Қазақстан • 20 Наурыз, 2018

Жаңғыру тетігі – жаңа маман даярлау

402 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір әлемде небір өзгерістер болып жатыр, сол өзгерістерге Қазақстан түбегейлі дайын деу­ге болады. Жаңа дәуірге қадам басу жолында еліміздің алдына қойылған бірқатар міндеттерді қамтыған Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­да­йындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» атты биылғы Жол­дауында соның нақты межелері көзделген.

Жаңғыру тетігі – жаңа маман даярлау

Елбасының былтырғы Жол­дауы еліміздің ширек ғасыр ішін­дегі екі жаңғыру үрдісін аяқ­тап, үшінші жаңғыруға негіз салған болса, биылғы Жолдауы төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында заманауи тех­нологиялық дамудың нақты жолдарын нұсқады.

Жолдауда алғашқы міндет индустрияландырудағы жаңа технологияларға арналса, қал­ған бағыттары ресурстық әлеу­ет, ақылды технологиялар, кө­лік-логистика, құрылыс пен ком­муналдық сектор, қаржы секторы, адами капитал, мемлекеттік бас­қару және жемқорлықпен күрес бойынша мақсат-міндет­терді нақтылайды.

Қазір әлем жұртшылығы соңғы технологияларды кеңінен қолданады, сол себепті біздің еліміз де мұндай технологиялық жаңашылдықтардан шет қал­мауы қажет. Цифрлы жүйені өр­кен­детудің арқасында біз тұр­ғындардың технологиялық сауатын жетілдіруге күш салуымыз керек. Бұл бағыт Қазақстанның цифр­лы жүйені жетілдіруіне, ақыл­ды қалалардың санын арт­ты­руға бірден бір септігін тигі­зеді.

Бүгінгі күні еліміздегі әр мектеп жаппай компьютер сыныбымен қамтылған. Сонымен қатар компьютер әрбір үйде де негізгі ақпараттық құрал ретінде пайдаланылады. Компьютермен ақпаратты тасымалдау да, оны сақтау да жолға қойылды, мем­ле­кеттік кітапханалар мен ар­хив­тердің біразы электронды жүйеге көшірілді, электронды құжат айналымы да өз кезегімен дамып келеді. Соның арқасында осы құжаттарды ресімдеу, ком­муналдық қызметтің кез кел­ген түрлерінің ақысын, айып­пұлдар, салық және өзге де қыз­мет түр­лерін үйде отырып тө­леуге әр аза­маттың мүмкіндігі бар. Өрке­ниетті елдердің бар­лығы бүгінгі күні осы цифрлы жү­йеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және хал­қының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып ке­леді. Осы да­мыған елдердің қа­тарына кіру үшін біз де цифр­ландыруды, әр салаға заманауи технология­ларды енгізуді одан әрі қарқын­датуымыз керек.

Жолдауда ресурстық әлеует­тің одан әрі дамуына баса мән берілген. Соған сәйкес Елбасы табиғи ресурстарды басқаруға қатыс­ты ұстанымдарды сыни тұрғы­дан қайта пысықтау, кәсіп­орындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемділігін, жаң­ғырмалы энергия саласын дамы­туға күш салып, 2050 жылға қа­рай бұл көрсеткішті 80 пайыз­ға, Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 2030 жылға қарай 30 пайызға жеткізу мінде­тін қойды. «Жасыл» техноло­гия­ларға инвестиция салу үшін биз­несті ын­таландырудың маңыз­ды­лығын да атап өтті. Тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қа­былдауды тапсырды.

Жыл сайын өндіріс орындары кәсіпорындар санының ұл­ғаюына, халық санының өсуіне бай­ланысты әлем бойынша энер­гияға сұраныс күннен-күнге артып ба­ра­ды. Дәстүрлі жер асты қазба­лары­нан алынатын отын қоры азайып келеді.

Бүгін де әр ел жер асты отын қорын сақтаудың бірден-бір жолы ретінде жаңғырмалы энергия көздерін зерделеп, мамандар даярлауда ауқымды істерді қолға алып отыр.

Әртүрлі өндірістік және ауыл­шаруашылық өнімдерін өнді­руде жаңғырмалы энергия көз­дерімен жылу-энергетикалық және материалдық қорлардың тиімділігін арттыру үшін озық технология пайдаланылуда.

Мәселен, бүгінде дүние­жү­зінде қуаты 2500 МВт бола­тын 100 мыңнан аса жел элек­­тр стансалары жұмыс істей­ді екен. Дүниежүзілік энер­ге­ти­­ка­лық конгрестің болжа­мы бо­­йынша 2020 жылы жаңғыр­малы энергияның үлесіне 1150-140 миллион тонна шартты отын келеді. Бұл жалпы энергия тұ­ты­­нудың 5, 6-5, 8 пайызын құрай­ды. Әлемдегі дамыған мемле­кеттерде пайдаланатын жалпы энергиядағы жаңғырмалы энер­гия үлесі АҚШ-та 20-25 пайыз, Англияда 20 пайыз (600 МВт), Жапонияда 7-9 пайыз, Гер­­манияда 12 пайызға дейін екен.

