21 Тамыз, 2017

«Шивээт улаан» кешеніндегі археологиялық зерттеулердің екінші кезеңі нәтижелі аяқталды

353 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) Моңғолия Ұлттық музейімен бірлесіп ұйымдастырған «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты ІІІ халықаралық экспедициясы аясында Моңғолияда бір­қатар жобалар сәтімен жүзеге асырылуда.

«Шивээт улаан» кешеніндегі археологиялық зерттеулердің екінші кезеңі нәтижелі аяқталды

Экспедицияның  басты мақсаты − Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айрықша назар аударған киелі жерлер мен тарихи сананы жаңғырту. Сондықтан да экспедиция маршруты Моңғолияның Кентай аймағындағы көшпелілер киелі санайтын Бурхан Халдуннан басталып, Ұлытаудағы Алаша хан, Жошы хан кесенесіне дейін жалғасады деп жоспарланған. Осыған орай, Моңғолияның Кентай аймағы Дэлгэрхаан сұмынында TWESCO мен Моң­ғо­лия Ұлттық музейінің қолдауымен осы экспедиция аясында халықаралық дала семинары өтті. Ғылыми бағыттағы алқалы жиынға Академия басшысы Д.Қыдырәлі мен Моңғолия Ұлттық музейінің директоры Д.Сүхбаатар бастаған көрнекті тарихшы, археолог және түркітанушы ғалымдар мен екі елдің белді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 

Сонымен қатар, былтыр қолға алынған Түркі академиясы мен Моңғолия Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Тарих, археология институтымен бірлескен «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде жүргізген археологиялық қазба зерттеулерінің екінші кезеңін де нәтижелі аяқтады.

Өткен жылғы тұмшалау кезінде салын­ған топырақтар мен тастарды тазалау жұмыс­тарынан басталған археологиялық қазба жұ­мыс­тары нәтижесінде биыл бас құрылыстың жаңадан үш қыры толық анықталып, тазаланды. Сондай-ақ, сегіз қырлы бас құрылыстың төртбұрыш іргетасы аршылып, оның тастан қаланғаны белгілі болды. Ерекше атап өтерлігі, қазба жұмысы алаңынан кеудесі төмен қараған жаңа бәдіз табылды. Бұл ғұрыптық кешен аумағынан табылған екінші тас мүсін бәдіз болып отыр. Өткен жылғы зерттеулер барысында осыған ұқсас тас мүсін табылған еді.

Бұдан бөлек, кешеннің бас құрылыс алаңын аршып, тазалау барысында пышақтың темір ұшы, өрнекті тас сынықтары, темір жебелер, лағыл, ақық тас моншақтар, темір қапсырмалар сынды әшекей бұйымдар зерттеушілер назарына ілінді. Көне түрік дәуірінде империяның қаған, йабғұ, шад, бұйрық, тархан, тегін сынды билік иелеріне, лауазымды тұлғаларына арнайы ғұрыптық кешендер орнатылып, аруағына тағзым етіп, мемлекеттік деңгейде арнайы жосын-жоралғылар атқарылатын болғаны белгілі. Орталық Азияда қайталанбас әрі бірегей «Шивээт улаан» сондай көне ғұрыптық кешендердің бірі. Академия көне түркі ескерткішін зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастырады.

Экспедиция аясында Түркі академиясының басшысы мен Моңғолияның Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Гэлэгпил Чулуунбаатардың кездесуі өтті. Кездесу барысында министр келешекте бірлескен жобалар жүргізіп, моңғол елінде жоспарланған ғылыми бастамаларға өз тарапынан мейлінше қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.

Нұрлыбек Досыбай,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар