Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2017

Оралда «қала күні» мерекесі тойланады

1869 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оралда «қала күні» мерекесі 10 күн тойланады. Бұл жөнінде қала әкімінің орынбасары Мерболат Нұржанов БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді.

Оралда «қала күні» мерекесі тойланады

Әкім орынбасарының айтуынша, Қала күнін қыркүйек айында атап өту жыл сайын дәстүрге айналған. Биыл негізгі мерекелік шаралар 2-10 қыркүйек аралығына жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 22 шілдеден бері «Туған жер» ауданаралық көркемөнер фестивалі Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында әр сенбі сайын өтіп жатыр. «Бұл мереке бәрімізге ортақ. Сондықтан, оны өз деңгейінде ұйымдастырып, өткізуге баршамыз атсалысуға тиіспіз», – деп атап өтті М.Нұржанов. 

«Қала күні-2017» мерекесі аясында Instagram, Facebook, VK әлеуметтік желілерінде «Менің сүйікті Оралым» тақырыбына ең үздік фотосурет пен бейнероликке байқауы, «Үздік ПИК», «Таза аумақ», «Үздік үй», «Таза подъезд» номинациялары бойынша «Жасыл қала» байқауы, Дербес мамандықтар бойынша «Үздік маман» байқауы ұйымдастырылып, Жайық өзені жағасында «Жайық сазы» дәстүрлі өнер фестивалі өтпек. Автокөлік сәнқойлары «Автотюнинг Шоу» шарасына қатысса, Гагарин атындағы кинотеатр бір апта бойы көрерменге отандық фильмдер ұсынады. 5 қыркүйекте Жаңа алаңда «POP Simphony» концерті өтсе, 6 қыркүйекте Орал қаласы әкімінің кубогына арналған КВН фестивалі жастарды Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрына жинамақшы. Мерекелік шаралар аясында «Домбыра PARTY» фестивалі, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Зашаған кентінде 180 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй және мемлекеттік-жеке әріптестік бағдарламасы бойынша Деповская көшесіндегі 90 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің кілтін тапсыру шарасы, Орал қаласы әкімінің кубогына арналган волейболдан «Достық-Дружба» халықаралық жарысы, қаланың сауда орталықтарында «Жеңілдіктер күні» науқаны, театрлық бағдарлама, Қазақстанның эстрада жұлдыздары Төреғали Төреәлі, Ерке Есмахан және Сон Паскальдың қатысуымен кешкі концерттік бағдарлама, мерекелік отшашу, «Орал аруы-2017» байқауы, шағын сәулеттік пішіндердің және мүсіндердің салтанатты ашылуы, «Достық алаңы» фестивалі (балалар шығармашылығы фестивалі, «Город мастеров» сәндік-қолданбалы көркемөнерінің көрмесі, жанды мүсіндер, майрампаздар), Жайық өзеніне бекіре балықтарын жіберу, облыс аудандарының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі, аудан және ауылдық округтерінің бұқаралық спорт шараларының концерттік бағдарламасы, Қарақат Әбілдина және Қыдырәлі Болманның қатысуымен ретро-фестивальдің концерттік бағдарлама, «Туған жер» атты ауданаралық қорытынды гала-концерті – осының бәрі Орал қаласы тұрғындары мен шаһар қонақтарын күтіп тұр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»