Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2018

Қостанайлық полицейлер 26 ресейлік қылмыскерді құрықтады

314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Қостанай облысы өңірінен Ресей Федерациясының Ішкі істер органдары іздеу жариялаған 26 қылмыскерді ұстады. Ал ресейлік полицейлер  Қостанай облысында қылмыс жасаған деген күдікпен іздеу жариялаған 14 адамды ұстады. Бұл туралы іргелес Қостанай мен Челябі облыстары Қылмыстық іздестіру органы қызметкерлерінің халықаралық жұмыс кездесуінде айтылды.

Қостанайлық полицейлер 26 ресейлік қылмыскерді құрықтады

Қостанай облыстық полициясы  Басқарма штабының бастығы Мейрам Қажкеновтың айтуынша, Ресей мен Қостанай облысы Құқық қорғау органдары қызметкерлері қылмыскерлерді құрықтауда көптеген жылдар бойы тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Әсіресе, полицейлер көлік ұрлығын әшкерелегенде тізе қосып әрекет етеді.

«Қостанай облысының Ресеймен шекарасы 1242 шақырымды құрайды. Сол арқылы көлік тасқыны әрі-бері өтіп жатады. Сондықтан көрші, шекаралас облыстар полицейлеріне қылмыспен күресте жедел әрекет ету үшін ақпаратты дер уақытында хабарлап отыру керек» дейді Мейрам Қажкенов.

Полицейлердің екі жақты  кездесуінде көрші мемлекеттерден көлік ұрлаудың жолын жабу үшін бірлескен жедел-іздестіру шараларын үздіксіз жүргізуге шешім қабылдады. Сондай-ақ қылмыскерлерді және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіруде, есірткі бизнесімен күресуде екі жақты ынтымақтаса жұмыс істеудің кешенді мәселелері жете қаралды. Қостанай облыстық полиция департаменті Қылмыстық полициясы басқармасы бастығының орынбасары Ербол Тайбеков мұндай басқосулардың оң нәтиже беретіндігін, екі жақты ынтымақтаса жұмыс істеудің негізгі тетігінің бірі жедел ақпарат алмасу мен оны жетілдіріп, кешенді жүзеге асыру екенін айырықша айтты. Сондықтан алдағы уақытта да үздік тәжірибелер алмасу және ынтымақты жұмысты үзбеу керектігін екі ел полицейлері де атап өтті.

Кездесу соңында құқық тәртібін ретке келтіріп отырудағы көптеген ортақ міндеттерді жүзеге асыру үшін Протоколға қол қойылды.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай