Қазақстан • 22 Маусым, 2017

«Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпаздары марапатталды

641 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Байланыс және ақпарат күнін мерекелеу қарсаңында «Нұр Отан» партиясы журналистикадағы сөз шеберлерін марапаттады, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

«Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Нұр Сұңқар» республикалық байқауының жыл өткен сайын БАҚ қызметкерлері арасындағы танымдылығының артып келе жатқанын атап өткен ләзім.  Жеңімпаздар партия қызметі, еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыруы, маңызды қоғамдық партиялық бастамалар, партияның жастар саясаты туралы үздік материалдары арқылы анықталды.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандар 8 аталым бойынша марапатталды. Биылғы жылы байқаудың қарауына отандық бұқаралық ақпарат құралдарының 200  өкілінен 600-ден астам жұмыс түсті. Бұл жолғы байқауда Астана және Алматы қаласының журналистері ерекше белсенділік танытты. Өңірдегі журналистердің де байқауға қатысуға ниет білдірген қызығушылығы арта түсуде. Байқауға материалдар барлық облыстардан келді. Жеңімпаздардың есімдері құрамында елімізге белгілі журналистер, қоғам қайраткерлері бар байқау комиссиясының қорытынды отырысында анықталды.

Байқау қорытындысы бойынша «Елбасы бастамаларын халыққа түсіндіруге қосқан үлесі үшін» аталымын «РТРК Қазақстан» АҚ арнайы тілшісі Дулат Нуркин иеленді. «Партия қызметі туралы ең үздік материал үшін» аталымы Қарағанды облысындағы «Литер» газетінің тілшісі Айнұр Балакешоваға бұйырды.  «Ерекше пікір» аталымында «Астана» телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар директоры Анар Каринтаева үздік телевизиялық журналист атанды. «Халық дауысы» аталымы  «Хабар24» телеарнасының директоры Арман Сейітмамыттың қанжығасына байланды. «Сөз шебері» аталымында «Егемен Қазақстан» газеті мәдениет және руханият бөлімінің меңгерушісі Талғат Батырхан үздік журналист болды. «Аймақ айнасы» аталымын «Казахстанская правда» газетінің Қостанай облысындағы тілшісі  Евгений Ермаков пен «Семей таңы» газетінің басшысы Рыиза Молдашева өзара бөлісті.  

«Ең үздік талдау бағдарламасы» аталымы «Хабар» теларнасы кешкі жаңалықтар қызметінің бас редакторы, «Негізінде» бағдарламасының жүргізушісі Руслан Оспанға табыс етілді.  «Медиа профи» аталымын «Qamshy Media» ЖШС директоры Нұрғали Нұртай мен baq.kz сайтының редакторы Ержан Жаубай бөлісіп, олар интернет басылымның үздік журналистері атанды.