Аймақтар • 30 Тамыз, 2017

Ақтөбеде Конституция күні 50 жұп бір мезетте үйленді

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Ақтөбе қаласының Әбілхайыр хан даңғылында Конституция күніне арналған ауқымды шеру өтті.

Ақтөбеде Конституция күні 50 жұп бір мезетте үйленді

Түрлі кәсіп иелерінен жиналған 12 мыңнан аса ақтөбелік орталық стадион алаңынан бастап облыс әкімдігіне дейін жүріп өтті. Мұнда шеруге қатысушылар Қазақстан Республикасының әнұранын орындаумен ашылған салтанатты шараға қосылды.

- Бүгін біз Қазақстанның ұлы, ең басты мерекесін атап өтудеміз. 22 жыл бұрын қазақстандықтар жалпы референдумда Ата Заңымыз – еліміздің Конституциясын қабылдады. Өткен жылдардың ішінде Қазақстанның Конституциясы өзінің өмірлік күшін дәлелдеді. Конституцияның арқасында еліміздің экономикасы дамып, Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі жылдан жылға артып келеді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін Ата Заңымыздың арқасында жүзден астам көп ұлттың өкілдері Қазақстанда - бір шаңырақтың астында бір жанұядай тұрып жатыр. Осының барлығы президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының тұрақтылығы мен дұрыстығының айғағы. Мен облыс басшылығының атынан ұлы мерекемен құттықтап, денсаулық пен құт-береке тілеймін. Қазақстанымыз гүлдене берсін!,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарға.

Мерекелік шараның аясында облыс әкімдігінің алдында сондай-ақ, 50 жұпты бір мезетте салтанатты тіркеу рәсімі де өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова әр жаңа отбасыны құттықтап, неке қию куәліктерін табыс етті.

25 жыл отасқан 50 жұп жас жұбайларменотбасылық өмірдің қыр-сырымен бөлісті. Олардың қатарында үйленгендеріне 65 жыл толуын тойлап жатқан Бақыт пен Ольга Ізбасаровтар да бар. Олар жастарға береке-бірлікті аманаттап, естелік сыйлықтар табыстады. Дәстүр бойынша жас жұбайлар вальс биін билеп, аспанға жүрек тәрізді шарлар ұшырды.

Шара кішкентай бишілердің хореографиялық көріністерімен жалғасты.