22 Тамыз, 2017

Технологиялық жаңғыру экономиканы жеделдетеді

1140 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Үкіметтің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы тапсырмалардың орындалу барысына арналған брифингтер легі басталды. Кеше онда «Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы» тақырыбы талқыланды. Баспасөз мәслихатына Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді қатысып, бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайын баяндады.

Технологиялық жаңғыру экономиканы жеделдетеді

Энергетика министрі Қ.Бо­зым­баев жеделдетілген техноло­гиялық жаңғырту елдің энер­ге­тикалық секторының тиімділігін арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Министр сондай-ақ, Мемлекет басшысының ха­лық­қа Жолдауында айтылған жедел­детілген технологиялық жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын, минералды-шикізаттық базаны кеңейту аясында көмірсутекті шикізат мәселелерін реттеу үшін бірқатар жаңа тәсілдер әзір­ленгенін мәлімдеді. Мәселен, келі­сімдердің түрлері оңтайлан­дырылған, жер қойнауын пайда­ла­нуға келісім жасау мерзім­дері қысқартылып, рәсімдер жеңіл­детілген, сондай-ақ, әкімшілік кедер­гілер жойылған. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалану са­ласының ашықтығы мен болжамдылығын арттыру мақса­тында шикізат қорлары бойынша есептілік стандарттарының ха­лықаралық жүйесіне көшу жүзеге асырылуда.  
Министрдің мәліметінше, шикі­затты кешенді қайта өңдеу­ді тереңдету бойынша мін­дет­­терді орындау үшін екін­ші жар­тыжылдықта Атырау мұ­най өңдеу зауыты мен Пав­ло­дар мұ­най-химия зауытын жаң­ғыр­ту жобалары, ал келесі жы­лы Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аяқталады. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырт­қаннан кейін мұнай өңдеу көлемі 14,5-тен 17,5 млн тоннаға дейін өседі деп бол­жанған. Ақшыл мұнай өнімдері – бензин, дизель отыны, авиаотын өндірісі ұлғай­тылмақ. Елі­міздің ішкі қажет­тілік­терін толық қамтамасыз ету және жа­­нар-жағармай бойынша им­портқа тәуелділікті жою күті­луде.  

Экономиканың жедел­детіл­ген технологиялық жаңғыр­ты­луы үлгісінде отын-энергети­ка кешені жобасы бойынша бір­қатар бастамалар іске асыры­луда. Осылайша, мұнай-газ өнер­кә­сібінде кен орындарын­да мұ­най беруді арттыру және гео­логиялық барлау жұмыс­тарын жандандыру, оның ішінде теңіз жобалары бойынша жұ­мыстар жүргізілуде. Бұл мұнай өндіру көлемінің 2025 жылға қарай 107,3 млн тоннаға дейін және газ өндіру көлемінің 77,3 млрд текше метрге дейін өсі­мін қамтамасыз етпек.

Мұнай өңдеуде энергия тиімділігін арттыру, 3 жылдық жөндеуаралық кезеңге көшу жобалары және ішкі нарыққа мұнай жет­кізудің тартымдылығын арт­тыру бойынша шаралар енгі­зілуде. Бұл ақшыл мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттырады және олардың сапасын К4 және К5 экологиялық стандарттарына дейін жеткізеді. Мұнай-газ химиясында жылына жалпы қуаты 2,3 млн тонна қосымша құны жоғары өнім болатын 4 мұнай-газ химиясы зауыттарын салу шаралары іске асырылуда.  

Атом энергетикасында жылу шы­ғаратын құрастырулар өнді­ретін зауыт салу, уран өнді­ретін кәсіпорындарда ІТ-тех­но­ло­гияларды енгізу, сондай-ақ, уран­ның минералды-шикізаттық базасын толықтыру үшін іздеу жұмыстарын күшейту бойын­ша жобалар іске асырылады. «Отын-энергетикалық сектор» бастамалары бойынша инвес­ти­циялардың жалпы көлемі 2017-2025 жылдары 19 трлн теңгеден астамды құрауы тиіс, олардың 97 пайыздан астамы жеке қаражат есебінен қамтамасыз етіледі.

