр трансплантациялау­да 120-ға жуық ота Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы хирургия орта­лы­­ғына тиесілі. Сол сияқты бұл жерде 23 бала­ға донордың бауыры салынды.


Орайы келіп тұрғанда атап өткен жөн, аталған хирургиялық орталық керекті ағзаның 10 пайызын мәйіттен алады. Алайда мамандар 15 жылдан бері мәйіттің бауырын туысқандарының рұқсатын­сыз-ақ пайдалануға болатын заң әрекет етіп отырғанына қарамастан, мәйіт­тің бауырын алуға бара бермейді. Бұл мәселе заң жүзінде реттелгеніне қара­мастан, оның дау-дамайы мен маша­қа­ты әлі де жеткілікті.


Ал тірі донорға келетін болсақ, еліміз­де бірінші болып, екі туысқанынан бау­ыр алып отырған 37 жастағы Нұркен Сейітқұловқа 8 бірдей ет жақыны ба­уырын беруге әзір болған екен. Бірақ бәрінде де өзінде қалатын сол жақ бөлігі 30 пайыздан аз болып шыққан. Әйтпесе, үш баланың әкесі Нұркеннің шешесі 9 апалы-сіңлілі екен, тек бөлелерінің саны 54-ке жетіпті.


Азиялық­тар­дың анатомиялық ерекшелігі сонда, туысқанына бауырын бөліп беретін донор­лар тез табылғанымен, көп жағдайда оның өзінде қалатын сол жақ бөлігі 30 пайыздан кем болып шығады екен. Бұл ерекшелік адамның дене салмағы, жеген тамағы мен өмір салтына да байланысты көрінеді.


Қазіргі таңда Dual graft технология­сымен бауыр алмастыруда Оңтүстік Корея көш бастап тұр. Өйткені жоғарыда атап өткендей, бұл елде де азиялық­тар­ға тән ерекшелікпен, көп жағдайда табылған донорлардың өзінде қалатын бөлігі 30 пайыздан кем болып шығады. Сондықтан да корейлер 2000 жылы бір науқасқа екі бірдей донордың бауырын салу тәуекеліне барады. 


– Біздің бұдан әрі донор іздей беретін уақытымыз да қалмады. Бауыр терминалды ауруына шалдыққандар үшін трансплантация – тығырықтан шығатын жалғыз жол. Періштесі жебеп, ауыр науқастан кейін қатарға қосылған Нұркен дәл осындай ерекше отаға келіспегенде, айналасы бір жылдың ішінде көз жұматын еді, – дейді мамандар. 

Тіпті адамның етінен ет емес, бауыры­­ның кемі 65 пайызын кесіп алатын мұндай ота онсыз да күрделі. Үш бір­­дей операциялық блокта үш адамға қатар жүретін отаға кем дегенде тікелей 30 медицина маманы қатысады. Және 15-20 сағатқа дейін созылатын отадан кейін алғашқы тәуліктерде реципиент ғана емес, донорлардың да денсаулығы қиын жағдайда болады. 


Дегенмен, Қазақстанда алғаш рет жасал­ған Dual graft отасы аса сәтті өтті деуге болады. Науқас пен донорлардың жағдайы қалыпқа келгеннен кейін А.Сызғанов атындағы ҰҒХО АҚ басқар­ма төрағасы Болатбек Баймаханов журна­лис­тердің сауалдарына жауап беріп, еліміздегі бауыр алмастыруға қатыс­ты жан-жақты баяндады. Ал әріп­тес­­терімізге реципиентпен ғана емес, екі донор­мен де тікелей жүздесіп, сұхбат­тасудың сәті түсті.


«Бұл ота техникалық тұрғыдан өте күрделі. Алғашқы ота 15 сағатқа созылды. Бақытымызға орай бәрі де сәтті өтті. Қазір екі донор отбасына оралды. Ал бауыр салынған азамат қазір ауруханада жатыр. Жағдайы бірқалыпты», деді Б.Баймаханов. 


А.Н.Сызғанов атындағы хирургия орта­лығы 15 сағатқа созылған отаны Оңтүстік Кореядағы «Асан» медициналық орталығының профессоры Sung-Gyu Lee мырзамен бірігіп жасады. 


Қысқасы, 37 жастағы Нұркен Сейітқұловқа «бауыр циррозы» диагно­зы қойыл­ғаннан кейін, соңғы жылда­ры ауру­ы асқы­нып, трансплантацияға мұқтаж­дық туған. «Мен өзімнің ауруым жайлы 3 жыл бұрын білдім. Толық тексеруден өткен соң маған бауыр ауыстыру қажеттігі айтылды. Үлкен әулеттен шыққанбыз. Анам­ның 9 сің­лі­сі бар. Олардан 54 бөле тарай­мыз. Туыстарымыздың көпшілігі донор болуға келісті. Бірақ олардың ішінде соңында осы екі туысқанымның ғана бауырлары сәйкес келді. Алдымен – Аллаға, екінші дәрігерлерге алғысымды айтамын. Ел қатарлы өмір сүретін болдым. Операциядан кейін жағдайым жақсарды»,  дейді 37 жастағы Нұркен Сейітқұлов. 


«Туысқандар арасында, отбасымыз­да бұл жағдай әрине талқыланды. Бірақ донорлықтан бас тартқан жоқпыз. Ең бастысы ағамыз қасымызда. Жаны аман қалға­нына қуанамыз», дейді бөлесі Оразбек Өдікей мен нағашысы Мадияр Оспан. 


Ал А.Н.Сызғанов атындағы хирургия орталығы тек өткен жылы 22 науқасқа тірі донордың бауырын салған. Бұл күндері Трансплантациялау жөніндегі респуб­ликалық үйлестіру орталығының мәліметтеріне сәйкес 332 науқас бауыр алмастыру кезегінде тұр.


Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan» 


АЛМАТЫ