26 Қаңтар, 2017

Кабананга кезекті рет матчтың үздік ойыншысы атанды

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
kabananga Sport360.com сайты футболдан Африка ұлттар кубогы-2017 турнирінде Конго Демократиялық Республикасы мен Того құрамалары арасындағы үздік ойыншыны таңдады. Бұл туралы sports.kz хабарлады. Бұл мәртебеге кезекті рет «Астана» футболшысы Кабананга Жуниор ие болды. Ол Того қақпасына соғылған үш голдың бірін өз еншісіне жазған. Бұған дейін ол Марокко ұжымына қарсы ойында жеңісті голды соққандықтан кездесудің үздігі атанған. Аталмыш турнирде барлығы үш голдың және бір нәтижелі пастың авторы атанған ол сұрмергендер тізімінде көш бастап тұр. kabananga 2 Алғашында бас бапкер Флоран Ибенже оны турнирге қатысатындардың тізімінен шет қалдырса, букмекерлер оған мүлдем үміт артпаған еді. Алайда, қазір Bet365.com букмекерлік кеңсесі оған 2,5 коэффициент беріп, турнирдің бомбардирі атанады деп сеніп отыр. Ал «Ливерпульде» үздіктердің бірі болып жүрген сенегалдық Садио Мане 4 коэффициентпен екінші орында тұр. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша Кабананга үздік құраманың қатарына енді. kabananga 4 Африка кубогында мергендігімен көзге түсіп жүрген форвард жайлы әлемнің бірнеше ақпарат құралдары жарыса жазуда. «Бельгия үшін бұл турнирдің сұрмергені таңсық ойыншы емес. «Андерлехт» сапында доп тепкенін білетіндер бар. Бірнеше рет гол соққанмен, жарақаттарының салдарынан бойындағы талантын аша алмады. Дегенмен, қазақстандық команданың еурокубоктық ойындарға шығуына септігін тигізгенін естен шығармайық. Өткен маусымда «Атлетико», «Бенфика», «Галатасарай» сынды алпауыт командалармен күш сынасқан», – деп жазды DHnet.be сайты.  «Астана» ойыншысы Бельгия жерінде 2010-2015 жылдары ойнаған. 2010-2013 жылдары «Андерлехтте» небәрі 7 матч өткізгеннен кейін «Беерсхот» және «Руселаре» командаларына жалға берілді. Ал 2013-2015 жылдары «Серкль Брюггеде» ойнаған соң Қазақстанға көшіп келді. Айта кетейік, Африка ұлттар кубогының ширек финалында Кабананганың командасы 28 қаңтарда Гана құрамасына қарсы өткізеді.