Аймақтар • 20 Наурыз, 2018

Арқада апаттың алдын алу жұмыстары пысықталды

472 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ерте көктем туа Арқада алдымен өкпек жел соқты. Мұнысы даланы қымтап жат­қан қасат қарды тесуге тап­тырмайтын тегеурінді күш. Көктемнің кәдімгі қа­ра суығы. Одан кейін об­лыс­тың кей жерлерінде сір­кіреп жаңбыр жауды. Бұ­ның да өз хәлінше қар кө­бе­сін сөгерлік қауқары бар-ды. Енді, міне, қылышын сүй­реткен қыс қыр аса бе­ре, шағырмақ күндер бас­тал­ды. Қардың шеті жіпсіп, жі­ңішке жүлгелерді қуалап су аға бастады.

Арқада апаттың алдын алу жұмыстары пысықталды

Қарғын судың қандай зардап әке­летінін аузы күйген Қарағанды өңірі жақсы біледі. Осыдан төрт жыл бұрынғы су тасқы­ны­нан бөген бұзылып, Көкпекті ауылын су басқаны есте. Сол төтенше оқиға кезінде ондаған үйдің ойраны шы­ғып, тіпті адам шығыны да болған еді. Бір ғана Көк­пекті емес, өңірдің талай елді мекені кей­ін­гі жылдары қызыл судың зардабын тар­ту­дай-ақ тартып келеді. Оның үстіне, Шы­ғыс Қазақстан облысындағы апатты жағ­дайдың Арқа жұртына қазірдің өзінде іш тарттырған жайы бар.

Иә, апат айтып келмейді. Мұның алдын алатын бір ғана амал бар, ол – қандай да қауіп-қатерге бес қаруыңды түгел сайлап, сақа­дай-сай отыру болса керек.

Таяуда, өңір басшысы Ерлан Қошанов­­тың тапсырмасымен Қарағанды облы­сы­ның Бұқар жырау ауданында өткен «Көктем-2018» атты рес­пуб­ли­калық коман­да­лық-штаб­тық оқу-жат­ты­ғу жиынының дәл осы сипаттағы мақ­сатты көздегені бел­гілі еді. Кең ауқымда ұйымдастырылған атал­ған шараға ТЖД және оның аумақ­тық бөлімшелері, аза­маттық қорғау мем­ле­кеттік жүйесінің бас­қару органдары, Ұлт­тық Ұлан, «Орта­лық» өңірлік қолбас­шы­лығының №52859 әскери бөлімі, №55524 әскери бөлімі, «Астана» өңірлік қол­бас­шы­лығы штабының қызметкерлері атсалысты. Ұзын саны 200-ден астам адам қатыс­тырылып, 52 дана техника бірлігі жұмылдырылды.

Командалық-штабтық оқу-жаттығуы барысында Бұқар жырау ауданының Самарқан ауылдық округіне қарасты Чкалово селосы маңында су тасқыны қаупі туралы дабыл қағылып, эвакуа-
ция жарияланып, облыстағы шұғыл әрекет ету жасағы құрылымдарының дайындығы жан-жақты тексеруден өтті.

Оқу-жаттығу болған жердің де дұрыс таңдалғанын айта кету керек. Самарқан селолық округіне қарасты Чкалово ауылы көктемде ашуға мінетін Нұра өзенінің құ­қайын талай көрген елді мекен. Өзі Темір­таудың іргесінде орналасқан, қала­мен арасы екі-ақ шақырым жер. Дәл сондай қа­шықтықта атақты Самарқан су қоймасы жа­тыр. Сондықтан көктем туа Чкалово ауылының төңірегіндегі ахуал облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Теміртау қаласы мен Бұқар жырау ауданы әкімдіктерін қатты алаңдатады.

Былтыр Нұра тасығанда, су аталған ауылға дейін жетіп, жұртты әбігерге салған болатын. Міне биылғы оқу-жаттығу кезінде өзен суы бой бермеген тұсқа ішіне құм толтырылған қаптардан қамал тұрғызылды. Тура сол жерге жиын­ға қатысушылар шатыр тігіп, тех­ника­лар да қаз-қатар тізілді.

