Қазақстан • 31 Тамыз, 2017

Астанаға саяхатшы байкерлер келді

475 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Олар бүкіл Қазақстанды аралаған. Жарты ай ішінде 10 адамнан құрылған команда 8 мыңнан астам шақырымды артта қалдырды, деп хабарлады елордалық әкімдіктің медиа орталығы.

Астанаға саяхатшы байкерлер келді

«Бәйтерек» монументі алдында жиналған саяхатшыларды қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ экспедиция басталған Оңтүстік-Қазақстан облысының делегациясы қарсы алды.

Байкерлер бұл шеруді осы жаздың басты оқиғасы – ЭКСПО көрмесі мен ҚР Конституциясы күніне арнады.

Оңтүстік Қазақстан байкерлер федерациясының президенті Рүстем Базарбековтың хабарлауынша, темір тұлпармен бүкіл ел ішін аралау идеясы ойламаған жерден келген. Саяхат туралы көптеген бағдарламалардың бірін көрген команда көшбасшысы топ құрып, қазақтың дархан даласын көруге шешім қабылдаған. 

«Жер деген ерекше ғой. Жазық кең дала. Үнемі әуеде ұшақпен қалықтаймыз немесе пойызбен жүреміз. Қазақтың кең жазық даласын байқамай да жатамыз. Ал бұл бұған кереғар, желмен бірге жүйіткіп, әр сай-тасын көріп, жердің қуатын сезіндік. Қай жерге бармасақ та адамдар жылы қабылдады. Кей кездері ауылдарда, тұрғындардың үйінде, кейде қонақ-үйде түнедік, үлкен қалаларда тіптен біз үшін концерт қойып, «қаһармандар» келген сияқты күтті»,- деді Рүстем Базарбеков. Өзімізбен бірге тек еліміздің туын, тамақ тиелген сөмкелерді ғана алдық. Орташа есеппен сағатына 100-120 жылдамдықпен жүрдік, адреналин қалаған кезде 150-ге дейін жылдымдықты арттырдық. Сапар барысында ешқандай тосқауыл, кездесқой жағдай болған жоқ. Дегенмен жол-көлік апатына түскендерге көмектестік.

«Оқиға Қостанай қаласының маңында орын алды. Жолда аударылып жатқан көлікті көрдік. Сол маңда болғандардың бәрі көмекке келді. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Адамдарды көліктің ішінен алып шықтық, 4 сағатқа тосылып қалдық. Әрі қарай өз бағытымызмен қайта жолға шықтық», - деді Р. Базарбеков.

Байкерлер бұл мотошерумен шектелмейді, тоқтамайды. Келесі жылы жолға шығатын команда жиналды, Заполярьені бағындырмақпыз. Қазақстанның атынан 16 адам жолға шықпақ. Қысқа мерзімді жоспар бойынша елорданың түкпір-түкпіріне дейін аралайтын ой бар. әрі қарай жолға шығамыз. Желмен бірге жүйіткиміз.