Аймақтар • 22 Маусым, 2017

Өскемендік оқушы 136 балл жинады

251 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу 20-24 маусым аралығында өтеді деп жоспарланған. Облыстық білім басқармасының ұсынған мәліметтеріне жүгінсек, биыл өңірде 8989 оқушы мектеп бітіріп, оның 7000-ға жуығы ҰБТ тапсыруға тілек білдірген көрінеді.

Өскемендік оқушы 136 балл жинады

«Облыс бойынша 20-22 маусым аралығында 3858 мектеп бітіруші ҰБТ-ға қатысты. 20-21 маусым күндері жалпы саны 2106 оқушы (қазақ тілінде - 1102, орыс тілінде -1004) тест тапсырды. Ертең 3 мыңнан астам, бүрсүгүні 420 оқушы сынақтан өтеді деп жоспарланған», - дейді облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің бас маманы Рәуия Халенова.

ҰБТ тапсырылған үш күнде өңір бойынша жиналған ең жоғары бал Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының оқушысы Риза Бөкейханованың еншісінде. Оның жинаған балы – 136. Аталған білім ордасының директоры Айгүл Абдулдина шәкіртінің биология пәнін таңдағанын, Семей мен Астана қаласындағы медициналық академияның біріне оқуға түспек ойы бар екенін айтты.

ҰБТ облыс орталығындағы екі жоғары оқу орнында өткізіліп жатыр. Облыстық Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының жетекшісі Сайраш Искакова С.Аманжолов атындағы университеттегі 21 маусымдағы алғашқы лектегі тестілеу сынағының сәтті өткенін, бұл күні 501 оқушы тест тапсырғанын хабарлады.      

Азамат Қасым,

"Егемен Қазақстан"

Өскемен