Үкімет • 10 Сәуір, 2018

МЖӘ аясында 90,6 млрд теңге сомасына 140 нысан пайдалануға берілді

253 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика, инвестициялар және даму, денсаулық сақтау министрлері, сондай-ақ бірқатар облыстардың әкімдері мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелері туралы баяндады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

МЖӘ аясында 90,6 млрд теңге сомасына 140 нысан пайдалануға берілді

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, бүгінде жалпы сомасы 766,4 млрд теңгеге 212 келісімшарт тіркелген, оның ішінде 2018 жылдың І тоқсанында 521,5 млрд теңгеге (2 республикалық және 14 жергілікті) 16 келісімшарт жасалды.

Жалпы, осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 90,6 млрд теңге сомасына 140 нысан пайдалануға берілді, оның ішінде 2018 жылдың І тоқсанында — 8 нысан (1,2 млрд теңге). Сонымен қатар, дайындаудың әртүрлі кезеңдерінде жалпы құны 1,6 трлн теңге болатын 620 жоба бар.

Тимур Сүлейменовтың айтуынша, салалық тұрғыда 212 келісімшарттың (218 нысан бойынша) басым бөлігі білім беру саласына — 52%, денсаулық сақтау саласына — 19%, мәдениет және спорт саласына — 14% тиесілі. Басқа салалар — 15%.

«Тәжірибе көрсеткендей, МЖӘ тетігін пайдалану оң нәтиже берді. Өткен кезеңде 140 нысан пайдалануға берілді, бұл бюджетке біржолғы жүктемені 90,6 млрд теңгеге қысқартуға мүмкіндік берді», — деді Тимур Сүлейменов.

Бұдан өзге, МЖӘ дамытуға арналған заңнамалық шаралар қабылданды. 2017 жылдың соңында МЖӘ тетіктерін одан әрі жетілдіру мен жеңілдету бойынша Заң қабылданды, Заңға сәйкес кезеңдерді 5-тен 3-ке дейін қысқарту арқылы рәсімдер оңтайландырылды, бұл МЖӘ жобаларының сараптама жұмыстары мен мақұлдау мерзімдерін 7 айдан 3 айға дейін қысқартуға жол ашты; 3 және одан да көп жылға МЖӘ бойынша тұтыну кепілдігін беру қарастырылған; мемлекеттік бағдарламалар аясында саланың ерекшелігін ескере отырып, МЖӘ стандартталған жобаларын жоспарлау мүмкіндігі енгізілді. Осы Заңның орындалуына қажетті заңға қосымша актілер қабылданды.

Министрлік Ұлттық Банкпен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, мемлекет тарапынан ЕДБ кепілдікті қамсыздандыру ретінде төлемдерді қарастыратын, МЖӘ келісімшарттарын тануға байланысты қолданыстағы заңнамалық актілерге бірқатар түзетулер әзірледі.

Жалпы, ұлттық экономика министрі МЖӘ дамытудың оң қарқынын атап өтті және типтік құжаттаманы әзірлеу, жобаларды конкурстық кезеңге жеткізу және МЖӘ келісімшарттарын тіркеу секілді жағдайды жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.

Өз кезегінде инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қазіргі таңда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі бойынша 44 жоба әзірлеу және енгізу сатысында тұрғанын, соның ішінде жол саласында — 4 жоба, теміржол көлігі саласында — 1 жоба, 2 жоба — азаматтық авиация саласында, 4 — энергия үнемдеу жобалары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында — 33 жоба бар екенін мәлімдеді.

“Алсим Аларко – Макйол – СК – Кореян ЭкспрессВэй” консорциумымен Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы (ҮАААЖ) құрылысы бойынша Қазақстандағы алғашқы ірі концессиялық жобаны іске қосу туралы келісімшартқа қол қойылды. Биылғы жылдың мамыр айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. 2021 жылы құрылыс жұмыстарын аяқтап, ақылы негізде жолды пайдалануға беру көзделген», — деді Жеңіс Қасымбек.

Инвестициялар және даму министрі автокөлік және темір жолдар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы МЖӘ өзге де ірі жобалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы толығырақ баяндап өтті. Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға энергия үнемдеуге және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған МЖӘ жобаларын іске асыруды бастау туралы ұсыныс айтты.

ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бүгінде денсаулық сақтау саласындағы МЖӘ жобаларының тізімі 175 жобаны қамтиды, олардың 50-і бойынша келісімшарт жасалған, қол қойылған келісімшарттардың жалпы құны 33,7 млрд теңгені құрайды.

Биыл 6 өңірде 15 келісімшарт жасалды. Жобалар дәрігерлер амбулаторияларын, емханаларды, стационарларды салуды және пайдалануға беруді, медициналық техникамен жабдықтауды және т.б. қарастырады. Тағы 125 жоба дайындау сатысында тұр, оның ішінде 25 жоба жеке қаржылық бастама аясында конкурс пен келіссөздер сатысында тұр.

Денсаулық сақтау саласындағы нвестициялардың 2025 жылға дейінгі орташа жылдық өсу қарқыны 9,3%-ті құрайды деп күтілуде.

«Бұл ретте, 750 млрд теңге инвестицияларды МЖӘ аясында тарту жоспарлануда. Бәсекелестікті дамыту, тарифтік саясатты, цифрландыруды жетілдіру бойынша шаралармен бірге, МЖӘ тетіктерін ендірудің нәтижесі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды ендіру жағдайындағы денсаулық сақтау ұйымдарының заманауи тиімді инфрақұрылымы болады», — деп түйіндеді Елжан Біртанов.

Сонымен қатар, мәселені қарау барысында МЖӘ тетіктерін енгізу саласындағы жұмыстар туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е. Манжуов, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ю. Якупбаева сөз сөйледі.