Парламент • 22 Маусым, 2017

Тоқаев Финляндия Парламентінің делегациясын қабылдады

129 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Парламенті төрағасының орынбасары Маури Пеккаринен бастаған делегацияны қабылдады, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.

Тоқаев Финляндия Парламентінің делегациясын қабылдады

Қ. Тоқаев М. Пеккариненді және күллі Суоми халқын ел тәуелсіздігінің алдағы 100 жылдығымен құттықтады.

Қазақстан Парламенті жоғарғы Палатасының Төрағасы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Хельсинкидің ерекше ықыласын атап өтті. Сенат басшысының пікірінше, Президент Саули Нийнистёнің таяудағы Астанаға жұмыс бабындағы сапары және оның «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі ұлттық павильонын ашуға қатысуы Қазақстан мен фин қатынастарының ерекше сипатын көрсетті.

«Финляндия табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен әлеуметтік бағдардағы экономиканың нәтижелі жұмысының мысалы болып табылады. Біздің Мемлекет басшысы дамудың осы бағытын белгіледі, - деді Қ.Тоқаев. – Біз энергия жинақтау, жаңартылатын энергия көздерін табу және пайдалану саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға мүдделіміз».  

Сенат Төрағасы Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестік тұрғысында екі мемлекеттің өзара іс-қимылын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Астана осыған байланысты Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді алғашқылардың бірі болып ратификациялаған фин Парламентінің шешімін жоғары бағалады.

Жүздесушілер заң шығару органдарының диалогы мәселелері бойынша пікір алмасты, сауда-экономикалық, транзиттік және мәдени саладағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

М. Пеккаринен Қазақстанды Финляндияның аймақтығы маңызды әріптесі ретінде атады және біздің мемлекеттеріміздің көптарапты өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға сенім білдірді.