«Нұр Отан» фракциясының мүшесі Фахриддин Қаратаевпен біздің бүгінгі әңгімеміз де еңбек тақырыбы төңірегінде өрбіді.
– Фахриддин Әбдінабиұлы, адам қандай жетістікке де еңбек арқылы жететіні сөзсіз. Өзіңіз еңбек жолын қашан бастадыңыз?
– Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы, Көлкент ауылдық округінің Ақсуабат бөлімшесінде дүниеге келдім. Оңтүстікте адамның еңбекке деген құштарлығы бала кезінен басталады десем, артық айтқандық емес. Әже-әпкелеріммен бірге ең алғаш рет мақта теруге шыққаным есімде. 4-5 жастамын. «Мен де мақта теремін, маған да мақта салатын қап беріңдер» деп жылағанымды үлкендер әлі күнге дейін айтып, күлдіріп отырады. Жастайымнан өзімнен кіші інілеріме қамқор болдым. Кейін менің жолымды інілерім жалғастырып, олар да кішіге қамқор, еңбекқор болып өсті. Қазір олар ауыл шаруашылығы саласында, әртүрлі қызметте еңбек етіп жүр. Бала кезден еңбектің дәмін татқан адам өмірде қор болмайды деген осы. Үйде он бала болдық. Көкем мен анамның тапқан айлығы жете бермейді. 7 сыныпты бітірген соң, жаз бойы шөп жинауда жұмыс істедім. 14 жаста болсам да үлкен жігіттермен бірдей еңбек еттім. Өзіміздің 7-8 сотық кішкентай учаскеміз болды, бау-бақшамен айналыстық, жинаған өнімдерді қысқа дайындаймыз, артығын сатамыз. Одан түскен ақшаға ата-аналарымыз бізге киім-кешек, азық-түлік сатып алады. Азын-аулақ малымыз да болды, солар күнкөрісімізге жарап тұрды.
– Қай жоғары оқу орнын бітірдіңіз?
– Оқудағы жетістігің де еңбекпен келетіні белгілі. Соған орай бір мысал. Біз өзбек мектебін бітірдік. Әдетте, біздің мектептің түлектері Ташкентке оқуға түсетін еді. Ал мен мектептен кейін Жамбыл тері зауытына жұмысшы болып орналастым. Оқысам, қор болмайтынымды, табысқа қол жеткізетінімді де білдім. Жұмыс орнымнан жолдама алып, екі айдан соң Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының (қазіргі таңда – университет) кешкі факультетіне оқуға түстім. Күндіз жұмыс істеп, кешке оқып жүрдім. Ол кезде сырттай оқып жүріп, бригадир, өндіріс шебері қызметіне тағайындалғандар да болды. Бірақ, мен оқуды бітіріп, туған жеріме, аудан орталығындағы тері илейтін өндірістік комбинатта еңбек еттім. Шопандарға тон тігумен айналыстық. Бір жылдан кейін басшылар еңбегімді және қабілетімді бағалап, бригадир, одан кейінгі жылдары аға шебер, жабдықтау және өткізу бөлімінің бастығы қызметтеріне тағайындады. КСРО тарап, нарықтық экономика басталған тұста тағы да қиындыққа кез болдық. Өндіріс орны тоқтап қалды.
– Сол тұста еңбек жолым басқа арнаға бұрылды десеңізші...
– Иә, бала кезімде еңбек еткен Фрунзе атындағы кеңшарға бас инженер болып бардым. Жаңа жұмыстың қыр-сырын меңгеру үшін тыным таппадым. Оқып, іздендім. Ұйымдастырушылық қабілетімізді таныта білдік. Трактор, машина, комбайндардың құрал-жабдықтары, қозғалтқышы туралы кітаптарды оқыдым. Бір механизатор тракторын жөндеп жатса, жанына барып, қалай жөндейтініне қарап тұрдым. «Мен инженермін» демей, жөндеу жұмыстарына кірісіп кететін едім. Соның арқасында ауыл шаруашылығы техникасы орақ науқанына сақадай-сай тұратын. Ұйымшылдықтың нәтижесінде кеңшарымызда еңбек өнімділігі де артып, аудандағы үздік шаруашылықтың біріне айналды. 1996 жылы Сайрам ауданы әкімдігіне шақырды. Аудан басшысы: «Еңбек жолыңды көрдік. Ауыл әкімі болып қызмет атқара аласың ба? Бізге өзіңдей жастар керек», – деді. Маған сенім білдіргеніне рахметімді айтып: «Аянбай еңбек етуге даярмын. Бірақ, бастапқы кезде сіздер де көмектессеңіздер екен», – дедім. Осылайша, Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалдым. Әуелі үш ай әкім қызметін уақытша атқардым. Не керек, ауыл әкімі болып 9 жыл қызмет жасадым. Ол кезде аудан бойынша ауылдың ең жас әкімі едім. Ол бір ең қиын кезең болатын. Үнемі халықтың арасында болып, Елбасының саясатын жеткізіп, олардың ертеңге деген үміт-сенімдерін ояту үшін бар күш-жігерімізді жұмсадық. Ұйымшылдықпен еңбек етсек, барлық қиындықтарды жеңе білетінімізді түсіндірдік.
– Қиындықтарды жеңу үшін қандай істерді қолға алдыңыздар?
– Көп жұмысты асарлатып іске асырдық. Мұсылман қауымында қиналған адамдарға қамқорлық жасау сауапты іс болып саналады. Бұл – өзбекте де, қазақта да бар дәстүр. Асар жасау – халықтық қағида. Елдікті білдіретін іс. Сол тұста біз де асарлатып көп адамдарға тұрғын үй салып бердік. Қаншама мұқтаж адам ел қатарына қосылып, бүгінде бәрі де өсіп-өніп, үлкен бір әулетке айналды. Ауылда 60-тан астам соғыс ардагері болды. Шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы ардагерлерге қолдау көрсеттік. Шағын диірмендер алып, ауылдағы жігіттерге жұмыс та-уып бердік. Мал бағатын орындар аштық. Ет, сүт өнімдері өзімізде өндіріле бастады. Еңбегіміз де жанды, тұрғындардың алғысын да алдық. Осы орайда, Елбасымыздың «Қай қоғамда да адам өз еңбегімен қадірлі» деген сөзі тілге оралып тұр. Еңбектің көзін таба білсеңіз, қоғамға да, елге де қадірлі болатыныңыз ақиқат.
– Өз ұрпағыңызға қандай ақыл-кеңес беріп жүрсіз?
– Балаларыма: «Біз сендерді адал еңбек, маңдай терімізбен тапқан табысымызға бағып келеміз. Сендер де жетістікке еңбекпен жетуге болатынын ұғыныңдар», деп айтып отырамын. Енді бүгінгі таңда ұл-қыздарымыз еңбек етіп, тәрбиелі адам болып шыққандарына қарап, Аллаға тәубе деймін. Қазір немерелерімізге де ізгі тәрбие беруге атсалысудамыз. Елбасының «Тегін дүние мен жатыпішерлік құндылықтардың бәсін түсіріп, еңбектің мәнін кетіреді, адамды босаңсытып, оның өміршеңдігін төмендетеді» деген ой-толғамын әрқашанда есте ұстағанымыз жөн. Сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүрлерімізді, құндылықтарымызды бағалай білуге, мәдениетіміз бен өнерімізді құрметтеуге үйретуіміз керек. Сонда ғана отаншыл, патриот азамат болып қалыптасады. Міне, Мәңгілік елді құратын азаматтар осындай болуы тиіс. Елдің тыныштығы, бүгінгі бақытты заманымыз – бәрі халықтың ерен еңбегінің арқасында жүзеге асып отыр.
– Ерен еңбек демекші, Елбасымыз да еңбек мәселесіне баса маңыз беріп отыр емес пе. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Еңбек адамды тәрбиелейді, жақсылыққа бағыттайды. Еңбек әр адамды болашаққа бастайтын жол десек, қателеспейміз. Елбасының өмір жолына көз салсақ, қаншама қиындықты жеңе білгенін, өз ортасында көшбасшы бола жүріп, болашаққа деген сенімі өте зор болғанын көреміз. Ол жастық шағында Теміртау магниткасында жұмыс жасап, бет қаратпайтын мың градустық пештің түбінде темір балқытып, аянбай еңбек етті. Бір сөзбен айтқанда, Елбасымыз – от пен жалынның ішінде шыңдалған адам. Сол кезде қалыптасқан еңбекқорлық қасиет оны үлкен дәрежеге жеткізді. Мемлекет басшысының өмір жолы – бәрімізге де үлгі-өнеге. Өмірден түйгені мол Елбасының «Еңбек – өмірдің ұстазы. Ерен еңбектің терең сабағын алған сайын елдің әл-ауқаты артып, қуаты күшейе береді» деген тұжырымды ойы бар. Ерді азамат қылатын да, елді дамытатын да еңбек екені Елбасымыздың осы қанатты сөзінен көрініп тұр. Еңбекқор адам бастамашыл келеді. Шынымен де, Елбасының өміршең бастамалары өте көп. Соның бірі – Мәңгілік Ел идеясы. 2050 жылға қарай Қазақстан дамыған 30 елдің қатарында болуы керек. Елбасы мемлекет алдына осындай асқаралы міндет қойып отыр.
– Өзіндік өмір жолыңыздан сыр шерте отырып берген сұхбатыңызға рахмет. Депутаттық қызметіңізде табыс тілейміз.
Әңгімелескен
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»