Аймақтар • 22 Қаңтар, 2018

Қызмет көлігін жекеменшігіндей көреді

555 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекеттік мекемелер мен мем­лекеттік қызметте жүрген лауа­зым иелеріне қызметтік көліктер не үшін беріледі? Әлбетте, өздеріне жүктелген тікелей функциялық міндеттерді ойдағыдай атқару, сондай-ақ уақыт жағынан ұту және кідіріске жол бермеу үшін­ емес пе?! Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Қызмет­тік көлік – қызметтік мақсатта» деген акцияға бастамашы болғаны қолдауға әбден тұрарлық. Бұл іс-шара өз атауынан көрініп тұр­ғанын­дай қызметтік көліктерді қызметтен тыс мақсаттарға пайдалану деректері мен көріністерін төмендетуге бағытталған. 

Қызмет көлігін жекеменшігіндей көреді

Агенттіктің Ақтөбе облысы­ бойын­ша департаменті өткен жы­лы 23 рет арнайы рейд өткізіп, мемлекеттік автокөліктерді жеке шаруаларға пайдаланудың 33 дерегін анықтады. Оның сыртқы сипатына көз жүгіртсек, бірінші кезекте мұның өзі жүргізушілердің кінәсі болып шығады. Өйткені департаменттен алынған деректер көп жағдайларда қызметтік көліктерді жүргізушілер өз мен­шігіндей көріп келгенін көрсетеді. Сөйтіп олар қызметтік көліктерді такси ретінде пайдаланып, тұрғын­дарды тасыған.

Әрине, мұндай жағдайда жа­нар­­май шығынын рульде отыр­ғандар қалтасынан шығармайтыны белгілі. Бұл мемлекеттік автокөлік­терге берілетін төлемақылар мен талондар есебінен жабылады. Екіншіден, кездейсоқ жүрістер мемлекет­тік автокөліктің мерзі­мінен бұрын тозуы мен ескіруіне де әсер етеді. Содан кейін мемлекет­тік мекемелер тарапынан тағы да жылжымалы құралдар сатып алуға тапсырыстар беріліп жатады. Екі арада бюджет қаржысы шығын болады.

Бір қызығы, тіпті қызығы емес-­ау, түсініксіздігі, мұндай те­­ріс көріністер орын алған кез­де тәртіптік шаралар осы уақыт­қа дейін тек мемлекеттік мекеме­лердің жүргізушілеріне қатысты ғана қолданылып келіпті. Сонда өздеріне бекітіліп берілген мем­лекеттік автокөліктердің жүріс-тұрысына бақылау жасамайтын, бұл жөнінде өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезінбейтін мекеме басшылары сүттен ақ, судан таза болып қала бере ме? 

Алда­ғы уақытта мұндай жағдай бол­майды. Келесі кезекте біз осын­дай көріністерге жол берген, бақылауды өз бетімен жібер­ген мекеме басшыларын да жауап­кер­шілікке тарту мәселесін ойластырып отырмыз, – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Қайыр­жан Токушев. 

Әрине, бұл айтылғандар кәсіп­орын басшыларының тікелей өзде­рі қызметтік көліктерді жеке бас­тың мүдделеріне пайдаланбады  немесе пайдаланбайды деген ұғымдарды білдірмейді. Мұн­дай деректер де бар. Олардың қата­рында Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы Жұман Зейненің, №10 Ақ­төбе қалалық балалар мен жас­­өспірімдерге арналған спорт мек­тебінің директоры Бақтияр Төлеуов­тің, Темір аудандық ауру­ханасының басшысы Есен­темір Демегеновтің және Қоб­да аудандық ветеринария стан­сасының басшысы Тимур Құл­метеновтің аты-жөндерін атай ала­мыз. Қызметтік көліктерді қызметтен тыс мақсат­тарға пайдалану көріністері департамент мамандары мен сарапшылары жүргізген рейдтер кезінде облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер, кәсіпкерлік, қаржы, дін істері, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, жер қатынастары, дене шынықтыру және спорт басқармасында орын алғаны қынжылтпай қоймайды. Мұндай жағымсыз жайттардың Ақтөбе қаласына және Ырғыз бен Хромтау аудандарына да қатысы бар. 

Ендеше аталған басқармалар­дың басшылары Маржан Қор­ғанбаева, Анар Даржанова, Гүл­қасима Сүйінтаева, Жолдас Қал­мағамбетов, Әбдухат Мырза­лин, Қабай Сәрсенғалиев, Нұрлы­бек Жүсіп­ов пен Ақтөбе қаласы және Ырғыз бен Хромтау аудандарының әкімдері Ілияс Оспанов, Мәди Елеусізов пен Аманғали Бердалин бұл жайтқа тиісті бақылау қояды деген сенімдеміз. Айталық, жоғарыда аталған кейбір басқармалар мен Ақтөбе қаласы әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердің қызмет көліктері жүргізілген рейдтер барысында бірнеше рет ұсталыпты. Бұл деректің өзі басқарма басшылары мен қала әкімі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді. 

Сөз соңында айтарымыз, бүгін­гі кезде тілдік қорымызда «стикер» деген сөз пайда бола бастады. Бұл толық ақпарат беретін арнайы белгіні мемлекеттік автокөлікке орнату немесе жапсыру деген ұғымды білдіреді. Мұнда оның қандай басқарма мен департаментке  немесе қандай бюджеттік мекемеге қарасты екені көрсетіліп, бұл мәселеге толық ашықтық пен жариялылық беріледі. Бұл игі іске қозғау салған да агенттік болып шықты. Соған сәйкес Ақтөбе облысындағы аумақтық департаменттерге қарасты қызметтік автокөліктерге арнайы стикерлер толықтай орнатылған. Ал осы бағытта облыстық басқарма басшыларының қимылы әлі де болса баяу, селсоқ, енжар болып отыр. Мұның өзі олардың қызметтік көліктерді жеке басы­ның мүдделеріне пайдаланудан бас тартқысы келмейтін іс-әрекетті танытпасына кім кепіл? 

Қызметтік автокөліктерге стикер­лер орнату белгілі бір нор­мативтік-құқықтық актілермен және заңдық күші бар тәртіптермен бекітілген іс емес. Бұл азаматтық қоғам мен өзара іс-қимылды дамытуды көздейтін әрі ортақ мақсатқа жетуді басты ұстаным санайтын агенттіктің бастамасы. Ал тұтастай алғанда «Қызметтік көлік – қызметтік мақсатта» акциясының басты мақсаты да осы арнадан тамыр тартады. Бір сөзбен айтқанда, қызметтік көліктерге стикерлер орнату – ардың ісі болмақ. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Суретте: стикерлер осылай орнатылады