Ал, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің мә­лімдеуінше, Қазақстан өнер­­кәсібінің Индустрия-4.0-ге көшуге әзірлігі бойынша тех­ни­калық талдау жұмыстары ал­дағы қыркүйекте аяқталады. Министр Индустрия-4.0 үлкен деректердің (Big Data) талдауы, дербес роботтандырылған жүйелер, индустриялық интернет, аддитивті технологиялар (3D баспа) секілді алдыңғы қатарлы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ауқымды пайдаланудан тұратынын атап өтті. Халықаралық сарапшылардың есебі бойынша, түрлі елдерде Индустрия 4.0-ді енгізу ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсімін орта есеппен 1,5 пайызға қосымша ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Инвестициялар және даму ми­нис­трлігі биыл тиісті шараларды әзірлеу бойынша белсенді жұ­мыстар жүргізуде. Осы мақ­сатта өнеркәсіптерін цифрланды­ру бойынша айтарлықтай нәти­желерге қол жеткізген бірқатар елдің сарапшыларын жұмысқа тартқан. Олар – Германияда Ин­дустрия-4.0 тұжырымдамасын бірлесіп жазған авторлардың бірі Фраунгофер атындағы еу­ро­палық қолданбалы зерттеулер институтының сарапшылары, сондай-ақ, Швецияның алдыңғы қатарлы кен өндірісі кластерінің мамандары. Осы сарапшылар­мен бірлесіп биылғы жылдың қыр­күйек айына қарай өнеркәсіптің Индустрия-4.0-ге көшуге әзірлігі бойынша техникалық талдау жұмыстары аяқталады, ал жыл соңына қарай Үкіметтің тиісті қаулылары – 2025 жылға дейін Ин­дустрия-4.0 элементтерін ен­гі­зудің қадамдық жоспары қабыл­данады.

Инвестиция тарту және экспортты ілгерілету бойынша ұлттық стратегияларды әзірлеуге Сыртқы істер министрлігі де белсене қатысуда. Бұл реттегі жұмыстар жайын Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары М.Тілеуберді айтып берді. Мәлімдеуінше, ең алдымен ЕАЭО, ШЫҰ ішінде халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау және ілге­рі­летуді қамтамасыз ету, «Нұр­лы жол» мемлекеттік бағдарламасын «Жібек жолы» эконо­микалық белдеуімен үйлестіру, ЭКСПО-2017 базасында ІТ-стар­таптар халықаралық техно­паркін құру, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарла­масын, «Қазақстанның  ұлттық тех­но­­логиялық бастамасы» стра­тегия­лық жоспарын, дамыған елдер­дің ең үздік стандарттары мен тәжірибелерін енгізумен биз­­­несті қайта реттеу бойынша жү­йелі шаралар әзірлеу бойын­ша тұрақты жұмыстар жүргі­зіледі.  
Елбасының Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жол­дау­ында белгіленген жаңа мін­деттерді ескерумен инвестициялар тарту және экспортты ілгерілету жөніндегі өкілетті органмен тығыз өзара байланыста сыртқы саясат ведомствосының қызметін қайта қалыптастыру мен жаңа тәсілдерді қолдану бойынша жұмыстар атқарылуда. 

Сыртқы деңгейде инвестициялар тарту бойынша жұмыстарды күшейту үшін 10 басым елде (Германия, Франция, ҚХР, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Жапония, Үндістан, Иран, Италия, АҚШ) инвесторлармен мақсатты жұмыс жүргізу үшін Инвестициялар және даму министрлігінен инвестициялық кеңесшілерді тағайындау туралы шешім қабылданған.

АҚШ, Германия, Франция, Түркия, БАӘ, ҚХР, Ресей ел­дерінде «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-тың бөлім кеңселерін ашу мәселесі пысықталып жатыр. Ше­тел­дік дипломатиялық корпус пен бизнес қауымдастық өкіл­дері арасындағы тікелей бай­ла­ныстарды дамыту мақсатын­да СІМ бастамасымен «Атаме­кен» ҰКП қолдауымен «Дипло­ма­тиялық бизнес клубы» құрылған. «Үкімет қабылдаған шаралардың арқасында, Қазақстан  Doing Business 2017 рейтингісінде 190 елдің ішінде 41-ші орыннан 35-ші орынға көтерілді, бұл барлық жылдардағы ең үздік көрсеткіш», деп атап өтті М.Тілеуберді.

Динара БІТІК, 

«Егемен Қазақстан»
 

Соңғы жаңалықтар