19 Наурыз, 2018

Тіл мәдениетін зерделеген Мырзатай Серғалиев

2794 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мырзатай Серғалиев – қақ-соқтан аулақ, жастардың көңілін жықпай, тілегін қабыл алып жүретін қарапайым қазақ еді. 

Тіл мәдениетін зерделеген Мырзатай Серғалиев

Ол қазіргі сантүрлі сауалға жүк болып, кейде жүйкені тоздырған тіл мәдениетін зерттеген, зерделеген ғалым болатын. Тіл құдіретін, тіл көркемдігін саралап, сөйлеген сәтте һәм көркем дүниеге қолдану барысында тілдің халықтық үлгісін бұзбау – ғылыми жұмысының негізгі арқауы болды. Сөз ұстаған жыраулар мен жыршылардың, қалам тербеген қаламгерлердің мұрасын терең барлап, ана тілін қадір тұтқан ғалым соңына мол мұра қалдырды. Оның негізгі бағыты көркем әдебиет тілі мен стилистика негіздеріне синтаксис мәселелеріне арналды. Ол тіл ғылымымен бірге жазушылықты да қатар алып жүрді. Ой әлемінен қанат қағып, өмір көшімен жарасым тапқан шығармалары көпшіліктің көңілінен шығып, оң бағасын алды.

Айтулы ғалымның 80 жылдығына орай, «Серғалиев сабақтары-2018» аясында «Рухани жаңғыру және тіл білімі мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция елордадағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Конференцияны университеттің проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы ашып, ғалымның өмір жолына еңбектеріне тоқталса, профессор Нұргелді Уәли сөз мәдениетіне ерекше мән бергенін тілге тиек етті. Ал филология ғылымдарының докторы Гүлдархан Смағұлова академик М.Серғалиевтің азаматтық және ғалымдық тұлғасын туралы толғанып профессор Бағдан Момынова қазақ тіліндегі гибрид сөздер бойынша ғалымның зерттеулеріне үңілді. Профессор Шерубай Құрманбайұлы қазіргі БАҚ тіліндегі будан атауларға қатысты байламын академик талдауларымен ұштастыра отырып, нақты мысалдарға жүгінді. Сол секілді профессор Сарқыт Әлісжан қазақ стилистикасының сардары туралы түйінді пікірін жеткізіп, ұстаз алдындағы шәкірттік қарызы мен парызы туралы ой тербеді. Ал академиктің жары Зәуреш Серғалиева конференцияны ұйымдастырған азаматтарға алғысын білдірді.

Алқалы басқосу секцияларда жалғасып, академиктің Оқу-зертханасында қорытындыланды.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»