Театрдың көркемдік келбетін режиссер анықтайтын кезең әлдеқашан туған. Өйткені, эстетикалық қана емес, мазмұндық тұрғыдан да қойылымға тұтастай төңкеріс жасайтын негізгі күш – режиссерлердің қолында. Егер ХХІ ғасырдағы заманауи театр өнері талаптары тұрғысынан қарайтын болсақ, қазір тек қана құрғақ сөзді тірек етіп қойылым қою жаңалық болудан әлдеқашан қалған. Бүгінде театрдың синтетикалық өнер ретіндегі рөлі алға шықты. Көрерменді таңырқататын жаңалық ұсынбасаң, театрға өз еркімен табан тірей қояр жастар саусақпен санарлық. Себебі, қазіргі ғылыми техниканың қарыштап дамыған ғасырында, спектакль арқылы ақыл айтып, пәлсапа соғып отыруды уақыт та, сахна заңдылығы да көтермейді. Әлемдік театр үрдісінде сахна – шығармашылық қиял қарымын таразыға тартып, сынға салатын талғам барометріне айналған. Сондықтан да, театрда қарабайыр ойлап, қарапайым тіршілік кешуге титтей де орын жоқ. Қазір тәжірибенің ғасыры. Ал сахна жүктеген бұл талапқа біздің театрлар дайын ба?.. Ойланатын сұрақ! Себебі, әлі де ескіліктің елесін талғажау етіп, әлемдік театр мәдениеті ұсынған заманауи жаңалыққа үрке қарайтын театрлар арамызда жетіп артылады, өкінішке қарай. Бұл – әсіресе облыстық театрларға қатысты түйткіл. Арғысы – Германия мен Ұлыбритания, Италия мен Мажарстан, бергісі – Ресей мен Украина, Башқұртстан мен Татарстан театрларының заманауи өнер кеңістігін бағындырудағы жетістіктерін салыстыра сараптар болсақ, біздің облыстық театрлардың әлі де үлкен, жан-жақты ізденіске зәрулігін байқауға болады. Инкубатордан шыққандай біркелкі, динамикадан жұрдай, суреткерлік қиялға кедей бірсыдырғы қойылымдармен тым жиі жолығысуымыз да осы – «өз қазанымызда өзіміз қайнаудың» салдарынан туындаса керек. Иек астындағыдан өзгені көруге құлықсызбыз. Өнерге деген өлермендік, қиял ұштауға деген қанағатсыздық жетіспей жатыр. У.Шекспир мен Б.Брехтқа, Ж.Б.Мольер мен А.Чеховқа ұмтылып, классика арқылы өнерде төңкеріс тудыруға деген талпыныс құптарлық. Алайда, «тау қопарамыз» деп жүріп, адам жүрегіне жол салар қарапайым ғана шынайылықты ұмыт қалдырып алатындығымыз өкінішті. Себебі сол болса керек: спектакльге барамыз, селт етпей үйге тарқасамыз... Егер көркемдік кілтін тауып, өзегіне бойлай алмаса, сахна үшін Шекспир де бір, сөреде сонымен қатарлас тұрған өзге ортаңқол шығарма да бір. Театрдың құдіреті сол – қиял мен шынайылықты қатар ұштастыра отырып, өмірдің өзіндей өнер тудыруда. Міне, бүгінгі қазақ режиссурасындағы ізденістің кемшін түсіп жатқан бір қыры осында. Осыдан біраз уақыт бұрын елорда театрларының арнайы шақыруымен Якутиядан Сергей Потапов есімді саха режиссері келіп, Астананың қос бірдей театрында спектакль қойды. Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында А.Чеховтың әйгілі «Шие бағы» комедиясын алып, бүгінгі қазақ қоғамының боямасыз бет-бейнесін көрсететін мозайка түзуге тырысты. М.Горький атындағы академиялық орыс драма театры сахнасында қойылған С.Баранованың «Пробуждение» трэш-драмасы да Потапов тәжірибесінің суреткерлік салмағын жаңаша белеске көтерді. Сахнадан біз кітап арқылы жақсы таныс А.Чеховтың «Шие бағын» емес, тамырынан ажырап, ұлттық құндылықтарын құрдымға жіберудің аз-ақ алдында тұрған қазақ қоғамының шынайы болмысына куә болдық. Аядай сахна мен санаулы реквизитті бірнеше планда ойнатуға болатындығына көз жеткіздік. Тау боп қаланған декорация емес, актердің ішкі жан шырылы сахнаны әлдеқайда көріктендіре, салмақтандыра түсетініне тағы бір мәрте иландық. Мұндай ізденіске барып жүрген төл режиссурамызда да қадау-қадау жұмыстар баршылық. Адам жанын ақтарып, қатпар-қатпарын кезе отырып өнер тудыруда Нұрқанат Жақыпбай, Мұқанғали Томанов, Асхат Маемиров, сондай-ақ, Дәурен Серғазин, Дина Жұмабаева сынды жас режиссерлердің де жұмыстарын айрықша атап өткіміз келеді. Мәселен, Нұрқанат Жақыпбайдың Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсы мен У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын сахналаудағы суреткерлік ізденістері қазақ көрермені ғана емес, алыс-жақын шетелдік театр мамандары мен көрермендерін де тәнті етіп жүр. Өнерді эстетикалық көркемдік талап биігінен тарқатуға тырысып жүрген Дина Жұмабаеваның сахнаны оқу сұңғылалығы бүгінгі біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған өнердегі сұлулық пен шынайылық һәм бейнелілік талаптарына толықтай жауап береді. Жақында «А.И» театры сахнасында тұсауы кесілген Ж.Расиннің «Федра» қойылымы жоғарыдағы ойымызды қуаттай түсетіндей. Назерке ЖҰМАБАЙ, өнертану ғылымдарының магистрі
Мамыр айында ел тұрғындары неше күн демалады?
Қоғам • Бүгін, 17:51
Әлемдік сарапшы Кай-Фу Ли Алматыда ЖИ бойынша сабақ өткізді
Жасанды интеллект • Бүгін, 17:30
Филиппинде Майон жанартауы атқылады: 5 000-нан астам адам эвакуацияланды
Әлем • Бүгін, 17:02
Еуропада қазақстандық көмірге сұраныс артты: Экспорттық баға көтеріліп жатыр
Экономика • Бүгін, 16:33
Сүйінші: Қазақстандық триатлоншы Олимпиада жолдамасын жеңіп алды
Спорт • Бүгін, 15:51
Елордадағы LRT құрылысы: Қосшы бағытындағы жұмыстардың жай-күйі белгілі болды
Оқиға • Бүгін, 15:37
Тоқаев жаңа құлынға Ақниет деп ат қойды: Президент тұлпарлардың күтімін көрді
Президент • Бүгін, 15:09
Дональд Трамп Иран ұсынған 14 шарттан тұратын жоспарға күмән келтірді
Әлем • Бүгін, 14:50
ОПЕК+ мұнай өндіру көлемін арттырмақ
Экономика • Бүгін, 14:33
Ветеринарлық чип қосылған самса: Алматыда танымал дәмханадағы жағдай жұртты шошытты
Оқиға • Бүгін, 14:09
Тұрар ауылындағы жаппай төбелестің видеосы тарады
Оқиға • Бүгін, 13:46
Астаналықтар назарына: Павлодар бағытындағы айналма жол 13 мамырға дейін жабылады
Оқиға • Бүгін, 13:04
10 маусымға дейін үлгеріңіз: Президент сыйлығы мен грантына құжат қабылдау басталды
Оқиға • Бүгін, 12:41
Полицейлерді роботтар алмастыра ма? Қытай көшелеріне «темір сақшылар» шықты
Әлем • Бүгін, 12:19