Алғашқы алтыннан айналдық!


Жанбота мен Бағланның бағы жанған сәт
Бәріміз жақсы көретін, аты аңызға айналған Медеудің құдіреті болар, ер жігіттер 5 мың шақырымдық қашықтыққа конькимен жолға түскен осынау сындарлы сәтте Алатаудың Талғар жағынан тағы бір жүрекжарды қуанышты жаңалық келіп жетті!!! Фристайлшы сұлуымыз Жанбота Алдабергенова сөзінде тұрды, ағайын! Оның кешегі қола алғанда толқып тұрып: «Алдағы командалық сайыста қателік жібермеуге тырысамын», деген уәдесі орындалды. Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек тандемі қоржынымызға екінші алтын медальды салды. Жағаласқан қытайлық қос команда да артта қалды... Бұл күн бар жақсы жаңалық биік таудағы «Медеу» спорт кешеніндегі баспасөз орталығына келіп тоғысқан күн болды! Атыңнан айналайын, Алатау! Атыңнан айналайын, Медеу! Алайда, атақты Медеу бүгін бізге бір ғана медаль сыйлады. Өкінішке қарай, ерлер арасындағы 5 мың метрлік қашықтықта сайдың тасындай кіл ірі жігіттеріміз жүлдесіз қалды. Бұл аламанда бірінші болып италиялықтар мәреге жетті. Жапондар екінші, Австрия спортшылары үшінші болып мәре сызығын қиды. Спортшылар киім ауыстыратын залда Универсиада өткізуші дирекцияның жетекшісі Наиль Нұровпен кездестік. Бүгінгі Алатаудағы жапалақтап жауған қардың спортшыларға қаншалықты қиындықтар туғызғаны жөнінде сауал тастадық. – Таңғы сағат 9.00-де Шымбұлаққа түскен қардың қалыңдығы 50 сантиметрге жетті. Тоқтаусыз жауып тұрды. Жарыс шарттарына сай мұндай жағдайда бәсеке тоқтайды, – деді Наиль Фаридұлы. – Сол себепті де Шымбұлақта өтетін әйелдер кросы ертеңге ауыстырылды. Сноубордтан жарыс екі сағатқа шегерілді. Шаңғы жарысы мен биатлонға қатысушы спортшыларымызға да жапалақтап жауған қардың тигізген әсері аз болмады. Ертең күн ашылуы тиіс... Универсиаданың екінші күнін Қазақстан спортшылары 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медальмен – жалпыкомандалық есепте екінші орынмен аяқтады. Медеудің аспанынан алтын жауатын күндер алда. Үмітімізді үзбейік! Өйткені, конькишілеріміз ертең, бүрсігүні, оның арғы күні... өзіміздің Медеуде тағы да бақ сынайды, күш көрсетеді...Медеудің қары тізеден...
Қола медальды қомсынбаймыз
...Ысқырық естілісімен әйелдер арасындағы конькимен 1500 метр қашықтыққа жүгіруден жарыс басталып кетті. Қазақстанның намысын 12 спортшы қыздарымыз қорғайды. Олардың арасында атақты Екатерина Айдова, Надежда Сидельник, Татьяна Климук, Мария Сизова және басқалары бар. Құстай ұшқан қыздарымыздың дәл бүгін рекорд жасайтынына сенейік! Медеудің рухы қайта көтерілгендей! Міне, қыздар арасындағы екінші жұп сапқа тұрды. Әзірге жеңімпаздық көрсеткіш жоқ... Айтпақшы, дәл осы сәтте Универсиада-2017 баспасөз орталығынан ауа райының қолайсыздығына байланысты Медеудің иығындағы «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешенінде тау шаңғысы комбинациясына кіретін әйелдер арасындағы супергигант жарысы кейінге шегерілгені туралы хабар түсті. Сондай-ақ, төпелеп жауған қар Универсиаданың символындай болған «Сұңқар» атаулы трамплинде де қос сайыс түріндегі биіктіктен секіру жарысын тоқтатыпты. Әйгілі «Алатау» спорт кешеніндегі биатлон мен шаңғы жарысының өту уақытына өзгертулер енгізілуі мүмкін екен. Соған қарамастан, иә, соған қарамастан... рекордтар ұстаханасы саналатын биік таудағы «Медеу» мұз айдынының жиегінде тұрып, жанымызға жағымды жаңалық естідік. Универсиаданың алғашқы күні Қазақстан қоржынына бірінші болып қола медаль салған шаңғышы Анна Шевченко тағы да жүлдегерлер қатарынан көрінді дейді! Бүгінгі 5 шақырымдық еркін стильдегі әйелдер арсындағы өткен жарыста 13:51,0 көрсеткішімен дараланған шаңғышы қызымыз екінші рет қола медаль ұтып алды. Бұл жолы да кешегі басты қарсыластар – ресейліктер Анна Нечаевсая мен Лилия Васильева алтын мен күмісті қолдан алып кетті. Назар аударарлығы сол, бүгін алтынды – Лилия, күмісті – Анна алды. Бейнебір, ресейлік шаңғышы қыздар өзара алдын ала ақылдасып алғандай-ақ... Жарайды, өзіміздің Аннамызға құтты болсын айтайық! Әр жарыс медальсіз емес, әйтеуір... әзірге! Үмітіміз – рекордтар ұстаханасы атанған Медеуде!!! Медеудің мұзының үстінде конькидің табанынан от ұшқындай бастады. Жарыс қызды. Міне, айтып ауыз жиғанша болған жоқ, әйгілі конькишіміз Екатерина Айдовамыз 1500 метрлік қашықтықта жүлделі үшінші орынға шығып бәрімізді бір марқайтып-ақ тастады. Катяның көздегені одан да биік еді! Алайда, бүгінге – осы. Әйелдер арасындағы жарыс қас пен көздің арасында аяқталды да қалды. «Медеудегі» алғашқы медаль! Қазақстанның 5-ші медалі... «Медеу» спорттық кешенінің мұз айдынында да, айналасында да қарбалас тірлік қайнап жатты. Үстіне үйме-үйме қар тиген ауыр көліктер төмен қарай құлдилап кетіп жатты. Қар жауғанын тоқтатар да емес. Алматының Төтенше жағдайлар департаменті де «қалғымай», Алатауда қар көшкіні жүретіні туралы суық хабарды қайта-қайта SMS хабарламамен жолдаудан жалығар емес. Сағат 13.00-де басталатын 5 мың метр қашықтыққа жүгіретін конькиші жігіттердің бәсекесі табиғаттың құбылуына байланысты 14.45-ке шегерілді. Медаль күтіп отырмыз... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