
Әділдік іздеп, талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүрген адамдар қоғамда баршылық. Арыз-арманы сөзбұйдалыққа салынған сол қарапайым жандардың лауазымды тұлғаларға, құзырлы орган қызметкерлерінің қабылдауына кіруі де оңай емес. Жұртшылық кезегін біраз уақыт күтуіне тура келеді немесе тек арыз-шағымын қалдырумен шектеледі. Әлгі жауапты тұлғаға кіргеннің өзінде мәселесі шешіліп кетуі екіталай. Міне, осындай шаршап-шалдығып, қайда барарын, кімге өтініш айтарын білмей, адасып жүрген азаматтарға, анау-мынау емес, Бас прокуратураның тәжірибелі, қай істі де сауатты қарай алатын әмбебап прокурорлары көмекке келетін болды. Бас прокуратураның жанынан ашылған құқық қорғау қызметтері орталығы халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оларға бірыңғай кешенді қызмет көрсету үшін құрылды.
Биылғы шілде айында ашылған орталықтың жұмысымен біз де танысып қайттық. Мұндағы қызметтің бәрі ашық түрде көрсетіледі екен. Тіпті ғимаратқа кірерде де ешкім жеке куәлік сұрап, тергеп-тексеріп жатпайды. Бірден орталыққа қарай өтесіз.
Орталықтың іші ұлттық нақышта әспеттеліпті. Қабырға бағандары қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген. Ал орталықтың дәл төрінде шаңырақ тұр. Қазақылықтың иісі аңқып тұрған орталықта бір жылылық бар. Мұнда келушілерге барлық қолайлы жағдай жасалғанын байқадық. Қонақүйдей жасанған күту залы, ұжыммен келушілерге арналған конференц-зал бар. Орталыққа арыз-шағыммен келген адамдар алдымен «Reception» аймағындағы қызметкерлерге келіп, ақыл-кеңес алады. Одан кейін талон алып, электронды кезекке тұрады. Кезегі келгенше жұмсақ дивандарға жайғасып, газет-журнал оқып, кофе ішіп отыра тұрады. Таблода нөмірі жанған уақытта операторларға барады. Олар арыз-шағымды қарап, түріне қарай жіктеп, ақпараттық базаға енгізеді. Бұдан кейін келушілер прокурорлардың қабылдауына жіберіледі.
Құқық қорғау қызметтері орталығының басты қазығы да – прокурорлар. Мұнда тәжірибесі мол, қандай істі де терең зерделей алатын төрт прокурор жұмыс істейді. Олар арнайы формасымен емес, азаматтық киіммен отырады. Мұның астарында да адамдармен қатар отыру, тең сөйлесу мағынасы жатса керек. Прокурорлар өздерінің құзыретіндегі кез келген мәселені заңдық тұрғыдан шешіп, дауды бітіруге көмектеседі. Қажет болған жағдайда тиісті органдарға немесе бұған дейін істі қадағалаған облыстық, басқа да прокурорларға хабарласып, істі алдыртып, заңдылығын тексереді. Егер іс прокуратураның қарауына жатпаса, онда уәкілетті органдарға және сотқа өтініш жазуға көмектеседі. Мұнда орналасқан «Электронды үкімет» арқылы лауазымды тұлғаларға арыз жазып, бейнежолдама жіберуге де болады.
Бір ай ішінде орталықтағы прокурорлар 670 адамды қабылдап, оларға заңдық тұрғыдан көмек көрсетіпті.
– Біздің орталыққа әбден шаршаған, қайда барса да «маңдайы тасқа тиіп», әділдіктен үмітін үзген жандар келеді. «Ашынған адамның дауысы ащы келеді» демекші, олардың көбі сөзге де тоқтағысы келмейді, заңға да бағынғысы жоқ. Арасында «өзімді өртеймін, өлемін» деп қорқытып, сес көрсететіндер де жетерлік. Біз оларды сабырға шақырып, барынша тіл табысуға тырысамыз. Орталыққа елмен тіл табыса алатын, олармен тең отырып сөйлесе алатын, ең бастысы, бо-йында адами қасиеттері мол мамандарды іріктедік, – дейді бізді ертіп жүрген құқық қорғау қызметтері орталығының басшысы Сағатбек Сүлеймен.
Оның айтуынша, мұндай орталық құру еліміздің Бас прокуроры Жақып Асановтың идеясы екен. Бас прокурор Грузияға барған сапарында осындай орталықты көрген. Мұндай шағын орталықты кеңейтіп, халыққа кешенді қызмет көрсететін жеке орталық ретінде неге ашпасқа деп ой түйген Бас прокурор елге келісімен бірден ойын жүзеге асыруға кірісіпті. Енді міне, орталық халықтың игілігі үшін қызмет етіп, аз уақыттың ішінде елдің алғысына бөленіп отыр. Талай азамат осында күйініп келіп, сүйініп шығып жатыр. Айталық, жақында орталыққа бір әйел шағымданыпты. Оның тоғыз айлық баласының жүрегіне ота жасалған екен. Дәрігер сәбидің дімкәс денсаулығын көре тұра, мүгедектікті белгілейтін медициналық-әлеуметтік сараптамалық комиссияға жібермеген. Соның салдарынан мемлекет тарапынан берілетін тиісті төлемдер төленбей қалған. Прокурорлардың араласуымен мәселе оң шешіліп, сотқа талап арыз жолданыпты.
Орталыққа жүгінген тағы бір азамат жол-көлік оқиғасына байланысты шағымданып, істің үш жыл ішінде жеті рет қысқартылғанын жеткізген. Прокурорлар бәрін зерделеп, істі бұздыртып, сотқа талап арыз жіберіпті. Тағы бір жәбірленуші осы орталықтағы орган қызметкерлерінің арқасында ұзақ жылға созылған үй дауын бітіммен аяқтап, алғысын айтып, батасын беріп кетіпті.
Міне, айта берсек, мұндай мысалдар жетерлік. Құқық қорғау қызметтері орталығы қызметкерлерінің ұстанған қағидаты – халыққа барынша қызмет қылып, сенім үдесінен шығу. «Ал халық сенімі дегеніміз – құр уәде емес, нақты іс-қимыл» дейді олар.
Мұнда тек прокурорлар ғана емес, адвокат, нотариус, медиатор және пробация қызметі де бар. Өз-өздерін қалай қорғауды білмей жүрген азаматтар адвокаттың қызметіне жүгініп, ақыл-кеңес алса, жазасын өтеп шығып, жұмыс таппай қиналған азаматтар пробация кабинетінде мәселесін шеше алады. Ал жаны қиналып, депрессияға түскен азаматтарға психолог көмекке келеді. Орталықтың медиаторлары да ұзақ жылға созылған дауды бітірісуге көмектесіп, екі тарапты татуластыруға қолұшын береді. Келген адамдарға нотариус қызметін көрсететін кабинет те бар. Ең бастысы сол, бұлардың бәрінің қызметтері тегін. Сағатбек Болатбекұлының айтуынша, келешекте орталықта сот орындаушылардың қызметін ашу да жоспарда бар. Өйткені көп адам алимент мәселесімен орталыққа жиі шағымданады екен.
Арыз-шағымын арқалаған кез келген азаматқа көмек қолын созуға әзір мұндай орталық Астанадан басқа, Ақтөбе мен Қызылорда қаласында ашылыпты. Жылдың соңына дейін Бас прокуратура құқық қорғау қызметтері орталығын барлық өңірде ашуды жоспарлап отыр.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»