Жергілікті әкімдіктегілердің айтуынша, биыл Чкалово мен Садовое ауылдарындағы жағдай жұртты қатты мазасыздандырып отыр. Сондықтан да барлық күш осы маңға топтастырылды. Жергілікті әкімдік қызметкерлері су сорғыш мотопомпалар сатып алып, құтқару жейдешелері және квадракоперлермен қаруланған. Тіпті жаттығу кезінде аспанда тынымсыз ұшып жүрген дрондарды да көрдік. Су таси қалған жағдайда бұл ұшатын құрылғылар ұшты-күйлі жоғалып кетпей, көкте қалықтап жүрер болса, әрине, көп көмегін тигізері сөзсіз.

Нұраның жағалауына тігілген шатыр­лар­дың орта тұсына таман көшпелі меди­циналық бекет қойылды. Тасқын бола қалған жағдайда түрлі жарақат ал­ған тұрғындар осы жерде алғашқы кө­мек­­ке қол жеткізе алады. Тіпті мұнда пси­хологиялық көмек көрсететін жеке ша­ты­р да тігілді. Ішіне кірсеңіз, бейне кон­це­ляр­лық тауар сататын дүңгіршек дерсіз. Түр­лі-түсті қарындаштар, ақ-қара түсті суреттер, жұмсақ ойыншықтар. Сөйтсек мұның бәрі зардап шеккен адамның көңіл-күйі мен психологиялық жағдайына оң әсерін тигізетін заттар екен. Одан әрі шаруашылық жабдықталым мен дала асханасы орын тепкен. Төтенше жағдай кезінде үйлерін тастап шығатын тұрғындарды ас-ауқатпен қамтамасыз ету де маңызы зор міндеттің бірі.

Оқу-жаттығу жиынының ең қызықты жері Теміртаудағы ескі қала тұсынан өтетін Нұраның мұзын жарылғыш зат арқылы қопару болды. Қуатты жарылыс­тан кейін өзеннің мұзы көкке ұшып, құр­саудан босаған қара су арна бойлай жө­ң­кіле жөнелді. Жаттығу жоспарына сай, адамдарды құтқару операциясы бас­талды да кетті. Құтқарушылар екі жағалаудың арасына арқан тартып, соны бойлай үрілген қайықтармен жүзіп, «суға кеткендерді» бірінен соң бірін құтқара бастады. Құтқарылғандарды жағалауда алғашқы көмек көрсетуге тиіс медицина қызметкерлері күтіп алып жатты. Бір қарағанда, барлық қызмет түрлері үйлесім тауып, ұйымдаса әрекет етіп жатты. Тек, жаттығуда ғана емес, қауіп төнген сын сағаттарда да дәл осылай бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара қимылдаса ғой, шіркін, дейсің.

Оқу-жаттығудың соңына таман облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа бастаған тексерушілер Самар­қан су қоймасына барып, ауа райын болжаушылар, әкімдік өкілдері және төтенше жағдайлар мекемесінің қызмет­кер­лерінің басын жиып, шұғыл кеңес өткізді.

– Қалай болған күнде де біз ең қауіп­ті­сіне дайын болуымыз керек, – деді облыс әкімінің орынбасары. – Сон­дықтан тасқын кезінде болуы мүм­кін сценарийдің барлығын таразыға тартуымыз керек. Табиғаттың мінезін тап басу мүмкін емес. Біздің міндет – апатты жағдайдың шектен шығуына жол бермеу.

А.Шкарупа сөзінің жаны бар. Апат болмауы үшін, ең алдымен, қарғын судың алдына тосқауыл қою қажет. Су қоймаларындағы жағдайды күндіз-түні қырағы бақылауға алу да ең бірінші кезектегі міндет. Бір сөзбен айтқанда, тілсіз жауды тиянақты әзірлікпен ғана құрықтауға болады. Өткеннен сабақ алу­дың өзі – кезінде опық жегізген кем­шіліктердің көзін жою емес пе?!

Биыл Қарағанды облысында көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына бюджеттен 2 млрд 250 млн теңге қарас­ты­рылған. Бұл қаражат су тасу қаупі бар өзендерді тазартуға, олардың арналарын түзеуге, бөгендер тұрғызуға және басқа да қажетті жұмыстарды атқаруға жұмсалмақ.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы