
Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісу салтанатындағы сөзі
Қымбатты отандастар!
Мәртебелі меймандар!
Ханымдар мен мырзалар!
Бүгін елдің ақжолтай сенімін, абыройлы аманатын арқалаған мен үшін ерекше тебіреніске толы айрықша айшықты күн. Қазақстан халқы Президент сайлауы арқылы бүгінін байыптайтын, болашағын бекемдейтін тарихи таңдау жасады. Сондықтан, маған тағдырын табыстап, ақ киізге қайтадан көтерген, ел тізгінін сеніп ұстатқан ардақты халқыма ақжарма алғысымды айтамын. Біздің жарқын жеңісіміз көшіміздің түзу, көкжиегіміздің шуақты, бағытымыздың дұрыс екенін тағы бір айғақтай түсті. Елдің тілегімен өткен, тағылымы тарихымызға енген сайлаудың нәтижесі – төккен тер, еткен еңбектің бағасы деп білемін. Тәуелсіздік жылдарында мен халқымның бақытты өмірі, баянды болашағы үшін бар қажыр-қайратыммен еңбек етіп келемін. Тағдыры тұтас, тілегі ұқсас Қазақстан халқы осы кезеңде ғасырлық мәні бар ғаламат табыстарға қол жеткізіп отыр. Біз Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасындағы ұлан-ғайыр далада бірлігі бекем, ұлысы ұйысқан, қуатты мемлекет құрдық. Құбылған заманда құбыласынан жаңылмаған Қазақстан дамудың өзіндік даңғыл жолына түсті. Аз уақытта айбыны асқан алаш жұрты әлеуеті асқан, дәулеті тасқан, іргесі берік, беделі зор айдынды елге айналды. Батыс пен Шығысты жалғаған еліміз өркениеттер үндестігінің жерұйық бесігі саналды. Есілдің бойындағы еңселі елордамыз Еуразиядағы байсалды тұрақтылықтың алтын арқауына баланды. Ізгілік нұрын шашқан Астана рухы күллі әлемге бейбітшілік пен келісімнің киелі кілтін ұсынды. Биыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетін Қазақстан осылайша жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Осының бәрі біздің ұрпақтың маңдайына жазылған, пешенесіне бұйырған айрықша бақ екенін сезінуіміз керек. Дегенмен, алдымызда алмағайып заман бар, ұлан асу, белес бар. Ендеше, біз болдық деп босаңсымаймыз, толдық деп тасымаймыз. Тұрақтылық пен татулыққа негізделген сарабдал жолымызды табанды түрде жалғастыра береміз.Құрметті қазақстандықтар!
Құрметті менің отандастарым!
Сіздер мені Қазақстан Республикасының Президенті етіп сайлап, тағы да аса жоғары сенім көрсеттіңіздер. Мен үшін Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Мемлекет басшылығына бүкіл халықтың атынан сайланып, ғажайып көпұлтты Отанымның Көшбасшысы миссиясын жалғастыру үлкен абырой. Мен барлық қазақстандықтарға өткен сайлауда шынайы қолдау көрсеткендері үшін ақ жүректен шыққан ризашылығымды білдіремін. Бұл – бүгінде туған Қазақстанымыз қол жеткізген осындай табысты мемлекет құру жолындағы біздің ортақ еңбегімізге берілген ең үздік баға. Мен еліміздің бүкіл әлемдегі біздің барлық ақ ниетті достарымызға шын жүректен ризамын. Өздеріңіз білетіндей, мен қазірдің өзінде Ресей, Қытай, ТМД мен Еуроодақ, басқа да көптеген елдер басшыларынан көптеген құттықтаулар алдым және бұл құттықтаулар түсуін жалғастыруда. Мен оларды ризашылықпен қабылдаудамын, өйткені, оларда қазақстандықтардың таңдауына ғана емес, сондай-ақ біздің стратегиялық бағытымызға да шынайы қолдаулар бар. Еліміздің барлық түкпірлеріндегі қазақстандықтардан да мыңдаған құттықтаулар түсіп жатыр. Мен барлық отандастарыма осы құттықтауларда айтылған жылы сөздері мен ізгі тілектері үшін ризамын. Мен де барлығына соны, маған тілеген ізгілік пен бақытты тілеймін. Бүгінде Қазақстан бүкіл әлемге халық бірлігі мен мемлекеттік биліктің қуатын көрсетіп отыр. Өткен сайлау, сарапшылардың есептеуінше, ұйымдастырылуы мен демократиялылығы жағынан қазіргі Қазақстан тарихындағы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл Орталық Азиядағы ең озығы болды. Тұрақтылық пен өркендеу бағытына дауыс бере отырып, әр қазақстандық өзінің болашағы үшін, өз отбасының болашағы үшін, елі үшін, Отаны үшін дауыс берді!Құрметті қазақстандықтар!
Бүгінде мен 1991 жылдың желтоқсанында алғашқы бүкілхалықтық сайлаудан кейін халыққа адалдығым туралы ант беріп, жоғары президенттік биліктің регалиясын қабылдағанымды есіме аламын. Сол кезде біздің алдымызда мүлдем басқа міндеттер тұрды. Біз ыдыраған супердержаваның қирандыларында қалған едік. Бізді, бірінші кезекте, халықты қайтсек тамақтандырамыз деген мәселелер толғандырды. Өндірістің құлдырауын, инфляцияны қалай тоқтату керек? Адамдарға еңбекақы мен зейнетақыны уақтылы төлеу үшін ақшаны қайдан табу керек? Өз жерімізді қауіп-қатерлер мен сынақтарға толы күрделі әлемде қалай сақтаймыз? Бізде не өзіміздің валютамыз, не стратегиялық қорларымыз, не өзіміздің жалаңаш қалған шекараларымызды қорғайтын әскеріміз болған жоқ.
Қымбатты достар!
20 жылда біз елді өзгерттік, қазақстандықтардың өмірін жақсарттық. Бірақ әлем бір орында тұрып қалған жоқ. Елдер мен халықтардың алдында жаңа, бұрынғыдан да гөрі күрделі сынақтар бой көтеріп отыр. Төрт тағдыршешті ұғым ХХІ ғасырдағы Қазақстан табысының кілті болып табылады. Олар ЖАҢҒЫРУ, ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ, ИННОВАЦИЯЛАР, ИНТЕГРАЦИЯ. Менің сайлауалды бағдарламамның мағынасы мен елді 2020 жылға дейін дамытудың Стратегиялық жоспарының мәні де дәл осында. Жаңғыру – менің мемлекеттік саясатымның басты өзегі. Халықтың әл-ауқаты – ел дамуының негізгі шарты. Инновациялар мен ғылыми жаңалықтар ХХІ ғасырда Болашаққа деген секірісті айқындайтын болады. Қазақстан батыл инновациялар өмірге жолдама алып, ғылыми зертханалар мен қазіргі заманғы өндірістерде тән мен қанға ие болатын елге айналуы тиіс. Ол үшін біздің бүгіннен-ақ «жүз абсолютті инновацияларды» іздеуге кірісуіміз қажет. Үкіметтің, барлық министрліктер мен ведомстволардың, өңірлердің алдына осындай міндет қойылды. Біз олардан неғұрлым перспективалы он жобаны іріктеп алып, оларды таяудағы он жылда жүзеге асыруға назар аударатын боламыз. Осының бәрі Қазақстанның қуатты алға жылжуы үшін тірек болуға тиіс. Бұл елдің дамуын айқындайтын ұлттық инновациялық тапты қалыптастырудың кілті. Үшінші онжылдықтың басына таман біз Қазақстанның әлемдегі индустриялық дамыған елдердің қатарына қосылуы үшін барлық жағдайларды жасайтын боламыз. Осы арқылы біз тарихи «Қазақстан-2030» Стратегиясын салтанатты түрде аяқтаймыз. Біз одан арғы онжылдықтарға, біздің балаларымыз бен немерелеріміз орындайтындай және біздің олар үшін осындай қуатты базаны құрғанымызды еске түсіретіндей, бұрынғыдан да гөрі асқақ жоспарларды әзірлеуге кірісеміз. Интеграция мен бүкіл әлемге ашықтық – біздің саналы таңдауымыз. Ресеймен және Беларусьпен бірлесіп, біз Кеден одағын дамытамыз, таяу жылдарда Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыру үшін жұмыс істейміз. Біз Қытай Халық Республикасымен өзара тиімді қызметтестікті кеңейтуге ниеттіміз. Қазақстан Америка Құрама Штаттарымен және Еуропа Одағы елдерімен стратегиялық әріптестікті нығайтуды көздейді. Біз өзіміздің орталықазиялық көршілерімізбен және түркі елдерімен неғұрлым тығыз өзара ынтымақтастықта боламыз. Қазақстанның биылғы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы аясында біз мұсылман әлемімен ықпалдастықты кеңейте түспек ниеттеміз. Орталық Азиядағы қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін арттыру Қазақстанның ЕҚЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ және ҰҚШҰ қызметіне белсенді қатысуымен, сондай-ақ НАТО-мен әріптестікті кеңейтумен байланысты.Қымбатты достар!
Мен Қазақстан ұлтының тұрақтылық пен өркендеу жолын табысты жалғастыратынына сенемін. Біздің болашақ жеңістеріміздің ұлттың ары мен ожданын құрап, еліміздің қуатын арттыратынына сенімім мол. Бүгінде Қазақстан өз алдына жоғары мақсаттар қойып, оларға қол жеткізуге қабілетті, өршілдігі күшті мақсаткер ел. Біз оны дәлелдедік. Біз оны тағы да дәлелдейміз. Мен Қазақстан халқына сенемін, еліме сенемін!Құрметті халайық, қадірменді қонақтар!
Ықылас білдірген ардақты әлеумет!
Халқымызда «Көп тілегі – киелі, жұрттың сөзі – уәлі» деген дана сөз бар. Мен жаңа ғана Қазақстан Президенті ретінде ата-бабаларымыздан қалған ақ киіздің үстінде тұрып, салтанатты түрде ант бердім. Менің айнымас антым – аманатқа адалдықтың, сенімге серттің белгісі! Ақжүрек жұртымның қалтқысыз сенімі қашанда маған орасан зор жауапкершілік жүгін міндеттейді. Мен үшін ел үмітін ақтағаннан, жұрт сенімін сақтағаннан асқан бақыт жоқ. Менің сайлаудағы бүгінгі жеңісім – халқымның ынтымақ-бірлігінің мәуелі жемісі. Халқымның қолдауы маған сарқылмас күш-жігер береді. Біздің бағдарымыз – айқын, ендеше, болашағымыз – жарқын! Біз кемел келешегіміздің берік іргесін бірге қалаймыз! Баршаңыз білесіздер, біз тәуелсіздік жылдарында бар игілікті істі жарқын болашақ үшін жасаудамыз. Сондықтан, сайлауда болашағымыз – жастардың белсенді түрде маған дауыс бергені мені ерекше тебірентеді. Таяуда мен Нарғыз Иманғазы деген астаналық бүлдіршін ақын қыздың жыр жолдарын тыңдадым. Онда былай деп жазылған: Тәуелсіздік, атың қандай киелі! Сені қорғау – әр қазақтың парызы, Әр қазақтың сен деп соғар жүрегі! Тәуелсіздік – қандай ғажап бұл ұғым! Осындай тәуелсіздіктің қадірін жете сезінетін отаншыл, мемлекетшіл жастардың өсіп келе жатқаны мені қуанышқа бөлейді. Біздің тамырын тереңге тартқан мәңгілік ұлы мұратымыз бар: Ол – тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, елдігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету! Елімді төрткүл дүниеде терезесі тең еңселі жұртқа, абыройы асқан айбынды елге айналдыру – менің өмірлік өршіл мұратым. Сондықтан, мен күш-қуатым барда, тәжірибем барда тілегі бір елдің тірегі болып қызмет ете беруге қашанда дайынмын. Әрбір қазақстандықтарға, әр отбасыға, әрқайсыларыңызға шын жүрегіммен құрмет, ақ ниетіммен зор денсаулық тілеймін. Ел-жұртымыз аман болсын, әр жанұяда бақыт пен береке орнықсын. Баршаңызға зор рахметімді айтамын! Маған көрсетілген қанат бітіретін осындай сенім үшін қазақстандықтарға зор адами алғысымды айтқым келеді. Әрине, мен күш-жігерімді аямай жұмыс істейтін боламын. Мен баршаңызға мықты денсаулық, барлық игіліктерді, тыныштық, отбасындағы сәттілікті, достықты, біздің көпұлтты елімізде бітім мен тұрақтылық тілеймін. Жақсылықтар мол болсын, қымбатты отандастар!