Сол бағытқа біз де бет түзеп, қазір елімізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңғырмалы энергия көздерінің 55 нысаны жұ­мыс істейді. Олар 2017 жылы 1,1 мил­лиард киловатт-сағат «жа­­сыл» энергия өндірді. Бұл – біз үшін азды-көпті болса да жетіс­тік.

Ұлттық экономика минис­тр­лігі Статистика комитеті­нің ақпараты бойынша, Қа­зақ­стан­дағы инвестициялардың үштен бір бөлігі пайдалы қазбаларды өндіруге тиесілі. Сөйтіп негізгі капиталдағы инвестициялардың көлемі 2017 жылы 1 триллион теңгеге өсіп, оның көлемі 8 триллион 749,3 миллиард теңгені құрап отыр.

Негізгі инвестициялар дәс­түрлі түрде ірі кәсіпорындарға тие­сілі, 2016 жылмен салыс­тыр­­ғанда көрсеткіш 1,5 пайызға жо­ғарылап, 4247,3 миллиард теңгені құрайды, ал шағын бизнеске – 3757 миллиард теңге, орта биз­неске 745 миллиард теңге сом­асында тиесілі. Бұл ретте ин­весторлар пайдалы қазба­ларды қайта өңдеуден гөрі, өнді­румен айналысқанды жөн көреді. Өңдеу өнеркәсібі болса өнді­рудің өсу қарқыны бойынша да, ин­вестиция көлемі бойынша да ілесе алмай жатыр.

Инвестицияларды негізгі ка­питалға тартудың екінші бағыты көлік пен қоймалар болса, 2017 жылы 1 триллион 232,9 миллиард теңгені құрап отыр.

Қазіргі уақытта жаңа техника, технологияның арқасында «жасыл» энергия саласы да өз қарқынымен бастау алып келеді. Алайда бұл салаға да инвестициялар тартудың өзіндік қиындықтары бар, себебі ел бизнесмендері де тез арада табыс тапқысы келеді, ал «жасыл» энергия саласы бойынша ұсы­нылып отырған жобаларды жүзеге асыру көп қаражат бөлу­ден басқа, көп уақытты талап етеді. Бұл бизнесмендерді аса көп қызықтырмай отыр. Сол се­бепті Елбасы өз Жолдауында «жа­сыл» технологияларға инвес­тиция салу үшін бизнесті ынта­лан­дыруға айрықша көңіл бөліп, маңыздылығын атап өткен болатын.

Жаңғырмалы энергия көзін игерудің бірден-бір тетігі ретінде осы салаға қажетті жаңа мамандарды даярлау керек. Себебі күн, жел энергияларын жылу, электр энергиясына түрлендіретін гелио­қондырғылардағы, жел қозға­ғыштарындағы жылу, электр энергетикасының физикасын түсінетін физик-инженерлер әзір­леу өзекті. Елбасының таяу­дағы бес әлеуметтік бастамасын­да жоғары оқу орындарында оқи­тын жастарға бөлінетін мемле­кеттік грантты 20 мыңға дейін кө­бейту ұсынысы көңілге қуаныш ұялатады. Бұл еліміздің шекара маңайындағы аймақтар жас­тарының көрші мемлекеттерге ке­туіне тосқауыл болары сөзсіз. Мем­лекет тапсырысы бо­йын­ша тегін оқуға ілігетін жас­тар көбейетіні игі іс екені даусыз.

Заман талабына толық жауап бере алатын жаңа технологияның мамандары, яғни физик-инженерлер, физик-энергетиктер бізге өте қажет. Әр оқу орындарына арнайы инвестиция бөліп, оларда жаңғырмалы энергия көздерінің қондырғыларын жасайтын ғылыми оқу-өндірістік база, жаңа технологиялық лабораториялар ашып, елімізге күн, жел, жер асты жылуы және тағы басқа салалар бойынша білікті мамандарды, ғылым докторларын, ғылым кандидаттарын шақыру керек. Бұл жаңғырмалы энергия көздері тек тұрмыстық мақсатта ғана емес, ауыл шаруашылығына да ауадай қажет. Сондықтан ауыл шаруашылығының энергетик инженерлерін де арнайы даярлау қажет. Әр облыстың жоғары оқу орындарындағы талантты жас инженер, математик, физиктер арасынан ғылыми кадр әзірленуі тиіс. Сөйтіп сапалы кадрларды даярлаудың арқасында біз елі­міз­д­егі тегін күн, жел, су және т.б. энергия көздерін пайдаланып, ел экономикасын байытуға, экологиясын жақсартуға ықпал ете аламыз.

Ерболат МҰҚАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты