22 Тамыз, 2017

Журналистика – мәртебелі мамандық

1356 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі кездері журналистика тө­ңі­регінде жүйкеге тиерлік жүйесіз сөз кө­бейіп кетті. Аяқ астынан Аме­рика ашуға әуес әлдекімдер әртүрлі «сәуегейлік» әңгімелер айтумен әлек.

Журналистика –  мәртебелі  мамандық

Олардың ойынша, ақпарат аламанында әлі-ақ әлеуметтік желінің аты озбақ. Өйткені, өмірдегі өзекті мә­се­лелердің мәнісін жұрт содан оқып білмек. Газет-журналдар оқыр­ман қолына тигенше, елді елең ет­кізерліктей жаңалықтар ескіріп ке­теді. Оның үстіне мынау ұршықша зырылдаған ұшқыр заманда көлдей-көл­дей көпірме мақалаларды «езіп» оты­руға ешкімнің уақыты жоқ. Сон­дықтан жеделдігі жетіспейтін баспасөз бай­ғұстың соры сорпадай қайнамақ. Блогерлердің бағы жанбақ.  

Журналист мамандық емес, ол үшін арнайы оқу бітірудің қажеті шамалы деу­шілер де аз емес. Бұл кәсіпті сүйегіне сөз сің­ген кез-келген адамның меңгеріп ке­те­тіні рас. Бірақ бұдан талантың тас жарып тұрса жеткілікті, диплом алу міндетті емес деген ой туындама керек. Бір білетініміз, өнердің қай тү­рі де үміттерін үкілеген өрендерден бе­йім­ділікті талап етеді. «Құдайдың бер­мегенін Сорбона бермейтіні» белгілі. Әйт­се де әркімнің бойындағы қарым-қабі­летті ұштайтын терең теориялық білімнің пайдасы ұшан-теңіз. Олай болмаса әнші консерваторияда, суретші бейнелеу бағытындағы академияда оқымас еді ғой. Естуімізше, дауысы көкте да­мыл­даған Димаштың өзі шеберлігін шың­дамақ ниетпен шетел аспақ көрінеді. Болашақ қаламгерлер де солай, университет қабырғасында жазу-сызудың әліп­биімен танысуға тиіс. Егер еліміздегі жоғары оқу орындарының журналист кадр­ларын дұрыс дайындайтындығы туралы дау туындап жатса, ол басқа тақырыптың тұздығы. 

Біздің әріптестеріміздің басқа сала өкілдерінен бір артықшылығы бар. Та­лай науқасты ажалдан арашалаған аса білікті дәрігерді, төрткүл дүниені төң­керіп тастардай ақыл-ойға ие ғұлама ға­лым­ды көпшілік біле бермеуі мүмкін. Ал, халықтың көкейіндегісін көтеретін тіл­шілер, әсіресе тележүргізушілер тез танылады. Елбасы ұшағына мініп еңку-еңку ендіктерді аралау, әлемдік державалардың патшалары отыратын салтанатты сарайлардың төріне шығу, тұғыры биік тұлғалармен терезесі тең құрдасыңмен сырласқандай сұхбат құру екінің біріне бұйырмайтын бақыт. 
Кешегі кеңестік кезеңде де, одан кейін де жұлдызы жарқыраған жампоз Василий Песков есіме түсіп тұ­рға­нын қарашы. Қалам қуатының арқа­сында екі қоғамның да қызығын көрді. Сонау елуінші жылдары фотоаппаратын асынып Мәскеуге келген жас жігіт көп кешікпей-ақ «Комсо­мольская правданың» корифейіне айналды. Аты-­жөндері адамзат тарихында ал­тын әріп­пен жазылған Гагарин, Жуков сияқ­ты жақсы-жайсаңдардан алғаш­қылар қатарында интервью алды. Ұшқан құс, жүгірген аңның ізін қуып шартарапты шарлады. Табиғат тамашаларын таңбалады. Тағдыры таңғажайып кейіпкерлерді тапты. Ең бастысы, ұзақ жылдарға созылған шығармашылық ғұмырында қалаған тақырыптарын ға­на толғады. Капитализм мен социа­лизм шарпысып тұрған шиеленісті шақ­та америкалықтардың шақыруымен Аляс­када ат шалдырды. Антарктиданың ақ аюларымен ағайындай «араласты». Атағы аспандаған ақын-жазушылар қол жеткізе алмаған Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. Қашан дүниеден қайтқанынша «КП»-ның редакция-сында жұмыс істеді. Малданған мамандығының мәртебесін биіктетудің үздік үлгісі сірә, осындай-ақ болар. 

Неге екенін қайдам, қазіргі қазақ жур­налистикасы өзінің бұрыннан қа­лыптасқан классикалық сипатынан айы­рылып қалғандай. Әңгіме оқығандай әдемі әсерге бөлейтін көркем очерктер көзден бұлбұл ұшты. Әттегенайлатқан тіл, стиль кемістігіне әбден көндігіп алдық. Қара сөздің қаймағы түгіл қас­па­ғына қасық батырмағалы қашан. Осын­дайда реформатор редактор Сей­дахмет Бердіқұловтың арман-аңсары ойға оралады. «Шіркін, газеттің ресми мақалаларын ауыз әдебиетінің стиліне салып жазса ғой...» деп еді-ау жарықтығым. Сары қымызбен сарық басқандай ондай оңды дүниелерді оқуымыз енді екіталай шығар.

Газеттегі жағдай мұндай болғанда, теле­­дидардағы ахуал одан да аянышты екені анық. Бас-аяғы шектеулі баған кө­лемі көтермейді. Әйтпесе, эфирді жау­лап алған әнебір әртіс жүргізушілердің ора­шолақ сөз қолданыстары туралы таңға айтып тауыса алмайсың. Соған қарамастан лексикондарындағы екі жүз сөзбен екі минутқа жетер-жетпес сю­жеттер жасап-ақ, журналистика са­ласындағы беделді сыйлықтарды қан­жығаларына оп-оңай бөктеретін олжалы қауым да осы тележурналистер екенін айтсам, байдың асын байқұс қызғанғанның кебін кешкендей болып жүрмейміз бе?.. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Журналистика – еріккенің ермегі емес. 

Талғат БАТЫРХАН,

«Егемен Қазақстан»