Аймақтар • 22 Қаңтар, 2018

Көкшетауда қуат көзіне қатысты мәселе өзекті

623 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Көкшетау қаласы жылу мен электр қуатының сенімді көзіне зәру болып отыр.  Бұл қала жылуды жергілікті  қазандық арқылы алатын  еліміздегі жалғыз ғана облыс орталығы болып табылады. Қазір осы қазандықтың да техникалық ресурстары таусылған,  сондықтан шұғыл түрде ауыстыруды қажет етіп отыр. 

Көкшетауда қуат көзіне қатысты мәселе өзекті

Соңғы кездері Көкшетау тұрғын­дары осыдан 20 жыл бұрынғы оқиғаны естеріне жиі алып отыратын болыпты. 1997 жылғы қақаған қыста қазандық жарылып, қаланың тұтас аудандары бірнеше апта бойы жылусыз қалған. Қауіптің алдын алмаса сол апат қайта­ланып қалуы да мүмкін. 

Сол жылдан бергі жылдарда ауыс­қан бірнеше әкім Көкшетауға ЖЭО салуға құдіреті жетпеді, тек 2012 жылы аз ғана уақыт Ақмола облысының әкімі болған Қ.Қожамжаров қана қалаға ЖЭО салу туралы саяси ше­шім қабылдағанын білеміз. Бұл жо­баға Президент Н.Назарбаев та қол­­дау білдірген.

Жобаның  алдын ала құны 750 млн АҚШ долларын құраған. Алайда 2013 жылы Қ.Қо­жамжаров ауысып кеткен соң, Энер­гетика министрлігінің бұрынғы басшысының нұсқауы бо­йынша жоба тоқтатылды. Олар ведомстволық мүд­дені көздеп, елдің солтүстік айма­ғын­дағы электр қуатының молдығы ту­ралы дәлелдер келтірген. Алайда отын-энергетикалық кешенді да­мы­тудың 2030 жылға дейiнгi тұжы­рымдамасына сәйкес, осы  2030 жыл­дан бастап  елдің оңтүстігіндегі жүк­теме солтүстік аймақтың қуатын тасы­малдау мүмкіндігінен асады, өз кезегінде бұл 470 МВт қуаттың тап­шылығына соқтыруы мүмкін. Оның үстіне Көкшетау қаласы ең ал­дымен жылуға мұқтаж екенін естен шығармау керек, ал ЖЭО құры­лысының белсенді фазасы 3-4 жылды қам­тиды. 

ЖЭО құрылысының жобасын іске асы­ру бойынша Көкшетауға Ресей, Германия, Ұлыбритания, Израиль, Ливан, Қытай және т.б. мемлекеттерден 20-дан астам делегация келіп кеткені туралы БАҚ пен қалалық әкім­діктен белгілі болды. 

Инвесторлар мәселені шешудің әртүрлі жолдарын ұсынған, алайда жо­баны қаржыландыру бойынша еш­қандай ұсыныстар жасалмаған, ал бұл – ЖЭО құрылысы мәселесіндегі ең басты сұрақ. Қазіргі таңда Қытай­дың «CITIC CONSTRUCTION Co. Ltd» компаниясынан тиімді жә­не оңтайлы ұсыныс түсіп отыр. Бұл компания 2013 жылдан бері Қазақ­стан Республикасында қызмет жасайды. Ақтау қаласында битум өндірісін іске асыратын зауытты пайдалануға берген. Қазіргі таңда компания республикалық маңызы бар Талдықорған – Қалбатау – Өскемен автокөлік жолын қайта жөндеуден өткізу жобасын іске асырып жатыр. Ол ҚХР  Оңтүстік-батыс электр қуаты жобалық институтының қолдауымен Көкшетауда барлау жұмыстарын жүргі­зіп, ЖЭО құрылысына техника­лық тапсырма дайындады. 

Осы жобаның ЖЭО техникалық сипат­тамасы алдыңғы қатарлы эколо­гиялық қауіпсіздік стандарттарына да сай болады. Компанияның бер­­ген бағасы бойынша, жобаның бастапқы құны 390-410 млн АҚШ дол­ларын құрайды, бұл басқалар ұсын­ған сомаларға қарағанда едәуір төмен. Сонымен қатар Көкшетау қаласы әкімдігі ЖЭО-ның техникалық көр­сеткіштерін 180 МВт-дан 70 МВт-ға өзгертуге ұсыныс түсірсе, жоба құны азая­тын болады. 

Бұл жобаны іске асыруда жергілікті коммуналдық кәсіпорын немесе «Самұрық-Энерго» АҚ провайдер немесе оператор ретінде болуы мүмкін. Сондай-ақ  Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен алдағы жазда Қазақстанға ҚХР Төрағасы Си  Цзиньпин келгенде қол қойылатын іскерлік келісімшарттардың арасын­да осы жоба да бар. Міне, осы мәсе­ле­нің бәрі Көкшетауды жылуға қа­тыс­­ты тығырықтан шығарар деген үміттеміз. Үкімет басшысы Б.Са­ғын­таевтың атына да осы жобаны қол­дауды сұрап, жуырда депутаттық сауал жолданды. 

Айқын ҚОҢЫРОВ, 
Мәжіліс депутаты